С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада белгілі журналист, көсемсөз шебері Мәлік Мұқановты еске алу кеші өтіп, 70 жылдық мерейтойымен орайластырылды. Оған марқұмның туған-туыстары, қаламдас әріптестері қатысып, адамгершілік асыл қасиеттері жайлы жан-жақты сыр шертті.

Еңбек жолын облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде бастап, ақтық демі таусылғанша республикалық «Егемен Қазақстан» басылымында жұмыс атқарған Мәкең жұртшылықтың есінде қарымды қаламгерлігімен қоса күрескерлік тұлғасымен де есте қалды. Облыстық мәслихаттың депутаты бола жүріп саяси күрестің, қоғамдық өмірдің алдыңғы легінен табылды. Оның қаламынан туған өткір мақалалар көкейкесті проблемаларға арналды.
Ақындар Мүталлап Қанғожин, Зейнолла Әкімжанов арнау өлеңдерін оқыса, «Қызылжар ақпарат» ЖШС директоры Кәрібай Мұсырман қаламгерлік және қайраткерлік ерекше қырларын сөз етті. Еңбек ардагерлері Ожан Қали, Болат Сағындықов өткенді еске оралтты. Осы жолдардың авторы танымал азаматтың есімін есте қалдыру мақсатымен арнайы шаралар ұйымдастыру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Қожаберген жырау атындағы қазақ орта мектебінің оқушылары Мәкеңнің «Алуа – менің айдыным» кітабында жарияланған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Әнші Шынар Темірханова марқұмның сүйікті әндері – «Фариза» және «Қара бауыр қасқалдақты» әуелете шырқап берді.
Мәкеңнің өмірі мен шығармашылығына қатысты тағылымды кездесулер мен мектепішілік оқу күндері туған жері Есіл ауданында да ұйымдастырылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.