29 Қаңтар, 2014

Қанаты қатайған кәсіпорын

348 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

01-Фото ГШАқтауда «Жамал-ай» атты кәсіпорын бар. Өзін-өзі жарнамалап, даңқы жер жарып жататындар санатынан емес, томаға-тұйық. Осынысына қарап, кішігірім мекемелердің бірі болар деп ойлайтынбыз, сөйтсек, өзіндік бедер-бейнесі бар, шаруасын дөңгелентіп отырған білдей акционерлік қоғам екен.

 

«Шағын және орта бизнесті дамыту – XXI ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі».

Н.НАЗАРБАЕВ.

(Қазақстан халқына Жолдауынан).

01-Фото ГШ

Ақтауда «Жамал-ай» атты кәсіпорын бар. Өзін-өзі жарнамалап, даңқы жер жарып жататындар санатынан емес, томаға-тұйық. Осынысына қарап, кішігірім мекемелердің бірі болар деп ойлайтынбыз, сөйтсек, өзіндік бедер-бейнесі бар, шаруасын дөңгелентіп отырған білдей акционерлік қоғам екен.

Бұдан жиырма бір жыл бұ­рынғы жағдай көпшіліктің есінде болар. Нарықтық экономикаға өтіп, қымбатшылық пен тауар­ жетіспеушілігі өкпеден қосар­ла­на сыққан кез. Сапасыз киім­дерді тасыған саудагерлер­ елді қамтып тұрды. Тоқты-торым­ның құны болмай, шағын қап­тағы макарон өнімі орнына екі-үшеуі қосақталып тиеле­ бе­ретін. «Жамал-ай» өз іргетасын осы жылдары құрыпты. Оңай болмағаны белгілі, бірақ елді қа­жетті киім-кешек, аяқ киіммен қамтамасыз етемін деген қар­лығаш-ниет. Арадағы жиырма бір жыл «Жамал-айдың» қалыптасуы мен дамуына, өнім өндіру әлеуетін де, технологиясын да жетілдіруге арналыпты.

Өнімді еңбекке қол жеткізу үшін алдымен, техникалық шеберлікті жетілдіру қажет екендігін білген олар, 1994 жылы италиялық мамандармен бірлесіп, әскери қызметкерлерге арналған қысқа және биік қонышты бәтеңкелерді жасау технологиясын енгізді. Содан бері еліміздің Қарулы Күштері құрылымын сапалы әскери өнімдермен, яғни табаны құю әдісімен бекітілген биік қонышты бәтеңкелермен қамтамасыз етіп келеді. Ал арнайы қорғаныс қасиеті бар аяқ киімдері еліміздің түкпір-түкпіріндегі құрылыс және мұнай салалары қызметкерлерінің қалап алар дүниесі. Әлеуметтік сала қызметкерлері де өздеріне қажетті арнайы жұмыс киімдерін осы кәсіпорыннан табады.

Шығарылып отырған өнімдер­дің сапасын анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының сы­нақ зертханаларында сынақтар өткізіледі, бізде кез келген өнімнің сәйкестік сертификаттары бар. Жоғары сапалы аяқ киімдермен қамтамасыз ету үшін, техникалық бақылау бөлімі мен бас технолог қоймаға келіп түскен шикізаттың мемлекеттік стандарттарға, техникалық шарт­тарға сәйкестігін бақылайды. Кәсіп­орынды шикізатпен жаб­дықтау бөлімі табиғи тері және жүн, тұтынушылардың сұра­нысы бойынша әртүрлі қор­ға­ныс қасиеті бар төзімділігі жо­ғары маталар, басқа да қажетті ши­кізатты сатып алады. Сапа менед­жмент жүйесі ИСО 9001, OHSAS 18001 интегралды жүйе­лерімен сертификатталған және­ барлық талаптарына сай келеді, дейді бізбен әңгімелескен кәсіпорынның коммерция бөлімінің басшысы Ф.Тұрашева мен инженер сапа және стандарттау жөніндегі инженер Ж.Ізбасарова.

Өндірісте өте жоғары білікті, көп жылдық жұмыс тәжірибесі бар мамандар қызмет атқарады. Әсіресе, аяқ киім өндірісіндегі технология, жобалау және жасап шығару кезіндегі жоғары сапалы өнім алуда инженерлік құрамның еңбегі ерен.

Кәсіпорын Италияның, Гер­манияның жоғары технологиялық жабдықтарын пайдаланады. Аяқ киім өндірісі саласы көлденең тұйықталған конвейерлермен қамтамасыз етілген. Осы салада өндірістік қуаттылық жылына 100 мың жұп аяқ киім өндіретін болса, өткен жылы 60 мың жұп аяқ киімді сатылымға шығарған. Жылына 20 мың дана өндірістік қуаттылықты межелеген тігін өндірісі де былтыр дәл осындай сатылымға қол жеткізген. З.Хасанова басшылық ететін 160 адамды қызметпен қамтып отырған кәсіпорында жастардың үлесі 45 пайызды құрайды.

Еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, тып-тыныш жұмысын жүргізіп отырған «Жамал-айдың» арқалаған жүгі де, алған алғысы да алып екен. Қарлығаштың қауырсын қанаты қатая түскен. Кәсіпорынның ішкі әлеміне аз-маз үңілгенде осыны білдік.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

Соңғы жаңалықтар