29 Қаңтар, 2014

Қайдасыңдар, қазақ балуандары?

880 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

01-КуресКүрес түрлерінен әлемде Қап тауының жігіттерінің алдына түсер ешкім жоғын қазір екінің бірі мойындайды. Бүгінде дағыстандықтар мен осетиндерді, шешендер мен ингуштарды Ресей құрамасын былай қойғанда кемі оншақты мемлекеттің ұлттық құрамаларынан кезіктіресің. Тау халқының өкілдері қазақ жігіттерінен мықты дегенге намыстанасың. Иә, Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ұрпақтары кавказдықтардың алдында қауқарсыз болып тұр. Намыстансаң да, ызаға булықсаң да бүгінгі шындық осы.

 

Күрес түрлерінен әлемде Қап тауының жігіттерінің алдына түсер ешкім жоғын қазір екінің бірі мойындайды. Бүгінде дағыстандықтар мен осетиндерді, шешендер мен ингуштарды Ресей құрамасын былай қойғанда кемі оншақты мемлекеттің ұлттық құрамаларынан кезіктіресің. Тау халқының өкілдері қазақ жігіттерінен мықты дегенге намыстанасың. Иә, Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ұрпақтары кавказдықтардың алдында қауқарсыз болып тұр. Намыстансаң да, ызаға булықсаң да бүгінгі шындық осы.

01-Курес

Біздің жазғыш ағайындарда фактіге сүйенуден гөрі эмоция басым болып келеді. «Қазақтың жігіттері күреске мықты» деген ұғымды санаға сіңдіріп жіберген де солар. Кешегі Кеңес Одағы орнағанға дейін ата-бабаларымыз палуан болса расында да болған шығар, ал, одан бергі жерде әлем қазақтың палуандығын кем мойындады десек, мұнымызға ешкімнің өті жарылып кетпес.

Өзгелер «қане, кімің бар?» десе, күресте ауыз толтырып айтатын тұлға­ларымыз екі қолдың саусағынан әрең асады. Оның өзінде... көпшілігін қазақ іші мақтаныш тұтқанымен былайғы жұрт біле бермейді. Әрине, алдымен аузымызға Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Амангелді Ғабсаттаров ағаларымыздың есімдері оралады. Сөз жоқ, тамаша балуандар. Алайда, жетістіктері, бағындырған биіктері Одақ көлемінен аспайды. Иә, қазір Сіз «ол кезде жағдай солай еді ғой, бодан ел болдық, орталықта отырғандар қазақтың жігіттерінің көтерілгенін қаламады» деп таласа кетуіңіз мүмкін. Сізбен келісуге даярмыз. Алайда, орталық аз ұлттардың қайсысының бағы асқанын қалапты?! Олар жалғыз қазақты ғана тұқыртқан жоқ, өздерінен басқаның бәрін де тұқыртты ғой. Қап тауының жігіттері сөйтіп отырғанда-ақ топ жармады ма?! Айдай әлемге өздерін сол кездің өзінде-ақ мойындатпады ма?! Әли Әлиевтеріңіз әлем чемпионатында сол кездің өзінде-ақ бес рет топ жарып еді ғой. Олимпиаданы екі рет ұтқан Сослан Андиевке оңай болды деп кім айта алады?! Командор Маджидовтың орнына соған сәл лайықтау бір орыс балуаны табылғанда Сеулге сол тартып кететін еді ғой. Орталықтың оларға емешегі үзілмегенін елдің бәрі біледі. Бірақ, олар барлық қарсыластарын тырп еткізбей, өздерін мойындата білді. Өкінішке қарай, біз өзімізді Мәскеуге дағыстандықтар секілді мойындата алмадық. Демек, біздің балуандығымыздан олардың балуандығы мықты болып тұр ғой.

Қазақ ұландарынан Олимп биігін бағындырған екі-ақ балуан бар. Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіров. Екеуі де кешегі Кеңестер Одағының құрамында жүргенімізде топ жарды. Ол кезде де анық күштінің жолын ешкім кесе алмайтын. Сіз ешкімді шақ келтірмей бара жатсаңыз, амал жоқ, құрамаға сізді тартатын. Бұл сөзімізге нақты мысал деп Шәміл Серіковті атауға болады. Қандасымыз одақтағы қарсыластарының бәрін айқын жеңді. Айқын жеңбесе құрамаға қабылданбайтынын білді. КСРО құрамасының бапкерлері Шәмілді жаны қаламаса да құрамаға қабылдауға мәжбүр болды. Әлем чемпионатын қатарынан екі рет ұтқан ол кейін Мәскеу Олимпиадасында топ жарды.

Көріп отырсыздар, екі балуан да Олимпия Ойындарында Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанға дейін топ жарған. Ол «бізді құрамадан шеттететін» деген уақыт. «Тәуелсіздіктің зары өтті ғой» дейтін уақыт. Сөйтіп отырғанда екі қазақ топ жарып отыр. Ал, өз қолың өз аузыңа жетіп, Олимпия ойындарына дербес мемлекет болып қатысып отырған жиырма жылда бұл спорт түрінен қай қазақ ұланы топ жарыпты?! Дәулет Тұрлыхановтың 1988 жылғы күмісі де КСРО қоржынына түсті. Рас, даңқты балуан келесі Олимпиадада да жүлдесіз қалған жоқ. Бірақ, бұл жолы да бұйырғаны алтын емес, қола болды. Қазақ жанкүйерлерінің алтын аңсағанына бүгінде отыз жылдан асыпты. Олардың көңілін Дәулет пен Бақтияр Байсейітовтің әлем чемпионаттарында топ жарғаны да аулай қоймағаны анық. Грек-рим, еркін күрес деп бөлмей-ақ қоялық, Мәулен Мамыровтың, Нұрбақыт Теңізбаевтың, Әсет Мәмбетовтің, Ақжүрек Таңа-таровтың жүлделері бұл спортшылар үшін үлкен жетістік екені даусыз, алайда, жанкүйерлер үшін дәтке қуат қана. Бас жүлдені қандай жүлде алмастыра алуы мүмкін?!

Әділін айту керек, бүгінде Қазақ­станда күрестің насихаты қай-қай спорт түрінен де кем емес, күреске назар аудармайтын спорттық басылымдар жоқ. Күрестің айналасында жүргендер спорт шенеуніктеріне де ренжи алмайды. Балуандар барамын деген оқу-жаттығу жиынына барады, қатысамын деген турниріне қатысады. Оларды ешкім қаражаттан қысып отырған жоқ. Қарсыластарын қиратып бара жатса төрешілердің де қысастық жасамайтыны анық. Себебі, Дәулет Тұрлыханов халықаралық күрес федерациясының мүшесі.

Олимпиада бағдарламасына енетін дзю-до күресіндегі жағдай еркін күрес пен грек-рим күресіндегі жағдайдан да күрделі. Әлгі екі күрес түрінде біз күміс пен қоланы місе тұтпай отырсақ, Лондон Олимпиадасына дейін дзю-додан «осы жүлдеге ілінеді-ау» деген қазақты табудың өзі қиын болды. Атақты Бекет Махмудовты дзю-доға әкелгенде «нәтиже осы Лондон Олимпиадасында болады» дегенбіз. Қайдан?! Махмудовтың менеджерлігі дзю-доға жүрмеді. Дзю-до бокс емес екен.

Қазақ жанкүйерлері Лондон Олим­пиадасынан ерекше үміт күткен. Олимпиадаға дейін Нұрмахан Тінәлиев ұлт қаһарманы ретінде дәріптелді. Дархан Баяхметов, Дәурен Жұмағазиевтердің де жарнамасы жаман болған жоқ. Бірақ, бұл балуандардың да ешқайсысы көпшілік күткен нәтижені көрсете алмады.

Тағы бір айта кетер мәселе, кешегі Талғат Ермегияевқа дейін министр орынтағында екі бірдей балуан отырды. Алайда, Дәулет Тұрлыханов отыр­ғанда грек-римшілер, Темірхан Досмұхамедов отырғанда дзю-до­шы­лар жарқырай алмады. Есесіне «минис­трлікте ешкімі жоқ» боксшылар соңғы бес Олимпиадада да алтын олжалады. Нақтысы, Қазақстан тәуелсіздік алып, Олимпия ойындарына дербес мемлекет болып қатысқалы олар алты рет топ жарыпты. Алты алтынның бесеуі қазақ ұландарының еншісінде. Боксшылар осынау алты алтыннан бөлек, бес күміс, алты қола медальді тағы олжалапты. Міне, сізге мықтылық, міне, сізге нәтиже!

Қазақ балуандары Лондонда күткен­дегіден төмен нәтиже көрсетті дедік. Әсіресе, дзю-дошылар сенімді ақтамады. Бұл жерде де назар аударатын фактілер жеткілікті. Мәселен, дзю-до құрамасының тізгінін Пекин Олимпиадасынан кейін Ербол Қырғызбаев ұстаған. Кезінде өзі де жаман күреспеген Ербол ә дегеннен-ақ өзінің қарымды бапкер екендігін аңғартты. 2009 жылы оның шәкірті Максим Раков әлем чемпионатында топ жарды. Сосын... Сосын ҚР дзю-до федерациясы бас бапкерді ауыстыру туралы шешім қабылдап, Ербол Қырғызбаевтың орнына Асхат Житкеевті тағайындады. Не үшін? Ол арасын ешкім тап басып анық білмейді. Елдің білетіні Житкеевтің кезінде отандық дзю-дошылардың бір де бір рет жарқырап көрінбегендігі. Кешегі Лондон Олимпиадасында олар тіпті жер қылды. Қазақстандық дзю-дошылардың төрт жылда бір келетін дүбірлі додаға шамадан тыс шаршап барғандығы мамандарды былай қойғанда қарапайым жанкүйерлерге де айқын білініп тұрды. Демек, бапкерлер спортшыларды зорықтырып апарған. Біздің дзю-дошылардың көзінде от жоқ, күресудің орнына татамиден тұра қашқысы келетіндей әсер қалдырады. Дзю-дошылардың жігерсіз күрескендігін Олимпиада аяқталған соң федерация басшылығы да мойындады-ау деймін, «бап­керді ауыстырамыз, бәлкім маманды шетелден алдыртатын шығармыз» деді. Бұл сөз А.Житкеевтің жұмысына берілген баға еді. Тек түсініксізі осынша тәжірибесіз бапкерді федерацияның бақандай үш жыл ұстағаны. Біздіңше, Асхат Житкеев сыр бере бастағаннан ке­йін-ақ ештеңені күтпей бұрынғы нәтижелі бапкерге қайта қолқа салу керек еді. Оны біреулердің амбициясы үшін емес, Қазақстан дзю-досы үшін істегенде Лон­донда төмен қарап отырмаған болар едік.

Сонымен, «қазақ күреске мықты» деген сөз ақиқатқа қаншалықты жақын? Осы әңгімені айтып жүрген ағайындарды қолдай кетейік десек, халықаралық ареналардағы нәтижелеріміз әлгін­дегідей. Сан жағынан бізден әлдеқайда аз Қап тауы жігіттерінің нәтижесін тағы көріп отырмыз. «Күреске нашармыз» деуге намыс жібермейді. Енді не істеу керек? «Күреске көңіл аударылмай жатыр» дегенді ешкім айта алмайды. Ендеше, қазақ балуандарының намысын ояту ғана қалды. Бұдан басқа жолды көріп тұрғанымыз жоқ.

Абай БАЛАЖАН,

«SKIFNEWS.KZ» онлайн-газетінің бас редакторы.

АСТАНА.

Соңғы жаңалықтар