Өнер • 13 Қыркүйек, 2021

Ахметсапаның қысқаша өмірбаяны

3630 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – алаш» атты үш томдық түрме әпсанасында өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргіннің басында алғашқылардың бірі болып атылып кеткен Ахметсапа Юсупов туралы да қысқа мағлұмат берілген. Ахметсапа туралы ғалым «Осы адамның тарихы жұмбақ» деп түйіндепті.

Ахметсапаның қысқаша өмірбаяны

Коллажды жасаған: Амангелді Қияс

Кезінде бала оқытып, ұстаздық еткен, «Ұшқын», «Еңбекші қазақ», «Ақ жол» газеттерінде қызмет атқарған, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды Алаш ардақтыларына жақын жүрген қайраткер тұлға туралы бүгінде бірен-саран зерттеу мақалалар ғана болмаса, то­лымды еңбектер әлі де болса жоқтың қасы. Өйткені тарихи дерек аз.

Таяуда күтпеген жерден Қостанай об­лы­сының мемлекеттік архивінен Ахмет­са­паның өз қолымен жазылған «Қысқаша өмірбаянын» тауып алдық. Құнды дерек тың ізденіске із салар деген үміттеміз. Өмірбаян РКП(б) мүшелері мен кандидаттарынан Торғай уездік большевиктер комитетіне келіп түскен арыздардың ішінде жатыр екен. Ахметсапа 1922 жылдың 29 қаңтарында ұйымдастыру бюросына берген арызында өзін РКП(б) қатарын тазарту бойынша жеке сынаққа тартуды сұрайды. Қайраткердің қысқаша ғұмырнамасы осы арызға қосымша ретінде тігілсе керек.

Ұйымдастыру бюросына РКП (б) мүшесі Ахмед-Сафа Юсуповтан

Арыз

Қысқаша өмірбаянымды ұсына отырып, ұйымдастыру бюросына мені РКП(б) қатарын тазарту бойынша жеке сынаққа тартуды сұраймын. Өйткені партияның Ташкент ұйымының қатарын тазарту кезінде мен іссапарда болдым, содан бері далада өмір сүріп келдім. 1922 ж.29 қаңтар

«А.Юсупов» деп қол қойған

Ахмед-Сафа Юсуповтың қысқаша өмірбаяны

Мен 1895 жылы Торғай облысы және уезінің Сарыторғай болысындағы ауылда орташа қазақ отбасында дүниеге келдім. 8 жастан 11 жасқа дейін мұсылманша оқыдым. 11 жасымнан бастап болыстық мектепте білім алдым. Сосын 4 сыныптық Торғай қалалық училищесінде оқып, курс­ты 1913 жылы тәмамдадым. Қалалық учи­ли­щенің курсын аяқтаған соң, білімімді жал­ғастыру мақсатында Қазан мұғалімдер институтына түсу үшін Қазан қаласына келдім. Алайда мұнда тек православтар ғана қабылданатын болғандықтан, мен діні басқа мұсылман болғандықтан оқуға түсе алмадым. Торғайға қайтып оралысымен ауылдық мектепке мұғалім болып тағайындалдым. Бұл қызметте 1918 жылға дейін жұмыс істедім. 1918 жылы уездік жер басқармасына техникалық жұмыскер болып орналасып, мұнда екі ай шамасында қызмет еттім.

1918 жылдың аяғында және 1919 жылдың басында Уездік атқару ко­ми­те­тінің мүшесі болып та­ғайын­далдым, бірақ мамыр айында Алашор­да­лық­тар Уездік атқару комитетін таратып жі­бер­ген­діктен мұнда да ұзақ жұмыс істей алмадым. Кейін орысша сауаты бар адам ретінде Алаш Орда құрамына алынып, шаруашылық бөлімінің қызметкері болып жұмыс істедім. 1919 жылғы қыркүйектің басында еңбек демалысына босап шығып, өз ауылыма кеттім. Қараша айының басына дейін осында тұрдым. Торғай қаласы Колчактың оңтүстік армиясынан азат етілгеннен кейін, қалаға келдім. Мұнда Қырғыз өлкесі әскери революциялық ко­митетінің шақыртуымен Уездік кеңес­тер съезі шақыртылғанша уақытша ұйым­дас­тырушы-нұсқаушы болып жұмыс істедім. Уездік атқару комитеті бұрынғы құрамында қайта құрылған соң, оның мүшесі ретінде Орынбор қаласына Қазақ әскери ревкомына ақша алып келуге іссапарға жіберілдім. Орынборға келісімен Қырғыз өлкесі әскери революциялық ком­итетінің төрағасы Пестковский жол­дастың өкімімен мобилизацияланып, Қырғыз әскери революциялық коми­те­ті­нің органы «Ұшқын» («Искра») газеті редакциясының редколлегия мүшесі болып тағайындалдым.

1920 жылдың 18 ақпанында өз ер­кіммен Ресей компартиясының қата­ры­на өттім және 6-шы Орынбор аудандық коммунистер ұйымына кандидат болып қабылдандым. Ал шілде айында толық мүшелікке өттім.

1920 жылы ақпанның соңында Қырғыз өлкесі әскери ревкомы мені ОАК-тың «Қызыл Шығыс» үгіт-нұсқау пойызының құрамында Түркістан республикасындағы үгіт-насихат жұмыстарына әдеби аудармашы ретінде іссапарға жіберді. «Қызыл Шығыс» пойызы бес ай бойы Түркістан республикасының барлық қалаларында болып, шілдеде Орын­бор­ға оралды. Мен осы қалада 1920 жылдың қарашасына дейін Қырғыз ре­дак­циясындағы жұмысымды жал­ғас­тырдым. Қарашаның басында Баку қа­ла­сына жолдас Жангелдинмен бірге Шығыс халықтарының насихаты және іс-қимылы кеңесіне қызметкер ретінде іссапарға бардым. Жолдас Жангелдин осы кеңестің төралқа мүшесі еді. Шығыс ха­лықтарының насихаты және іс-қимылы ке­ңесінде 1921 жылғы ақпан айының ба­сына дейін кеңсе қызметкері болып жұ­мыс істедім. 1921 жылдың 6 ақ­па­нын­­да өзімнің жеке өтінішім бо­йын­ша Ташкент қаласына Түркістан ОАК жа­нын­дағы ҚКСР уәкілдігінің қа­ра­­ма­ғы­на іссапарға жіберілдім. ҚКСР уә­кіл­дігі мені Түркістан ОАК-ты және Түркістан рес­публикасы коммунистік партиясы орталық комитетінің органы «Ақ жол» газетіне іссапарға жіберді. Өйткені бұл газет Түркістан республика­сы­мен қатар, Қырғыз республикасына да тарайтын. Қазіргі кезге дейін аталған га­зеттің жауапты қызметкері болып жұ­мыс істеймін. Қыркүйектің басында өз денсаулығымды түзеу үшін еңбек демалысына шықтым.

Сарыторғай болысының болыстық съезінде 3-ші Торғай уездің съезі кеңесіне делегат болып сайландым. Осы съезде уездік атқару комитетінің мүшесі болып сайландым.

«Қолы» А.Юсупов.

Алаштанушы Тұрсын Жұрбай: «А.Юсупов – М.Дулатовтың бажасы. Жақсы араласқан. Ж.Аймауытовпен бірге Торғайдағы аштарға мал айдап барып, сонымен қоса жауапқа тартылған. Үш-төрт жыл жазаға да кесілген. Бір түсініксіз тұсы, А.Юсуповке: «НКВД-ның жасырын тыңшысы. Дер кезінде хабар бермегені үшін ату жазасына кесілді», деген айып тағылған», дейді де, «Біз анық деректі білмегендіктен де, А.Юсуповты ақтаудан да, қаралаудан да аулақпыз. Себебі НКВД-ның үкімі орындалып кетті. Екіншіден, ол ешқандай куәгерлер сөзін мақұлдамаған. Яғни мұның өзі де жоғарыдағы айыптардың өтірік екенін дәлелдейді» деген тұжырым жасайды.

Атақты «он төрттің ісі» тек айып­тау­шы­лық сипатта ғана жүргенін айта келіп, ға­лым: «СССР Халық Комиссарлары Советінің жанындағы ОГПУ кол­ле­гия­сы­ның 1930 жылы 4 сәуірдегі қаулысы бойынша: Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мир-Якуб, Есполов Мырза-Ғазы, Әділев Дінмұхамед (Дінше), Аймауытов Жүсіп­бек,­ Болғанбаев Хайретдин, Бірім­жа­нов Ға­зымбек, Габбасов Халел, Юсупов Ахмед-Сафа:

- 1921 жылы Орынбор қаласында контреволюциялық ұйым кұрып, Орта Азиядағы пантюркистік ұйымның бастығы Валидовпен байланыс жасағаны үшін;

- Далаға барып қарулы көтеріліс ұйымдастыру туралы жиналыс өткізгені және далаға сіңіп кетуге дайындалғаны үшін;

- 1927 жылы ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қас­тан­дық әрекет жасауға тырысқаны үшін;

- Юсупов А. С. - ОГПУ-дің құпия тың­шысы бола тұра, Бірімжановтың Вали­довке кеткенін хабарламағаны үшін; РСФСР қылмысты істер кодексінің - 58-бабының 2, 4, 8, 11, 13-тармағы бойынша: Ату жазасына кесілді.

- Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битілеуов Дамолла - «Алқа» атты жасырын, ұлтшыл үйірме құрғаны үшін; РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-бабының 4,11-тармағына сәйкес жазаның ең ауыр түріне кесіліп, ол жаза 10 жыл кон­центра­ция­лық лагерьде өтеу туралы үкім­мен алмастырылды. Атуға бұ­йырылған төрт адамның - Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мырзағазы Еспо­лов­тың, Қазымбек Бірім­жановтың ісі 1931 жылы 13 қаңтарда қайта қаралып, ең ауыр жаза түрмемен алмас­тырылды. Олар он жылға бас еркі­нен айырылды. Ал Халел Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов, Дінмұхамед Әділев, Хайретдин Болғанбаев, Ахмед-Сафа Юсупов атылып кетті» деген дерек кел­тіреді.

Ахметсапа өмірінің соңғы сәттері туралы кейбір мағлұматтарды ресейлік ru.openlist.wiki сайтындағы «Ашық тізім» жобасынан табуға болады. Мұнда А.Юсуповтың «Еңбекші қазақтың» редакция қызметкері екені, Қызылорда қаласында Сельверстов көшесіндегі №28 үйде тұрғаны, 1929 жылдың 29 қаңтарында контрреволюциялық ұйым­дар­ға қатысқаны және антикеңестік үгіт-насихат жүргізгені үшін тұтқынға алын­ғаны, 1930 жылы 4 сәуірде ОГПУ алқасы ату жазасына кесіп, үкімнің 21 сәуірде орындалғаны және Мәскеудегі Ваганьков зиратына жерленгені туралы мәлімет бар.