Әлем • 12 Қыркүйек, 2021

Шұжықтан шыққан шу

363 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Брексит» аяқталғанымен, оның мәселелері бітер емес. Таяуда Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы қарт құрлықта қайта қызу талқыға түсті. Бұл жолғы даудың басы – шұжық.

Шұжықтан шыққан шу

Мәселе мынада. Ұлыбритания 2015 жылы елде референдум өткізіп, Еуро­палық одақтан шығу мәселесін халықтың талқылауына ұсынған еді. Дауыс беру нәтижесінде қарт құрлықпен қоштасамыз дегендер басым шықты. Сөйтіп, ағыл­шындар ЕО-дан шығуға кірісті.

«Брексит» деп аталған бұл процесс ұзаққа созылды. Өйткені пәленбай жыл етене араласып кеткендіктен, Ұлы­бри­тания мен Еуропалық одақтың байланысы терең еді. Оның бәрін реттеу, мәмілеге келу оңайға соқпайтыны түсінікті. Ақыры, 2021 жылғы 1 қаңтарда Ұлыбритания ресми түрде Еуропалық одақпен қоштасты. Әйтсе де, шешілмеген мәселе көп еді. Мысалы, «Брекситте» жиі талқыланып, ортақ мәмілеге келу қиынға соққан түйткіл – Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасындағы шекара.

Бұл түйіннің күрделі болғаны соншалық, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Еуропаны қайта шулатқан шұжық шуы да осы шекараға байланысты. Өйткені олардың бірі – Одақ құрамындағы тәуелсіз мемлекет, тағы бірі Ұлыбританияның әкімшілік аймағы ғана. Бірақ екі елдің арасындағы шекара құжат жүзінде ғана. Әйтпесе, халықтың ауылы аралас, қойы қоралас болып кеткелі қашан!

Мысалы, дәл шекарада орналасқан елді мекеннің британиялық жағы Белку, ал ирландиялық жағы Блэклайон ауылы деп аталады. Екі ортаны Белку өзені бөліп жатыр. Ауылдың тұрғындары да көп емес. Белкуде бес жүзге жуық, Блэклайонда үш жүзге жуық адам бар. Елді мекендегі жалғыз ет дүкені ирландиялық тарапта орналасқан. Ал шаштараз, шаруашылық дүкені Ұлыбритания аумағында тұр. Тұманды Альбионда мұндай елді мекендер жетіп артылады.

Бұл түйткілді оңтайлы шешу үшін Еуропалық одақ та, Ұлыбритания да «Белфаст келісімін» сақтауға талпынды. Естеріңізде болса, XX ғасырдың екінші жартысында Ирландия аралында қақты­ғыс өрті өршігені белгілі. Таразының бір басында Ирланд республикалық армия­сы (IRA) Ирландияның бірігуі және бри­таниялық басқаруды тоқтату үшін күрессе, келесі жағында Ұлыбритания қарулы күштері мен лоялистер тұрды. Қақтығыстың өршігені соншалық, адам ұрлау, партизандық соғыс, кек қайтару күнделікті жағдайға айналып кеткен-ді. Шиеленісті реттеу үшін 1998 жылы «Белфаст келісіміне» қол қойылды. Соған сәйкес екі тарап та қарулы қақтығыстарды тоқтатып, 30 жылға созылған текетіреске нүкте қойды.

Тараптар осы келісімді сақтап қалу үшін «Брексит» аясында «Солтүстік Ирландия протоколына» қол қойған-ды. Аталған келісімге сәйкес, Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасында шекара болмайды, құжат тексеру, камералық бақылау орнатылмайды. Яғни, Солтүстік Ирландия тұрғыны (Ұлыбритания аза­маты) Ирландияға (Еуропалық одақ құра­мында) өте қалса, ешқандай кедергі көрмеуі тиіс.

Сондай-ақ тауарларға да салық салын­байды. Бірақ Ұлыбританиядан келетін өнімдер Солтүстік Ирландия аумағы­на өткенде тексерілуі тиіс. Өйткені Еуропалық одақ ережесіне сәйкес, қарт құрлыққа ұйымға мүше емес мемлекеттен келетін сүт, жұмыртқа секілді бірнеше тауар шекаралық тексеруден өтуі тиіс.

Сонымен қатар ЕО ережесінде ыстал­ған ет өнімдерін шетелден әкелуге мүл­дем тыйым салынған. Протоколға сәйкес, Солтүстік Ирландия бұрынғыдай ортақ нарық құрамында қала береді. Алайда Ұлыбританияның территориясы болғанына қарамастан, тұрғындар Англия, Шотландия мен Уэльстен келген шұжықтарды жей алмайды.

Кезінде «Брекситтің» құжаттарын реттегенде мән бермеді ме, кім білсін, Борис Джонсон бастаған Даунинг стрит­тегі шенеуніктер «Солтүстік Ирландия протоколына» өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Бірақ бұған Еуропалық одақ мүлдем қарсы.

Ағылшындар Солтүстік Ирландияға Ұлыбританиядан енген тауарларға кедендік тексеру жасаудың бәрін жою қажет деп есептейді. Сондай-ақ Еуропалық одақтың Протоколдағы рөлін азайтпақ. Оған қоса, өңірде қос бақылау режімін қосқан жөн деп санайды. Осылайша, Ұлыбритания мен Еуропалық одақ ережелеріне сай келетін тауарлар еркін айналымда болуы тиіс деп есептейді.

Дегенмен Брюссельдегі атқамінерлер мүлдем келіспей отыр. Таяуда Еуропалық комиссияның вице-президенті Мароч Сефович мұны тағы қайталады.

«Турасын айтқанда, Протоколға сүйену мәселе емес. Керісінше, бұл – қолда бар жалғыз шешім ғана. Оған сүйенбеу мәселені өзгертпейді, керісінше оны шешуге арналған тәсілдерді құртады», деді ол Солтүстік Ирландияға барған сапарында.

Сефович мырзаның бұлай айтуының сыры мынада. Осыдан бірнеше күн бұрын Солтүстік Ирландия Ассамблеясының құрамындағы ең үлкен партияның бірі – Демократиялық юнионистік партия (ДЮП) Протоколға өзгеріс енгізілмесе, өз мандаттарынан бас тартатынын мәлімдеді.

Қазіргі таңда ДЮП Ассамблеядағы 90 мандаттың 28-ін иемденіп отыр. Сондай-ақ елдегі министрлер кабинетіндегі 5 орын да осы партияға тиесілі. Алда-жалда юнионистер Стормонттан кете қалса, онда басқарушы коалиция тарқайды. Сөйтіп, Солтүстік Ирландияда жаңадан Ассамблея сайлауын өткізуге тура келеді.

Қысқасы, «Брексит» аяқталғанына ресми түрде бір жылға таяғанымен, оның дауы әлі бітер емес. Протоколға сәйкес, кей тауарлар 30 қыркүйекке дейін кедендік тексеруден өтпейді. Содан кейін Ұлыбританиядан әкелінген өнімнің бәрі бақылауға алынбақ. Осылайша, Солтүстік Ирландия мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.