29 Қаңтар, 2014

Кезек күткен істер аз емес

257 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

01-Үкімет-үйіПремьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен Денсаулық сақтау министрлігінде кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Өткен жылғы жұмыс қорытындысы мен биылға жоспарланған мақсат-міндеттер туралы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баян­дама жасады.

Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен Денсаулық сақтау министрлігінде кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Өткен жылғы жұмыс қорытындысы мен биылға жоспарланған мақсат-міндеттер туралы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баян­дама жасады.

Баяндамашы ең алдымен, елі­мізде бала туу көрсеткіштерінің ар­туы және өлімнің тұрақ­тануы нәтижесінде халықтың та­биғи өсімі 4,6 пайызға ұлғайғанын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы елімізде сәбилердің өлімі 17 пайызға төмендеген. 2008 жылдан бері оның төмендеп келе жатқанын ескерсек, 2018 жыл­ға қарай еліміз Еуроодақ ел­дерінің көрсеткіштеріне қап­тал­дасуы мүмкін. Министр алға қойылған міндеттің қиын екенін, бірақ оны орындауға болатынын баяндады. «Біз алға қойған мақсаттарға қол жеткізуіміз үшін балалардың өлімі көр­сеткіштерін азайтуға тырысуымыз қажет. Әсіресе, бұл жұмыстар барынша әлсіз жүргізіліп келе жатқан өңірлерде шараларды көптеп қолға алуымыз керек. Осы орайда Ақмола, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарын айтуға болады. Өздеріңіз де байқап отырғандай, бұл туу деңгейі жоғары өңірлер. Өкі­нішке қарай, дәл осы ай­мақ­тарда жас нәрестелердің шеті­неу деңгейі де жоғары болып отыр», – деді С.Қайырбекова. Ми­нистр еліміздегі орташа өмір сү­ру ұзақ­тығына да тоқталды. 2012 жы­лы елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 69,61 жас­ты құраса, былтырғы жылдың қоры­тын­дысында Қазақстан халқының орташа өмір жасы 70,3 жасқа жеткен.

Өткен жылғы жүйелі жұ­мыс­тардың қатарында Санитарлық авиация республикалық үй­лес­тіру орталығының 1355 рет ұшырылым жасап, 1813 меди­ци­налық көмек көр­сеткені, 16 тікұшақ сатып алынғаны, «Ден­саулық», «Жәр­дем», «Саламатты Қазақстан» ме­ди­циналық пойыз­дарының 301 стансада болып, 64 мыңнан аса адамды дәрігерлік тексеру­ден өткізгені, жалпы дә­рігер­лік қараудың саны 500 мыңға жуық­тағаны, трассалық дәрігер­лік құтқару тіректерінің қыз­мет­кер­лері 719 рет шақыртуға барып, зардап шеккен 2 мыңнан аса адам­ға көмек көрсеткені атап өтілді. Сондай-ақ, былтыр 60 мың кар­дио­хирургиялық ота жасалып, рес­пуб­лика бойынша 40 инсульт орта­лығы ашылған, Мемлекет-жекеменшік серіктестігі шең­бе­рін­­де 60 диализдік орталық жұмыс атқаруда.

Бірыңғай ұлттық денсау­лық сақ­тау жүйесі аясында ста­цио­нар­лық көмектің қолжетімділігі арт­қан. 2013 жылы ерікті таңдау құ­қығын 800 мыңнан аса адам пай­даланған. «Жалпы, елде респуб­ли­калық ғылыми-зерттеу инс­ти­туттарына жаңа технологиялар жоғары қарқынмен енгізілуде, ал, денсаулық сақтау ұйымдарында қазіргі таңда технологияның 32 түрі қолданылады. Соңғы уа­қытта трансплантологияны дамы­туда маңызды жұмыстар атқа­рылуда. Бұл жылдан-жылға тіндер мен ағзаны алмастыру­да жасалған ота­лар санын кө­бейтуге мүмкіндік беруде. Был­тыр трансплантация бойынша 177 ота жасалды. Оның ішінде 130 бүйрек, 19 бауыр алмас­ты­рыл­ды. Сирек кездесетін техноло­гияларды енгізу 2012 жыл­мен салыстырғанда 2,5 есеге кө­бейді», – деді министр.

Былтырғы жылдың қоры­тын­­дысы бойынша республикада дәрігерлер саны 63881-ге, ал орта медициналық қызметкерлер саны 151 178-ге жеткен. Әйтсе де маман жетіспеушілігі мәсе­лесі өзекті күйінде екенін жұрт­шылық жақсы біледі. Баян­да­машы дәрігерлерді баспанамен қамтымай бұл проб­леманы шешу қиын екенін алға тартты. Республиканың 7 өңірінде, атап айтқанда, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қа­ра­ғанды облыстарында ғана бас­пана сатып алуға несие қарас­тырылған.

Орта буын медицина ма­ман­дарын даярлайтын колледж­дердің медициналық талаптар мен стан­дарттарға сәйкес кел­мей­тіні де алқа мәжілісінде өзекті мәселелердің бірі ретін­де көтерілді. «Медицина қызмет­кер­лерінің орта буынының дайын­дық сапасына ерекше назар аудару қажет. Бүгінде респуб­ликада 68 медициналық колледж жұмыс істеуде. Дегенмен, олардың біразы кадрлар дайын­дауда салғырттық танытып отыр. Мәселен, атал­ған кол­ледждердің шағын бөлі­гіне ғана жүргізілген тексеру мед­би­ке­лерді дайындаудағы кемші­лік­терді анықтады. Тексерілген 6 колледждің барлығы да стан­дарт­тарға сай келмейді, ал олардағы дайындық сапасы ешқандай сын көтермейді. Сондықтан да Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, ағымдағы жылы барлық медициналық колледждерге жос­парлы тексеруді аяқтауды, стан­дарттар мен та­лап­тарға сай кел­мейтіндеріне қатаң шара қол­дануды ұсынамыз. Білім және ғы­лым министрлігіне біздің ұсы­ны­сы­мызды қабыл алып, бел­сенді қатысуларын өтінемін», – деді С.Қайырбекова.

Министр кемшіліктер қата­рында медицина ұйымдарының бі­рінші басшыларының менедж­менті әлсіздігін де алға тартты. «Барлық жағдай жасалып отырса да, бірін­ші басшылар басқару жүйесін дұ­рыс меңгермегені себепті қара­мағындағы қызмет­керлерін ын­таландыра алмайды, ал бұл ха­лық­тың меди­ци­на­лық көмекке қана­ғат­тану деңгейін төмендетеді. Сон­дық­тан, денсаулық сақтау саласын­да жүргізіліп отырған реформалар талаптарына сәйкес, ұйым­дардың бірінші басшылары мен олардың орынбасарларын кезең-кезеңімен аттестация­дан өткізуді ұсынамын», деді С.Қайырбекова.

Алқа мәжілісін қоры­тын­ды­лаған Үкімет басшысы Серік Ах­метов еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің қарқыны жаман емес екенін, жаңа медициналық мекемелер ашылып, соңғы бес жылда ана өлімін 3 есе, бала өлі­мін 1,5 есе төмендетудің сәті түскенін айта келіп, салаға бір­қа­тар нақты тапсырмалар жүк­теді. Оның ішінде әрбір облыс орталығында жоғары сапалы кардиохирургиялық ота­лардың жасалуы, алғашқы меди­ци­налық-санитарлық көмектің дамуына жағдай жасау, 2020 жылға қарай халықтың 30 пайы­зы спортпен айналысуы үшін биыл­дан бас­тап, әсіресе, мектеп оқу­шылары мен студенттерге қа­тысты шаралар бойынша минис­трліктің тиісті іс-шаралар атқаруы ке­ректігі айтылды. Елбасының халыққа Жолдауында міндетті медициналық сақтандыру мә­селесі қозғалды. Бұл ондаған жылдар бойы зерттелетін мәселе. Оны енгізу Денсаулық сақтау минис­тр­лігінің қазіргі жұмыс істеп тұрған жүйесін түбірімен өзгер­туге алып келеді. Сондықтан Үкі­мет пен министрлік, басқа да қызығушы органдар тарапынан оны енгізу туралы ережені жасамас бұрын міндетті түрде мұқият зерттеу керек. Депутаттар мен медициналық ұйымдар, басқа да азаматтар белсенді түр­де қоғамдық талқылауға қаты­суы қажет. Мемлекет-жеке­мен­­­шік серік­тестігін дамытып, ме­дициналық сақтандыру жөні­нен ұсыныстар енгізу және адамды еңбек қабілетінен айырып, өлімге соқтыратын ауруларды азай­ту үшін шаралар қабылдау керек», – деген Үкімет басшысы ел­дегі туберкулез інде­тіне тос­қауыл қою мәселесіне тоқ­талды. ДДСҰ мәліметі бойын­ша, 100 мың адамға шаққанда тубер­ку­лез­дің 50 оқиғасы эпидемия болып саналатынын айтқан С.Ах­ме­тов біздегі жағдай 100 мың адам­ға шаққанда 73 екенін, алдағы бесжылдыққа тек 63-ке дейін ға­на төмендету межесі қойылып отыр­ғанын сынады. «Осы дерт бойын­ша ахуалды өзгертуге біз­де барлық мүмкіндіктер бар. Туберкулезге қарсы күрес меке­ме­лерінде ем алып жатқан нау­қас­тардың сыртқа шығып, бөтен адамдарға жұқтыруына тос­қауыл қойылуы қажет. Сол мекемелердің жағдайына назар аударылуы тиіс», – деді ол. Үкімет басшысы тегін ұсы­ны­латын медициналық қыз­меттерге ақы алу фактілері бар екенін де атап өтті. Бұның бар­лы­ғы ми­нистрлікке қарасты қада­ға­лау комитеті жұмысының тия­нақ­сыз­дығынан екенін қадап айтты.

«Егер қатаң әрі нақты қадағалау болмаса, біз бұл мәселені тыңғы­лықты қарастырамыз. Денсау­лық сақтау министрлігі мен жер­гілікті атқару органдарына сапалы медициналық қызмет пен қадағалауды және мониторингті қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын», – деп түйді Премьер-Министр өз сөзін.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар