Қоғам • 14 Қыркүйек, 2021

Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі тағы ұзартылды

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі 14 қыркүйекке дейін созылған болатын. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Жедел-тергеу тобының (ЖТТ) басшысы Хасановтың күдікті Елжан Біртановтың қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде үйқамақта болу уақытын екі айға, яғни 2021 жылдың 14 қарашасына дейін ұзарту туралы өтінішхатын қарады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі тағы ұзартылды

«Біз күдіктінің мерзімін қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңіне ұзарту туралы өтінішхатты қарап отырмыз. 7 шілде күні тергеу аяқталды, қазір танысу кезеңінде. Қылмыстық іс 133 томнан тұрады, заттай дәлел және өзге де материалдар бар. Қазір Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі 14 қыркүйекте аяқталады, ал тергеу қорытындысы бойынша іспен толық танысуды аяқтау мүмкін емес. Осыған байланысты ЖТТ органының Біртановқа үйқамақ мерзімін 2021 жылдың 14 қарашасына дейін екі айға ұзартуды және қанағаттандыруды сұраймын», деді прокурор Төлеген Жараспаев.

Кеңесу бөлмесінен шыққаннан кейін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы Талғат Ақшабаев пікір білдірді.

«Күдікті Елжан Біртановтың қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде үйқамақта болу мерзімін екі айға ұзарту туралы қолдаухат қанағаттандырылсын. Күдікті Елжан Біртановтың қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде үйқамақта болу мерзімі екі айға, яғни 2021 жылдың 14 қарашасын қоса алғандағы 21 сағат 56 минут уақытқа дейін ұзартылсын. Қаулыға шағым жасалуы мүмкін, ол жария етілген кезден бастап үш тәулік ішінде өтініш бойынша қайта қаралады», деді судья Талғат Ақшабаев.

Айта кетейік, Елжан Біртанов Мемлекет басшысының жарлығы бойынша 2020 жылдың 25 маусымында Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылған.

2020 жылдың 3 қарашасында экс-министрге қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.

2020 жылдың 7 қарашасында төрт айға үйқамаққа алынды;

2021 жылдың 12 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты экс-министрдің үйқамақтағы мерзімін наурыз айының соңына дейін ұзартты;

2021 жылдың 6 мамырында сот Елжан Біртановтың үйқамақ уақытын 14 маусымға дейін созды;

2021 жылдың 9 маусымында Біртановтың үйқамақ уақыты 14 шілдеге дейін созылды;

2021 жылдың 14 шілдесінде сот экс-министрдің үйқамақ мерзімін 14 қыркүйекке дейін ұзартқан болатын.