29 Қаңтар, 2014

Кісілік, кішілікті білген бабам

364 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

01фотоӘнім қалса төгіліп елде менің,

Дәнім қалса себіліп жерде менің,

«Жүзеге асты арманың қалай?» – десе

Атамекен, асырған сен дер едім!

 

01фотоАқын, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек Шаяхмет Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және Мәскеудің Әдебиет институтын тәмамдаған.

Ақылбек ШАЯХМЕТ.

 

СЕН ДЕР ЕДІМ

Әнім қалса төгіліп елде менің,

Дәнім қалса себіліп жерде менің,

«Жүзеге асты арманың қалай?» – десе

Атамекен, асырған сен дер едім!

Жүргізетін өмірдің дөңгелегін,

Ата салты, дәстүрім – ең керегім.

«Тіршілікке нәр берген кім?» – дегенде,

Атамекен, қуатым сен дер едім!

Аға сөзін құптаймын, жөн көремін,

Талай істі қапысыз меңгеремін.

«Мұның бәрін үйрендің кімнен?» – десе,

Атамекен, үйреткен сен дер едім!

Өріс кеңіп, толса егер төлге жерім,

Аққу жүзсе жұптасып көлде керім,

Сұлулықты ғажайып тұрған сақтап,

Атамекен, қорғаным сен дер едім!

Сары алтындай жарқырап белдегі егін,

Шалқып жатса ырысым жерде менің,

Қасиетті бастауы қазынамның,

Атамекен, әрине, сен дер едім!

Әлдилесе мәңгілік жер бөбегін,

Той-думанды әлі де көрмек елім.

Тыныштықтың бесігін тербететін,

Атамекен, киелім сен дер едім!

 

МЫҚТЫЛЫҚ

Бағындырған жұлқынса да асауды,

Мықты дейді арқан менен тұсауды.

Ұстап тұрған еркінен тыс неше ерді,

Мықты дейді шынжыр менен кісенді.

Мықты дейді құрсау салған қақпаны,

Қарғыбауды, жүген менен ноқтаны.

Жауып тұрған былық пенен шылықты,

Мықты дейді есіктегі құлыпты.

Мұның бәрі – шынды жалған ұқтыру,

Мықтылық сол – тізе бүкпей, тік тұру.

Қол-аяқты созсақ қана – серпілдік,

Ең мықтылық – елмен көрген еркіндік.

 

ҰСАҚҮЙЕК

Ұсақ-түйек көп десе де бүгін ел,

Ұсақты көп қажет қылар тірілер.

Ұсақ тастан құралмай ма таулар да,

Ұсақтардан басталмай ма ірілер?!

Шекті ұстаса ұсақ тиек кертілген,

Өмір күйі соған сүйеп шертілген.

Титтей шеге тапжылтпаса тақтайды,

Ұсақ тұз да астың дәмін келтірген.

Ойлап қара, кісі болсаң сөз ұғар,

Ұсақтардың қиқым болған кезі бар.

Қиқымдарды құрай алса шебер қол,

Құрақ көрпе болам деген сөзі бар.

Жердің бетін жайлап түрлі халықтар,

Кез де келер алар орнын анықтар.

Түбі өзінің құм боларын білмейді

Ұсақтарды көзге ілмейтін алыптар.

 

ҰЙҚАСТАР

Алға бастар жайнап тұрған жыр көшін,

Ұйқас деген ұйып қалған үйлесім.

Ұйқас үшін жіп иіріп әйелдер,

Кесте тоқып, сабақтайды инесін.

Жақсы ұйқас бар бұлттар жүзген көгімде,

Өскен шөп пен бітік шыққан егінде.

Әдемі ұйқас – амандасқан қос қолда,

Әдемі ұйқас – домбыраның ішегінде.

Ұйқас қуып, асқанымен сан белес,

Ұйқастардың бәрі бірдей сәнді емес.

Көп ұйқаста қиғаштық бар қисайған,

Кей ұйқаста бұғып жатыр мәңгі егес.

Тақ пен бақтың бір болғанын көріп сіз,

«Бұл қалай?» – деп талай ойға келіпсіз.

Түн мен күн де түсіп жатса итжығыс,

Гүл мен күл де ұйқасады еріксіз.

Ұйқаспайтын ұқсастықтар көп екен,

Ұйқас жоқта көлдің өзі шөл екен.

Көп пен жоқтан ұйқас іздеп жүрген бар,

Ұйқаспенен кірсе болды берекем.

 

ӨТКЕН КҮНДЕР

Жол шегі емес ұзақ жүріп келгенің,

Жеткен күнің – өткен күнді қайталау.

Бірақ, басты олқылығы пенденің –

Сонда кеткен кемшілікті байқамау.

Қартайған шал тұрса-дағы қаусап тым,

Атқан таңға, батқан күнге қызығар.

Өткен күндер – таңбасындай саусақтың,

Әрбір айда, әрбір жылда ізі бар.

Мерзімі бар әр сағат пен тәуліктің,

Өлшемі бар әр мезгілдің жылдағы.

Бір-бірімен бірдей емес барлық күн,

Бірдей емес аққан су мен құм-дағы.

Өткен күндер – жүріп өткен іздерің,

Асау аттай ілінбеген құрыққа.

Сезген кезде салқындаған күз демін,

Қыстың таяу қалғандығын ұмытпа!

 

КҮНКӨРІС

Біреу қазып, біреу жазып күн көрер,

Біреу айтпай, біреу айтып үлгерер.

Әр кісінің бар үйренген кәсібі,

Бір-бірінен қайсысы артық, кім білер?!

Шымбайына шындық батса жым болып,

Жүргендер бар жағынумен күн көріп.

Нағыз бақыт – төккен тердің өтеуі,

Есіл еңбек еш кетпесе құм болып.

Біреу қолмен, біреу тілмен күн көрген,

Жұмыс таппай жүрген де бар сенделген.

Айналысар құлай сүйген ісімен

Нағыз маман өз кәсібін меңгерген.

Кімге бөгет, кімге көмек, кімге өріс,

Жер бетінде толып жатыр күнкөріс.

Сол күнкөріс адалдықтан аттаса –

Арғы жағы жиіркенішті, бүлген іс...

 

АТА ЖОЛЫ

Жердің де жауған жауын шаңын басты,

Шыдамды секілді едік, сабыр қашты.

Жаңбырдан, қардан, желден қорқамыз деп,

Өткіздік үйде отырып жарым жасты.

Далада ата-бабам серуен құрған,

Үйкүшік кісі болса, елден қуған.

«Малдасын құрып алып, үй ішінде

Жантайып жатты» деген мүлде жалған.

Өткізген ат үстінде өз ғұмырын,

Алмаған жорықтарда көз шырымын.

Жаяудан бойы биік болғандықтан,

Көңілі көтеріңкі, сөзге мығым.

Кісілік, кішілікті білген бабам,

Еңкейіп үйіне де кірген бабам.

Киімі ықшам келген бойына шақ,

Керек пе үлде менен бүлдең оған.

Қазағым ат, түйеге артқан үйін,

Әндерін шырқап айтып, тартқан күйін.

Жетім мен жесірлерге пана болып,

Білмеген жетімхана, қарттар үйін.

Әрдайым ашық ұстап досқа жүзін,

Абайлап алды-арты мен басқан ізін,

Қолында бар нәрсеге қанағат қып,

Ұмытпай орындаған бес парызын.

Дәметпес еңбегіне сый-ақы көп,

Тап-таза ішкен асы, қуаты көп.

Елі аман, жұрты тыныш болса болды,

Аңсайтын одан басқа мұраты жоқ.

Бар шығар дәулетке мас, кілкіп-тасқан,

Бар шығар дәстүрден де үркіп-қашқан.

Келеді жаңа буын жастар өсіп,

Жалғайтын ата жолын бұлжытпастан.

Соңғы жаңалықтар