Саясат • 13 Қыркүйек, 2021

«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

1354 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Отбасы күні қарсаңында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен онлайн форматта «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лау­реаттарын марапаттау рәсімі өтті.

«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Іс-шараға Президент жа­нын­дағы Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық сая­сат жөніндегі Ұлттық комис­сияның төрайымы, Парламент Мәжі­лісінің депутаты Лаззат Рама­занова, Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Аида Балаева, облыстардың, Нұр-Сұл­тан, Алматы және Шымкент қала­ларының әкімдері қатысты.

Мемлекеттік хатшы Қырым­бек Көшер­баев салтанатты рәсімді ашып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Онда байқаудың өскелең ұрпақ­ты тәрбиелеудегі және отбасылық құндылық­тарды нығайтудағы маңызды рөлі айтылған.

«Мен Қазақстандағы әр шаңырақ берік болып, әрбір әулет бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын. Сол үшін отбасы сая­сатына баса мән беремін. Ұр­пақтың бойындағы адамгершілік пен адалдық, еңбекқорлық пен мейірімділік, ұлтжандылық пен отаншылдық сияқты асыл қа­сиеттердің бәрі, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Қазақ – қашанда ата-ананы сыйлаған, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген жұрт. Қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтарды халқымыздың өмір салтына айналдыру – аса маңызды міндет. Жыл сайын «Отбасы күніне» орай өткізілетін ұлттық конкурс бұған зор үлес қосуда. Оның, әсіресе, жастар үшін берер тағылымы мен тәлім-тәрбиесі зор», делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Биыл аталған конкурсты өткізудің жаңа тәсілдері енгі­зіл­генін айта кеткен жөн. Соған сәйкес енді жыл сайын республика бойынша 17 үздік отбасы анықталады. Осы жылы өңірлік конкурстық комиссияларға барлығы 2 768 өтінім түсті. Жаңа ережелерге сәйкес өтінімдер тек отбасылардан ғана емес, заңды тұлғалардан да қабылданды.

Іс-шара соңында Мемлекет басшысының атынан лауреат отбасыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Өз кезегінде жеңімпаз отба­сы­лардың мүшелері әсері­мен бөлісіп, осындай қолдау көрсетіліп жатқанына ризашы­лы­ғын білдірді. Алдымен сөз алған Ақмола облысындағы көпбалалы отбасының отағасы, қандас аға­йын Құрмет Нұрсұлтан Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қандастарды қолдағаны және педагогтердің мәртебесін көтергені үшін алғыс айтты.

Солтүстік Қазақстан облысынан лауреат болған Крейдун отбасы – бес баланы асырап алып, тәрбиелеп отырған үйлесімді және тату отбасының үлгісі. Марапаттау кезінде Инна Крей­дун отбасымен бірге басқа да отан­дастарымыз сияқты Қазақ­стандағы ауылдардың өркендеуі мен дамуы үшін барлық күш-жігерін салатынын атап өтті.

Алматы қаласының дәрі­герлер әулетінің өкілі, «АС­ТАНА ЭКОЛАЙФ» ЭКҰ меди­ци­налық орталығының бас дирек­торы Алмагүл Ахметова Мемле­кет басшысының бастама­сымен жүзеге асырылып жат­қан «Аң­саған сәби» бағдарла­масының және баласыз отбасы­ларды мем­лекеттік қолдау шара­л­арының өзектілігін алға тартты.

Ал Түркістан облысынан лау­реат болған Жамаловтар отбасы өңірде ауыл шаруашылығын белсенді дамытып жатыр екен. Биыл ерлі-зайыптылардың ша­ңы­рақ көтергеніне 30 жыл то­лып­ты. Отағасы Асылбек Тұрсын­байұлы «Біздің отбасымыз – ел Тәуелсіздігінің құрда­сы!», дейді.

Бұған қоса Отбасы күні қар­саңында елордада Айдос Нұрбаев пен Арай Сапарғалиқызы неке куәлігін алды. Айдос – жеке кәсіпкер, Арай – жетекші инже­нер-жобалаушы. «Бұл бай­қау – біз үшін жақсы белгі! Көпшілік үлгі алып, бой түзегісі келетін өнегелі отба­сы­­лардың ортасынан табылғанымызға қуа­ныш­тымыз!», деп жас жұбайлар ағынан жарылды.

Ұлттық конкурстың 2016 жылғы жеңімпазы Ақтөбе облысынан Нұсқабаевтар отбасының өкілі Қайрат Нұсқабаев бұл байқау отбасы мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктегенін айтты. Ол «Осы жоғары мәртебені абыроймен сақтау – біздің парызымыз», дей келе жеңімпаз отбасылар мен жас жұбайларға бақыт пен амандық тіледі.

Ел Президенті атынан лауреат отбасы­ларға естелік сый­лық­тарды өңірлердің әкімдері табыс етті.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Елбасының бастамасымен 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқаудың мақсаты – отбасы институтын, отбасылық құнды­лықтарды нығайту, бала тәрбие­сіндегі ата-аналардың жа­уап­кер­шілігін арттыру, үлгілі қа­зақстандық отбасын насихаттау.