Украина премьер-министрі Николай Азаров отставкаға кетті. Оның сөзіне қарағанда, премьер мұндай шешімді қоғамдық-саяси мәміле, жанжалды бейбіт реттеу, ең бастысы, Украинаның бірлігін сақтау мақсатында қабылдаған. Бірақ, оппозиция ел президенті Виктор Януковичтің үкімет мүшелігіне үміткер ұсыну туралы бастамасынан бас тартып отыр.
Украина премьер-министрі Николай Азаров отставкаға кетті. Оның сөзіне қарағанда, премьер мұндай шешімді қоғамдық-саяси мәміле, жанжалды бейбіт реттеу, ең бастысы, Украинаның бірлігін сақтау мақсатында қабылдаған. Бірақ, оппозиция ел президенті Виктор Януковичтің үкімет мүшелігіне үміткер ұсыну туралы бастамасынан бас тартып отыр.
АҚШ Конгресі жабық дауыс беру нәтижесінде Сирия оппозициясына жеңіл атыс қаруын беруге рұқсат ету туралы шешім қабылдады. Бұл шара үстіміздегі жылдың 30 қыркүйегінде аяқталуы тиіс. Бұл туралы кеше белгісіз дерек көзіне сілтеме жасай отырып, «Рейтер» агенттігі хабарлады. Қару Иордания арқылы беріліп отыратын көрінеді.
Мысырда президенттік сайлау парламенттік сайлаудан бұрын өтетін болды. Бұл туралы осы елдің уақытша президенті Адли Мансұр мәлімдеді. Президенттік сайлаудың нақты күні әзірше белгісіз. Бірақ оған жақында Египет армиясындағы ең жоғары әскери атақ – фельдмаршал атағы берілген ас-Сиси қатысатыны мәлім болып отыр. Ол жеңіске жетеді дейтіндер де көп.
Косовода жергілікті сербтердің «Сербия, демократия, шындық» деп аталатын азаматтық бастамашылдығының серкесі Оливер Иванович қамауға алынды. Оған 1999-2000 жылдары албандарға қарсы әскери қылмыс жасады деген күдік келтіріліп отыр. О.Иванович өткен жылдың күзінде Косовска-Митровицы қаласының мэрі лауазымына таласып, сайлауда екінші орын алған болатын.
Ұлыбритания парламенті королева отбасына бюджетті тиімсіз жоспарлады деген сын тақты. Мұндай қорытындыға, атап айтқанда, мемлекет қаржысын жұмсауды бақылау жөніндегі парламенттік комитет келген көрінеді. Комитет өкілінің сөзіне қарағанда, королева отбасы қаржы дағдарысына қарамастан, үнем дегеннің не екеніне мән бермей келеді.
Египетте полиция генералы атып өлтірілген. Осы елдің ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты растап отыр. Оқиға кеше орын алған. Белгісіз ер адам Египет ішкі істер министрі Мохамед Ибрагимнің көмекшісі қызметіндегі генерал Мохамед Сайедке екі мәрте оқ жұмсаған. Ол алған жарақатынан ауруханада көз жұмыпты.
Оңтүстік Кореяда сот Интернетте Солтүстік Кореяны аспандата мақтаған жергілікті азаматты он айға түрмеге қамады. Аты айтылмайтын оңтүстіккореялық 2009-2012 жылдар аралығында өзінің блогында және басқа да сайттарда КХДР-дің әскери қуатын мадақтап келіпті. Сөйтіп, ол ұлттық қауіпсіздік туралы заң ережелерін бұзған.
Индонезия Ресейден 37 жаңа БМП-3Ф жаяу әскерлердің соғыс машинасын сатып алды. Әскери техниканы беру рәсімі бұрнағы күні Индонезия әскери-теңіз күштерінің Асембагустегі орталық әскери дайындық корпусында өтті. Индонезияның армиясында БМП-3Ф кеңестік шығарылымдағы көнерген ПТ-76 жүзгіш танктерін алмастыруы тиіс.
Ұлттық хоккей лигасының вице-комиссары Билл Дэйли лиганың өзінің ойыншыларын Олимпиада-2014-ке жібермеуі мүмкін екенін хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, ҰХЛ мұндай қадамға егер Сочиде «қауіпті жағдай» қалыптасатын болса барады. ҰХЛ басшыларының бірі бірақ Ресей үкіметі мен ХОК спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жағдайды жасайды деп сенеді.
Ақпарат агенттіктері материалдарының негізінде әзірленді.