30 Қаңтар, 2014

Бүгін – үлгі, ертең – та­рих

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үлкен өнер де, ұлы шығармалар да көп оқыған, көп ізденген, көпті көрген адамдардан шығады екен. Кеше Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевтың «Өмірдің өзі – театр» атты кітабының тұсауы кесіліп, мәдени шараға Алматының игі жақсылары ортақтасып, ұлтымыздың талай ұлылары ұлықталды.

IMG 7078

 

Үлкен өнер де, ұлы шығармалар да көп оқыған, көп ізденген, көпті көрген адамдардан шығады екен. Кеше Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевтың «Өмірдің өзі – театр» атты кітабының тұсауы кесіліп, мәдени шараға Алматының игі жақсылары ортақтасып, ұлтымыздың талай ұлылары ұлықталды.

IMG 7078

Қай жағынан алсаң да тағы­­­­лымды өткен зиялылар тоғысуында белгілі қоғам және өнер қайрат­­­кер­лері, ақын-жазушылар, актер­дің сахналас әріптестері мен туған-туысқандары табылды. Тұ­саукесер рәсіміне жастар көптеп жиналғаны қуантты.

Киелі де кірпияз өнердің қыры мен сырын түгел меңгерген биік те терең интеллект иесі ре­тінде мойындалған Сәбит аға­мыздың қолға тиген жаңа кітабы қай өлшемге салсаң да сүбелі дүние – сырсандықтың аузы ашылғандай салмақты екенін замандастары тілге тиек етті.

Осылайша, жансарайы жарық актер кейінгілерге өнеге жолын көрсетіп, өнертану ғылымының қоржынына өлшеусіз естеліктерін қосты. Кітаптың тұсаукесер рә­сі­мін жүргізген Әшірбек Сығай айт­қандай, ақиқатында бұл кітапта қыршу мен қытымырлану, қабақ түйісу жоқ. Тарлан талант иесі өзіне тән жұмсақ юмор, әдемі әзілімен көз көрген жайттарды жазады. Өмірді ғажап жағына қарай өзгерткен өнер мен өнер адамдары жайлы жалықтырмас ғибратты кезеңдер туралы баяндайды.

Тұсаукесердегі естеліктер тиегін Камал Ормантаев сынды алтын қолды дәрігер бастап берді.

– Ұлы өнер оған деген ұлы махаббаттың, оны сүйген, қасиетін киепеттеген адамдардың, үлкен жүректің арқасында ғана өлмей келе жатыр, – дейді Дулат Исабековтей жазушы. Дулат ағамыз жастардың жетесіне Сәбит Оразбаевтың терең талантқа айналуына кітапты көп оқығаны, әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетін біліп қана қоймай, салыс­тырып, безбендей алатын қасиеті жетеледі дегенді жеткізді.

Қазақтың тұлғалы актері Асан­әлі Әшімов ағамыз театр та­бал­дырығын бірге аттаған әріп­тесімен сахнадағы алғашқы рөл­дері, оқы­латын кітаптар мен оқылмайтын кітаптар бар екендігі туралы сыр шерте келе:

– Сәбиттің көрген-түйге­нін ақтарып, кітап шығарып, жастар­ға қазір естеліктер айтып отыруы­ның өзі де бүгін – үлгі, ертең – та­рих, – деді.

Кітаптың тұсаукесерінде жи­налғандарды тәнті етіп, таң-ғалдырған сәттің бірі – Бибігүл Төлегенова апамыздың драма теат­ры, өнер туралы жасандылықтан ада пайымдары мен дайындықсыз, микрофонсыз ән шырқауы еді. Ғажайып дауыс иесі 85 жасында да сұлулығынан бір танбай, шын дарындар қандай екенін паш етті десек әсіре сөз болып шықпас.

Қоғам қайраткері Шәмша Бер­кімбаева апамыз кітаптың салмақты да қызықты болып шығуы Сәбит ағамыздың ана тілінің уызына жарып өскендігінен де дегенімен көпшілік келісіп, қошеметін білдірді. Кеште ақын­дар атынан Темірхан Медетбек сөз алды.

«Алматы ақшамы» кітапханасы сериясымен жарық көрген бұл кітапқа – эсселер, естеліктер, ой-толғамдар енген. Жобаның жетек­шісі – Қали Сәрсенбай. Автордың кітабын құраған шығар­малар жыл­дар бойы аталмыш газетте үздік­сіз жарияланып, оқырмандар ықы­ласына бөленген.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

––––––––––

Суретті түсірген

Самат ҚҰСАЙЫНОВ.

Соңғы жаңалықтар