Әдебиет • 13 Қыркүйек, 2021

Өлеңдегі мінез

440 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Америкалық ақын Вирджиния Вулфтың «Джордж Элиот» атты эссесін парақтап қалсаңыз «Джордж Элиотты оқуға назар аудару – бұл адамдардың ол туралы көп білмейтінін түсіну», деп басталады. Шынында бір ақынды немесе қаламгерді тереңірек түсіну ең алдымен оның шығармашылығымен танысудан бастау алады. Талай ақынды қыл бабында жаратып, қолына қалам ұстатқан құдіретті поэзия Темірхан Медетбекке де өзгеше дес берді.

Өлеңдегі мінез

Оның әр жазған өлеңін алты құр­лық асырып әкетпесе де, Алты Алашқа дер кезінде жеткізе білді, та­ны­мал етті. Дауыл мінез ақынның өлең­дерін оқып келе жатып күн де, түн де, жел де, алдыңдағы аппақ па­рақтар да өлең болып сөйлейтініне еш күмән келтірмейсің. Себебі жақ­сы ақынның жыры саған бір сәт­ке болса да серік болып отырады. Өлең­ді түсіну үшін емес, сезіну үшін оқи­тынымыз да осы тұста еске түседі.

«Арымас аттар мiнетiн,

Тозбас тондар киетiн;

Қара тастарды қақ жарып

Қарағайлардай

Қаптап өсетiн;

Қара нарлары

Шудалары желкiлдеп

Қара бұлттардай көшетiн;

Айғырлары

Күнге қарап кiсiнеп,

Биелерi

Айға қарап құлындаған;

Кетiссе –

Бұрылмаған.

Сөздерiн

Тасқа қашаған;

Алыпсоқтарының итаяғын

Оюлап

Жезден жасаған;

Алтайды жастанып жатса

Аяғы Үрiмге жеткен,

Керiлсе

Үрiмнен де өткен...»

Міне, ақын осылай жалғыз-ақ өле­ңімен кешегі қадау-қадау ғасыр­лар­­да тарихта алтын із қалдырған ата-баба­ларымыздың қандай болғанын, не істегенін ойымызға оралтады, ойландырады. Нобель сыйлығының лауреаты, бұл атағын айтпағанда, әлем оқырманы сүйіп оқыған Бродский: «Қазір де, кейін де тіл ұшындағы сөз­дің дәлдігіне мән берген жөн-ау деймін», депті Мичиган универ­сите­тінің студенттерімен кездесуінде. Өлең­де сөзді абайлап, аса дәлдікпен қол­данған ақынның жақсы үлгісі Темірхан Медетбек деп ойлаймын. «Қара нарлары шудалары желкiлдеп, қара бұлттардай көшетiн» дегеніне ешкім қарсы уәж айта алмайды да. Қазақ баққан қара нарлар солай болды емес пе?!

Абыз жазушы Әбіш Кекіл­баев Темірхан Медетбектің шығарма­шы­лығы жөнінде: «Ол көптің мүддесін сөз арасында емес, өз мұңын шетке ысырып қойып, бәрінен бұрын мұңдап, бұрын жырлап келе жатқан әлеуметшіл ақын. Әмбенің қиналған шерін толғап, әмбенің тебіренген сырын айтып келе жатқан ұлт жоқшысы, ұлт жыршысы» деген көшелі сөз айтыпты. Әрине, ақынның қорғаны – халық, ал қорғанына өлеңмен сыр айту, мұң шағу да нағыз ақынға тән қасиет. Бірақ маңыздысы, қалай сыр айтуда, қалай мұң шағуда болмақ. Сол үшін біз еш именбестен Темірхан Медетбек поэ­зиясы – мінезді поэзия дегіміз келеді. Бұл сөзімізді оның жырларындағы жасын іспеттес жарқ етер өр мінез бен батылдық, өжеттік дәлелдей алады.

«Ішіме от толып кеткенде

Қарағайдың бұтағына

Қарыс боп қатқан мұзды

Омырып алып

Күтір-күтір

Шайнайтын едім.

Соның өзінде

Қызуым басылмай

Сақылдап

Қайнайтын едім.

Қайда, сол кездер?!

Құданың құдіретін-ай,

Жығылатын жерден жығып,

Ұтпайтын жерден

Ұтатын едім.

Қара бұлттардың

Қалыңына кіріп

Қып-қызыл найзағайларды

Бұтарлап сындырып

Жұтатын едім,

Қайда, сол кездер?!».

Поэзия мен сұлулық әрқашан тыныштықты шақырады. Жақсы өлеңдерді оқығанда, сонымен бірге өмір сүресің, бір сөзбен айтқанда, өлең кез келген кедергіні бұза алады. Темірхан Медетбек жырларындағы саф ой, салмақты тіркес, санада мәңгі сақталар тапқырлықтар бір-бірі­мен етене қабысып, әрі қарай өз әлемін кеңейте береді. Ақын бір сұхбатында: «Орхон-Енисей жазулары тасқа қашалған ғой. Яғни ол тарихи дастандар жолынан қара тасты соққан қашау мен балғаның шыңылы естіледі екен... Менің өлеңдерімнен де, егер құлақ сап қарасаң, сол балға мен қашаудың үні шығады. Содан ба қағазға жазып отырсам да тасқа қашап отырғандай болам», деп ағы­нан жарылады. Біздің ұлттық поэзия­мыздағы ақындық мектептің бір ұстазы да осы Темірхан Медетбек. Ол осы міндетін адал атқарып келе жатқан жыр сардары. Оның қалам ұшындағы «Көк түріктер сарыны» көк аспан астындағы көк тулы елдің, көкорай жердің, көктемін күткен ұл мен қыздың үмітін, асқақ арманын айта алды. Өлеңдегі мінез мейлі қаншама ғасырлар өтсе де өзгермейді, оның қалпы біреу ғана, ол – әуелгі қалпы. Т.Медетбек жазған өлеңдер ақ қағаздан ақ мәрмәр тасқа айналғанша өз құнын жоймайды, керісінше, биік деңгейде қайта сөйлейтін болады.