29 Қаңтар, 2014

Қамкөңіл жастарға қамқорлық

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа жылда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 46 жасөспірім қуанышқа бөленді. Облыс орталығындағы Жасөспірімдер үйіне келген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жастарды мерекемен құттықтап, оларға жалпы сомасы 10 миллион 690 мың теңге болатын сертификаттарды табыс етті. Жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес үш жылда 339 бала баспанамен қамтылуы тиіс екенін жеткізді.

– Елімізде ата-анасыз балалардың алаңсыз білім алуы үшін және оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы пәтер алуға қаржы жинау және «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жас отбасыларға жалдамалы пәтер беру бағыттары бойынша жастар баспаналы болады. Жыл сайын баспана алуға ниеттенген жастардың есеп шоттары толықтырылады. Келер жылы сегіз жас екі бөлмелі пәтерге ие болады. Осылайша біз ата-анасыз жастардың баспаналы болуына жағдай жасаймыз, – деді өңір басшысы.

Жасөспірімдер үйінің түлегі Диана Ермуракова қуаныштан толқып жанарына жас алды. Жастайынан ата-анасынан­ айырылған Диана өзінен кейін­гі алты бауырымен бірге бала­лар үйінде тәрбиеленген. Бауыр­ларына қамқор бола жүріп, жоғары оқу орнын аяқтады. Жұмысқа тұрып, еңбекақысынан есепшотына 1 миллион 600 мың теңге жинақтады. Бұл жолы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Диананың есепшотына аударылатын 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Диананың келер жылы екі бөлмелі пәтер алуға мүмкіндігі бар.

– Бұл жаңалықты бауырларыма айтқанда, олардың да қуанышында шек болмады. Біз секілді ата-анасыз өскен жандарға қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып жүрген сізге және қайырымды жандардың барлығына алғысымыз шексіз, – деді Д.Ермуракова.

Жасөспірімдер үйінің түлегі Мира Тұрлыбаева да облыс басшысына алғысын жеткізді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің заң факультетін қызыл дипломмен аяқтаған Мира қазір облыстық сотта жастар тәжірибесі бойынша жұмыс істеп жатыр. Облыстық соттың әкімдігі оның әлеуметтік жағдайын ескеріп, уақытша тегін тұратын пәтер беріпті. Қазір Мира есепшотына қаржы жинау үстінде. Бұл жолы облыс әкімі М.Тұрлыбаеваға 200 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

Соңғы жаңалықтар