Медицина • 13 Қыркүйек, 2021

Абай Мақышев: Қатерлі ісікті емдеудің ең тиімдісі – дертті ерте анықтау

682 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Қазақстанда халықтың орташа өмір сүру жасы айтарлықтай ұзарды. Бұл көрсеткішке жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін адам өміріне жиі қатерін тигізетін обыр ауруынан болатын өлім-жітімнің де азая бастағаны ықпал етіп отыр. Бұдан онкологиялық аурулар бойынша медициналық көмектің сапасы артқанын байқауға болады. Осы ретте, елімізде онкология саласының дамуына зор үлесін қосып жүрген профессор, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты хирург-онколог, Астана медицина университеті онкология кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның денсаулық сақтау ісінің үздігі Абай Мақышевпен сұхбат құрған едік.

Абай Мақышев:  Қатерлі ісікті емдеудің ең тиімдісі – дертті ерте анықтау

– Абай Қайырқожаұлы, бүгінде елор­дадағы ғана емес, еліміздегі айтулы онколог дәрігерсіз. Адам жанының ара­шасы болып жүрген осынау салаға қа­лай келдіңіз?

– Өзім – осы Ақмола өңірінде туып-өскен қазақпын. Медициналық білімді ал­ғаш қазіргі астана, кезіндегі Целиноград қа­ласының Целиноград мемлекеттік медицина институтынан алдым. Осы оқу орнын 1982 жылы тәмамдап, хирургия мамандығын алып, Көкшетау қалалық ауруханасында жұмыс істеп, бір жыл интернатурадан өттім. Сөйтіп 7 жыл оқудан соң жолдамамен Көкшетау облысындағы Чкалов аудандық ауруханасына хирург бо­лып орналастым. Одан кейін Көкшетау қала­лық ауруханасының жедел хирургия бө­ліміне ауыстым. Онда төрт жылдай ең­бек еттім.

Өз мамандығының шыңына шығуды көксейтін кәсіби мамандар сияқты хирург те тәжірибесі жетілген сайын күрделі операцияларды жасауды ойлайды. Мен операциялары күрделі, болашағы бар онкология саласына мамандануды мақсат тұттым. Осы мақсатпен 1986 жылдан бас­тап Көкшетау облыстық онкологиялық диспансерінде хирург-онколог болып істей бастадым. Содан бері осы саладамын. 1986 жылы онкологияға алғашқы ма­мандану бойынша Иркутскідегі мем­лекеттік медициналық дайындау инс­титутында біліктілігімді арттырдым. 1988-1990 жылдары Қазақ КСР Ден­сау­лық сақтау министрлігінің жолда­ма­сымен Мәскеу қаласында КСРО Ме­ди­цина ғылымдары академиясының Бү­кілодақтық онкологиялық ғылыми орта­лығында мақсатты клиникалық ординату­ра­дан өттім. Ол жерге алты жылдық тә­жіри­бе­мен барғанмын, профессорлармен бір­ге операцияларға қатысып көзге түс­тім. Олар маған ғылымға бет бұруға ке­ңес берді. Клиникалық ординатураны бітірген соң сонда жұмысқа қалдым. 1991 жылы Мәскеуде диссертациямды қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болдым. Одан соң елге қайтуды жөн көріп, Көкшетаудағы онкологиялық диспансерде хирург болып, кейін бас дәрігердің орынбасары болып қызмет еттім. Бұл қызметіммен қатар 1992 жылдан бастап Көкшетау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі болып істедім. 1995 жылдан бас­тап үш жыл Мәскеуде онкологиялық ғы­лыми-зерттеу орталығының торакалды бөлімінде әлемге әйгілі академик М.И.Давыдовтың жетекшілігімен док­то­ран­­турада оқыдым. 1997 жылы медицина ғылымдарының докторы ғылыми дә­ре­же­сін алу үшін жасаған диссертациям­ды сәтті қорғап шықтым.

Бұл уақыт астанамызды Ақмола өңі­рі­­не көшіру басталып жатқан кез еді. Сол шақта өзім білім алған Астана ме­ди­­цина университетінің басшы­лы­­ғы елорда мәртебесіне сай қаланың меди­ци­налық әлеуетін көтеру бағытында оқу орнынан онкология кафедрасын ашуды ұсынып, мені ресми түрде жұмысқа шақырды. Содан 1997 жылы осында онкология кафедрасын аштым, мамандарды даярлауды қолға ала бастадық. Елорда түгілі, елімізде онкологтер тапшы болатын. Елдің бір керегіне жарап, үлесімізді қос­сақ деген ниет осы салада белсене жұ­мыс істеуге ынталандырды.

– Елімізде онкология саласына қай уа­­қыт­тан бастап мықтап көңіл бөліне бас­­­та­ды?

– Жалпы, онкология саласы 50-60 жыл­дары Кеңес Одағы кезінде қолға алына бастаған. Бұл зерттеушілер өте аз, диагностиканың кемшін, емдеу көрсеткіші төмен кезең еді. Сол шақтарда академик Н.Блохиннің бастамасымен Мәскеуде ең алғашқы бүкілодақтық онкологиялық орталық ашылды. Осы орталықтың кө­ме­гімен Қазақстанда және басқа да рес­пуб­ликаларда кадрлар даярлайтын, ғылыми және емдеу жұмыстарын жүргізетін онкологиялық институттар ашыла бастады. Бізде онкология институты Алматы қаласында құрылды. Қатерлі ісікті анықтау, емдеу қиын кез еді. Бұдан өлім-жітім де көп болатын. Сондықтан өз алдына бөлек онкологиялық диспансер ашу керек деген қаулы шыққан. Солай әр облыста диспансерлер пайда болды. 80-жылдардан бастап жаңа жабдықтар әкеліне бастады. Соған қарамастан онко­ло­гиялық операцияларды жүргізу әлі же­тіле қоймады. Бұл хирургияның ең күр­делі операциялары еді. Жоғарыда аталған Мәскеудегі ин­ституттың көмегімен жер-жерде онко­ло­­гия саласы дами бас­та­ды. Мен де сол инс­титутта білімімді же­тіл­ді­­ріп, шың­дал­дым.

1999 жылы Үкіметтің қаулысымен Астанада қалалық онкологиялық диспан­сер­дің базасында ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізу және науқастарға көр­се­тілетін ем-дом шараларын жақсарту мақ­­сатында Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының филиалы ашылды. Мен сол жылдан бастап 2007 жылға дейін осы филиал­дың директоры болдым.

Бұдан кейін елорда атанып, халқы көбейіп, талап күшейе бастаған тұста жаңа онкологиялық орталық салу қажеттігі туды. 2008 жылы жаңадан он­ко­логиялық ор­та­лық ашылып, сонда бас дә­рігер болып 2010 жылға дейін қызмет еттім.

Ал біздің Астана медициналық уни­вер­ситетінен ашылған онкология кафе­д­ра­сы саладағы мамандарды даярлауға, еліміздегі онкологтердің қатарын арт­ты­руға айтарлықтай үлесін қосып ке­леді. Жалпы, болашақ онкологтерді даяр­лау, ғылыммен айналысу, емдеу – үш жұ­мысты қатар атқарып келе жатырмын.

Астана астана болғанға дейін мұнда күр­делі операциялар жасала бермей­тін. Мәскеуде оқып-тоқып, алған тәжіри­бем­мен 1997 жылы онкологиялық барлық опе­­ра­цияны жүргізуді өзім бастап қол­ға алдым. Жергілікті дәрігерлердің білік­тілігін көтеруге ықпал еттім. Қазір шәкірт­те­рі­м­мен бірге осында өңеш, өкпе, асқазан, ба­уыр, бүйрек, тағы басқа да органдарға операция жасап жүрміз. Науқастар маңайдан ғана емес, республиканың түкпір-түкпі­рі­нен келеді. Күніне кем дегенде 15-20 операция жасаймыз. Әр операция кем де­генде төрт сағатқа созылады. Осы жер­де қызмет етіп жүрген дәрігерлердің де тәжірибесі толыса бастады. Сондықтан дәрігерлерді басқа қалаларға тәжірибесін жетілдіруге жі­бе­ре бермейтін болдық. Өйткені өзімізде барлық жағдай жан-жақты қарастырылған.

– Дегенмен дәрігерлерді ауруханаға әкелініп жатқан соңғы заманауи технологияларды жете меңгеруі үшін, олармен жұмыс істей алуы үшін тәжірибе ал­масуға басқа жақтарға жіберіп тұра­тын шығарсыздар?

– Әлбетте, біліктілікті арттыру қ­а­шан­да тоқтаған емес. Мен бұл жерде бір жағынан қазіргі уақытта панде­мия­ға байланысты тәжірибе алмасу мақсатындағы іс-шаралардың шектеліп тұрғанын айтып отырмын. Әйтпесе біз­дің дәрігерлер әлемнің көптеген медици­на­сы озық мемлекетінде тәжірибеден өтіп келіп жүр. Атап айтқанда, көрші елдерге қоса Жапонияда, Кореяда, Еу­ро­па елдерінде, сондай-ақ мұхиттың арғы жағындағы мемлекеттерге барып қайтқан дәрігерлеріміздің көргені мен кө­ңіл­ге түйгені көп. Басқа мемлекеттер ма­мандарының да біздің дәрігерлерден үйренері мол.

Ал өзіңіз айтып отырған жоғары тех­но­ло­гиялық жаңа құралдарды мең­ге­руге келсек, дәрігерлеріміз Алма­ты­да, Мәскеуде қосымша біліктілігін арттырып, сәулелі емді жүргізудің қыр-сырына қанықты. Өзім де 2009 жылы АҚШ-тың Бостон қаласында Массачусетс жалпы ауруханасында тағылымдамадан өткенмін.

– Елімізде онкологиялық ауруларды ем­­дейтін дәрігерлердің көптеп даярланып жат­қаны қуантады. Алайда бұл оң өз­ге­ріс саладағы дәрігерлерге деген сұ­­­ра­­ныс­ты қанағаттандыра ала ма?

– Рас, онколог дәрігерлер жетіспейді. Бұл ретте әлі де біраз жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Әрине, Үкімет тарапынан қолдауға кенде емеспіз, Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын онкология саласында мамандар даярлауға квотаны көбейтіп жатыр. Мысалы, Астана медициналық университетінің онкология мамандығына былтыр 14 адам түссе, биыл 19 адам түсті. Түлектеріміздің көбі аста­на­дағы онкологиялық орталықта, қала­лық ауруханаларда, емханаларда жұ­мыс істеп жатыр, басқа да өңірлерге барып жатқандар бар.

Осы тұста астанадағы онкологиялық орта­лықтағы дәрігерлер түгелге жуық өзім­нің шәкірттерім екенін айта кеткен жөн. Қазір осында бірі хирург, бірі химиятерапевт, бірі радиолог болып жұмыс істеп жүр. Бәрі – бір-бір бөлімнің меңгерушісі. Бұл 24 жылдан бері болашақ мамандарды даярлап келе жатқан, өзім ашқан кафедраның жемісі дер едім.

– Жоғарыда шәкірттеріңіз хирур­гия­­лық ем жүргізуді жетік меңгер­генін атап өттіңіз. Осы ретте, өзіңіз жұмыс іс­тей­­тін ауруханада қатерлі ісікті емдеу­дің қандай түрлері бар екенін айтып бер­­сеңіз?

– Біздің орталық емдеудің барлық түрін жүргізуге қауқарлы. Бұған қажет­ті жо­ғары технологиялық құрал-жаб­дық­тарымыз жеткілікті. Жалпы, онкологиялық ауруларды емдеудің үш түрі бар: хирургиялық, сәулелі ем және химиятерапия. Барлық ем-дом шараларын үзіліссіз жүргізуге Үкімет үнемі қолдау көрсетіп отыр. Соның ішінде барлық аурухана химиятерапия үшін қа­жет қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.

Қазақстан халқына онкологиялық кө­мек көрсету – денсаулық сақтау жүйе­сі­нің негізгі бағдарламалық құжат­та­рында айқындалатын мемлекеттік саясаттың бас­ты бағыты. Бүгінде еліміздің тұс-тұсында онкологиялық диспансерлер ашылып, оларды талапқа сай толықтай жабдықтау мәселесі де назардан тыс қалмаған.

Біздің де ғимаратымызды жаңа деуге әбден болады, салынғанына 10 жылдан асты. Онкологиялық орталық бұрынғыға қарағанда айтарлықтай кеңіп қалған. Науқастарға қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Бұрын бір палатада 8-10 науқас жатса, қазір бір орындық, екі орындық палаталар бар. Әрқайсысының бөлек душ кабинасы бар.

– Астанадағы онкологиялық ор­та­лық­­та қала тұрғындарына қоса бас­қа өңірлерден келіп қаралатындар көп пе?

– Әрине, бұл жерде ең алдымен біз­дің орталық қалалық емес, елордалық дең­гейдегі онкологиялық орталық ре­тінде қабылданады. Елордалық деген республикалық мәртебе іспеттес. Яғни астана болған соң, бұл қалаға дертіне дауа іздеп, үміт артып, еліміздің жан-жағынан келіп емделетіндер көп. Сондықтан біздің дәрігерлер сол үдеден шығып, үнемі ізденіс үстінде болып, науқастарға қолдан келген көмегін аямайды.

Қазір ауруханадағы науқастардың жартысына жуығы – басқа өңірлерден келгендер. Олардың дені – өз қалауымен астанаға арнайы келіп, бізге жүгінгендер. Аймақтағы дәрігерлердің жолдамасымен келіп қаралатындар да көп. Оған ай­мақ­тарда қажетті жабдықтардың жет­кіліксіздігі және білікті дәрігерлердің табылмауы себеп болуы мүмкін.

Алдымызға шалғай ауыл-аймақтан келіп, қаншама уақыт емделіп, ауруынан айығып, алғысын жаудырып кетіп жатқан ағайын көп. Мұндай жағдайлар, әрине, мерейімізді өсіреді. Өкінішке қарай, ауруы әбден асқынып, меңдеген науқасқа қаншама көмегімізді көрсеткенімізбен, одан қайран болмай жатады.

– Жалпы, елімізде қатерлі ісіктен бо­­­ла­тын өлім-жітімнің саны азайып жа­­­тыр ма?

– Кейінгі жылдардың статистикасына қарасақ, өлім-жітімнің төмендегенін аңғаруға болады. Бұған екі фактордың ықпал етіп жатқанын атап өту керек. Бі­рін­шісі – ауруды ерте анықтау. Екіншісі – ме­­дициналық нысандардың көптеп салынуы. Нысандар жай ашылып қана қой­май, заманауи технологиялармен жан-жақты қамтамасыз етіліп жатыр. Мұның бәрі ауру­ды дер кезінде емдеуге септігін ти­гі­зеді.

Енді ерте диагностикалауға кеңірек тоқтала кетсем деймін. Бұл – қатерлі ісікті емдеудің ең маңыздысы. Өйткені ауруы ерте белгілі болған науқастардың түгелге жуық жазылып кету мүмкіндігі бар. Яғни обырдың бәрі – өлімге соқтыратын тажал емес. Оған қарсы тұру үшін, күресу үшін сау күніңде әрекет жасау керек. Қазір кез кел­ген емханада УДЗ, КТ, МРТ, маммография, эндоскопиялық аппараттардың бәрі бар. Мысалы, эндоскопия – адамның ішкі органдарын арнайы аспап эндоскоп арқылы тексеру. Маммография ар­қылы сүт безінің қатерлі ісігін ерте диаг­нос­ти­ка­лауға болады. Міне, осындай зерттеулер­ден соң анықталған ауруды асқынбай тұ­рып емдеуге мүмкіндік өте зор.

Қатерлі ісік төрт сатыға бөлінеді. Бірінші, екінші сатысы – ерте саты, ал үшінші, төртіншісі – аурудың асқынып кеткен сатысы. Қазір біздің ауруханада ауруы алғашқы екі сатысында анықталған науқастардың үлесі 50%-дан асады. Олардың барлығының жазылып кету мүмкіндігі жоғары. Қалғаны – ауруы әбден асқынып кеткендер. Бұлардың ішінде обырды жеңіп шығатындар бар. Сонда бұл бәлекет дерттен жазылғандардың үлесі 50%-дан асады деп шамалауға болады. Республикадағы статистика да осыған ұқсас. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісіктен аман қалудың бес жылдық көрсеткіші 54%-ды құрады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 52,9% болған. Яғни жылдан-жылға обырдан келетін өлім қаупі азайып келеді.

Бұрын қатерлі ісіктен өлім-жітімнің көп болатын себебі – науқастардың 80-90%-ы ауруы әбден асқынып кеткен кезде анықталатын. Қазір бұл көрсеткіштің де 50%-ға түскенін көріп отырмыз. Бұл ретте мемлекет ұлт денсаулығын сақ­тауда үлкен жұмыс жүргізіп отыр. Ерте диагностикалауға барлық жағдай жасалуда. Онкологиялық скрингтердің бағ­дар­ламасы қарастырылған. Халық та бұған сергек қарап, тексерілуге баратын жұрттың қатары артып жатыр.

– Скрининг демекші, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­да­уында пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейін­ге қалып жатқанын атап өтті. Бұған қа­тыс­ты не айтар едіңіз?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауын, әсіресе денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға қатысты бөлімін зор ықыласпен тыңдадым. Президент коронавирус ден­сау­лық сақтау саласы үшін үлкен сы­нақ болғанын айтты. Расында, бұл күрделі кезеңнің әлі де бітер түрі жоқ. Сондықтан медицина саласына түсетін салмақ одан сайын еселене бермек. Оның үстіне Мемлекет басшысы коронавирусқа қа­ты­сы жоқ басқа да ауруларға байланыс­ты ахуалды нашарлатып алмау керек еке­ні­міз­ді алға тартты.

Пандемия кезінде қалыпты тір­ші­лі­гімізден біршама айнып қалға­ны­мыз белгілі. Осы ретте, Президент жос­пар­лы скринингтердің де кейінге қалып қойып жатқанын атап өтті. Бұл да маңыз беріп қарайтын өте өзекті мәселе екенін ұмытпағанымыз жөн. Өйткені бір «жаумен» күресеміз деп, үйреніп қалған «жаудан» келетін қауіпті қаперде ұстауымыз керек. Яғни ерте диагностикалауды қажет ететін аурулардың алдын алу үшін ұдайы тексерілу жоспардан тыс қалмағаны маңызды. Бұл қатарда онкологиялық патологияларды анықтауға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жүргізу керек.

Президент халыққа Жолдауында «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет екенін, соның нәтижесінде зертханаларымыз 90%-ға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтінін айтты. Кез келген дерттің дауасы уақытында анықтау болса, осы қойылған міндеттер сол мақсатты орындауға бастайтын бағыт екені анық.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»