Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы терең мән-мағынаға ие әрі онда басты мақсатымыз – Қазақстанның дамып өркендеуіне қол жеткізу жөнінде нақты міндеттер белгіленген.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы терең мән-мағынаға ие әрі онда басты мақсатымыз – Қазақстанның дамып өркендеуіне қол жеткізу жөнінде нақты міндеттер белгіленген.
Осы құжатта еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының негізгі мақсаттары айқындалып, халқымыздың маңызды құндылықтарын орнықтыруды көздейтін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы көрініс тапқан.
2014 жылғы Жолдау «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың нақты бағдарламасын және әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру туралы нақты тұжырымдамалық көзқарасты қамтиды. Елбасының белгілеп көрсеткен бағыт-бағдарлары Қазақстан экономикасының түбегейлі жаңғырып, бәсекеге қабілеттілігі мен даму қарқынының арта түскендігін айғақтайды.
Елбасы Стратегияны іске асырудың төрт негізгі қағидатын айқындап берді, олар: қабылданатын барлық шешімдердің прагматизмі мен эволюциялылығы қағидаты, өзара тиімді ашықтық қағидаты, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру қағидаты, бүкілхалықтық қолдау қағидаты. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін міндеттерді кезең-кезеңімен іске асырып, халқымыздың өмір сүру сапасын жылдан-жылға арттырып отыру қажет.
«Алдымен – экономика, сонан соң саясат» деген мемлекеттік саясат қағидатын алға тарта отырып, Мемлекет басшысы жаңа стратегиялық құжатта ұлттық экономиканы дамытудың жаңа қағидаттарына көшуді ұсынды. Осылардың негізінде барлығын түгелімен қамтитын экономикалық прагматизм жатыр, яғни мұның мәнісі барлық басқару шешімдерін экономикалық орындылық тұрғысынан қабылдаған жөн дегенге саяды.
Президенттің Қазақстан халқына арналған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы еліміздің ұзақмерзімді кезеңге арналған бағытын айқындайтын оның жаңа даму кезеңінің бастауы саналады. Сөйтіп, Мемлекет басшысы нақтылап берген келелі міндеттер табысты түрде іске асырылуда. Өткен жылда атқарылған жұмыстарды саралайтын болсақ, Елбасының нұсқаған бағытын бағындыру жолында Қазақстан алға қарай батыл қадам басты деп нық сеніммен айтуға болады.
Ел тарихында тұңғыш рет мемлекеттік басқару жүйесінде ауқымды саяси реформа жүзеге асты. Жергілікті билік өкілдерін сайлау, мемлекеттік органдардың есептілігі және олардың қызметінің айқындығы, жергілікті маңызы бар мәселелерді нақты шешуде халық мүмкіндіктерін кеңейту, қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту қоғам мен биліктің өзара іс-қимылының тиімділігін арттыра түсті. Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін меритократия мен бәсекелестік принциптеріне негізделген әкімшілік реформаның маңызды кезеңі іске асырыла бастады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Президент айқындап берген еліміздің саяси бағыт-бағдарын әрі қарай іске асыру мемлекеттік басқару органдары мен бүкіл қоғам тарапынан барынша күш жұмсауды талап етеді. Осыған орай, бюджет қаражатының жұмсалуына тәуелсіз сыртқы бақылауды жүзеге асыратын Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне айрықша міндет жүктеліп отыр. Еліміздің жоғары қаржы бақылау органының жауапкершілігі аясына ұлттық ресурстарды басқаруға байланысты мемлекеттің қызметі кіреді. Атап айтқанда, бюджет-қаржы процесін бақылау, мемлекет қаражатының ұқыпты әрі тиімді пайдаланылуын қадағалау. Сондай-ақ, «2050» Стратегиясын іске асыруға бөлінетін қаржының жұмсалуына да баса назар аударылуда.
Мемлекет басшысы ең озық әлемдік тәжірибеге сүйенген мемлекеттік аудиттің кешенді жүйесін құрудың қажеттігін атап көрсеткен еді. Мемлекеттік қаржылық бақылау – бюджет процесін бақылап отыратын тетік қана емес, сонымен бірге, экономиканың жай-күйіне мониторинг жүргізу, яғни бөлінген қаражатты мемлекеттің қалай пайдаланып жатқанын бағалауға бағытталған іс-шаралар кешені. Өкінішке қарай, Есеп комитеті қаржылық бұзушылықтардың жылдан-жылға артып келе жатқандығын атап өтуге мәжбүр. Бұл бұзушылықтар көп жағдайда мемлекеттік қаржылық бақылау саласында кездесетін елеулі кемшіліктер мен заңнамалық олқылықтарға байланысты екенін айта кету керек. Сондықтан, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді тиімді орындау үшін мемлекеттік қаржылық бақылаудың тетіктерін де жаңғырту қажет.
Мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің мемлекеттік аудитке көшуі Есеп комитетіне өз қызметін озық халықаралық стандарттарға сай, әлдеқайда тиімді әрі сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік беретін болады. Мемлекет басшысының ең озық әлемдік тәжірибеге негізделген мемлекеттік аудиттің кешенді жүйесін құру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында елімізде Мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасы қабылданды. Аталған тұжырымдаманың мақсаты – қолданыстағы мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарын және мемлекеттік аудитті енгізуге тұжырымдамалық ұстанымдарды айқындау.
Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың тиімді жүйесі Мемлекет басшысын, Парламентті, Үкіметті және жалпы жұртшылықты мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі, қаржыны жұмсаудың заңдылығы, үнемділігі және тиімділігі принциптеріне сай, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдалануы туралы объективті әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге тиіс. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекеттік аудиттің түрлерін, субъектілері мен нысандарын регламенттейтін заңнамалық базаны қалыптастырып, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылауды жүргізудің халықаралық стандарттарға сай келетін әдіснамалық негіздерін дайындау, мемлекет қаражаты мен активтерінің тиімді пайдаланылуын бақылайтын құрал ретінде мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесін жетілдіріп, мемлекеттік аудит органдарының өкілеттіктері мен өзара іс-қимылының аражігін айқындай отырып олардың теңдестірілген құрылымын қалыптастыру, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін даярлаудың, қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттырудың халықаралық талаптарға жауап беретін жүйесін құру, мемлекеттік аудиттің интеграцияланған ақпараттық жүйесін жасап, мемлекеттік аудиторларды сертификаттаудан өткізудің жүйесін енгізу қарастырылған.
Тұжырымдамаға сәйкес мемлекеттік аудитті енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезеңі – 2013-2014 жылдарға, екінші кезеңі 2015-2017 жылдарға есептелген.
Бірінші кезеңде мемлекеттік аудиттің Лима декларациясының қағидаттарына және халықаралық стандарттарға сай келетін заңнамалық және әдіснамалық базасын қалыптастыру қарастырылған. Атап айтқанда, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр, аталмыш заң жобасы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдарын ұйымдастырудың, олардың қызметі мен өкілеттіктерінің бірыңғай қағидаттарын белгілеуге бағытталған. Қазіргі уақытта аталған заң жобасы Парламентте талқылаудан өтуде.
Қорыта келгенде, «2050» Стратегиясының басты мақсатына, яғни қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен деңгейін түбегейлі арттыруға Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттерді шешкен жағдайда ғана қол жеткізуге болады. Қазақстан кең көлемді жобаларды табысты іске асыра алатындығын сан мәрте дәлелдеген болатын. Республикамыздың соңғы жиырма жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері болашаққа жарқын болжам жасауға мүмкіндік береді. Сол себепті, қазіргі сәтте осы бір ауқымды да маңызды құжатты әрқайсымыз мұқият ой елегінен өткізіп, оны орындау үшін нақты жұмысқа кіріскеніміз жөн.
Есеп комитеті қаржылық бақылаудың жоғары органы ретінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының жаңа кезеңі жағдайында барлық күш-қуатын Қазақстан Республикасының табысты дамуы үшін жұмсайтын болады.
Ерлан ТҰРЛЫБЕКОВ,
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау
жөніндегі есеп комитетінің мүшесі.