30 Қаңтар, 2014

Шарайна

314 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

01-шар1 1АҚШ президенті Барак Обама 28 қаңтар күні кешкісін Конгресс алдында «Елдің жағдайы туралы» жолдауын жасады. Сөзі барысында ол үкіметпен келісім жасаған компаниялар қызметкерлерінің еңбекақы деңгейін сағатына 10,1 долларға дейін көтеру туралы жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.

 

АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ КОНГРЕСТЕ ЖОЛДАУЫН ЖАСАДЫ

01-шар1 1АҚШ президенті Барак Обама 28 қаңтар күні кешкісін Конгресс алдында «Елдің жағдайы туралы» жолдауын жасады. Сөзі барысында ол үкіметпен келісім жасаған компаниялар қызметкерлерінің еңбекақы деңгейін сағатына 10,1 долларға дейін көтеру туралы жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.

«Ассошейтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, жарлық 2015 жылдың басында күшіне енеді. Бұл орта таптағы азаматтардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Президент өз жолдауында, сондай-ақ, орта тап өкілдерінің еңбек нарығында бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру үшін оларды кәсіби қайта даярлау бағдарламасын әзірлеу қажеттігін де атап өткен. Барак Обаманың атап өтуінше, бұл шаралардың барлығы орта тапты нығайтады және ел экономикасының өсу қарқынын жеделдетеді. Сонымен қатар, президент жолдауда АҚШ Конгресі мен федералдық үкімет арасында өзара қарым-қатынас мәселесіне де ерекше назар аударған.

 

ҚЫРЫҚТАН АСТАМ АДАМ СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛДЫ

01-шар1 2Соңғы ақпараттарға қарағанда, Боливиядағы су тасқынынан 40-тан астам адам мерт болып, 20 мыңға жуық тұрғын баспанасыз қалған. Табиғат апатына байланысты Боливия билігі елде төтенше жағдай енгізді.

Қазіргі кезде табиғат апаты салдарымен күреске әскери күштер де жұмылдырылып отыр. Су тасқынынан елдің Ла-Пас, Бени, Санта-Крус және Кочабамба аймақтары көп зардап шеккен сияқты. Кейбір деректер бойынша, курортты Рурренабак қаласында жер көшуі салдарынан кемінде 10 адам опат болған. Бұл елді нөсер жауын өткен жылдың қыркүйегінен бері жиі мазалап келеді.

 

УКРАИНА ШЕНЕУНІКТЕРІНІҢ КЕЛУІНЕ ШЕКТЕУ ЕНГІЗДІ

01-шар1 3Канада үкіметі Украинаның жоғары лауазымды шенеуніктеріне ел аумағына келуге шектеу енгізді. Көші-қон істері жөніндегі министр Крис Александрдің мәлімдеуінше, бұл жаңа шара бірден күшіне енген.

Канада билігі бұл шешімді украиналық билеуші элита мүшелерінің елдегі қарсылық акциясына қатысушыларға қарсы жасаған іс-қимылына байланысты деп түсіндіреді. «Канада еркіндік пен демократия жолында ерлік көрсеткен Украина халқын әлі де қолдайды», деп атап өтіпті К.Александр. Сонымен қатар, министр «Біз оппозицияның үнін өшіруге тырысқан бірқатар украиналық шенеуніктердің Канадаға келуіне шектеу қойып отырмыз», деген көрінеді мәлімдемесінде. Бірақ, ол шектеудің кімдерге қойылғанын атамаған.

 

ОСЫНДАЙ ДА ҚЫЗЫҚ ОҚИҒА БОЛАДЫ ЕКЕН

01-шар1 4Швеция тұрғыны Томас Хольмберг пәтерін тонамақ болған 21 жастағы ұрыны пәтеріне шақырып, оған ыстық ықылас танытқан және кофе қайнатып, қонақ ретінде күтіпті.

Оқиға былай болған екен. Түн ортасында жас жігіт Хольмбергтің пәтеріне балкон арқылы кірмек болған. Пәтер иесі мен оның зайыбы тасыр-тұсырдан оянып, балконға қараса, онда тұрған бейтаныс адамды көреді. Балконды ашқан пәтер иесі ұрыны ішке кіргізеді. Оны ас бөлмесіне шақырып, кофе ұсынады. «Ол бақытсыз адам кейпінде болды, – деп айтады Хольмберг. – Тоңған екен, бір жұтым кофе оған керек екенін білдім де, пәтер ішіне кіргізуге шешім қабылдадым». Оның бұл ұсынысына ұры қарсы болмапты, кофені ұрттай отырып ол тонауға әрекеттенгені үшін үй иесінен кешірім сұраған екен. Еш қарсылық танытпай, ұры полицияның келуін де күтіпті.

 

01-шар1 5ГҮЛНАРА КАРИМОВАНЫҢ БИЗНЕС-СЕРІКТЕСІ ҰСТАЛДЫ

Мәскеудің «Шереметьево» әуежайында Франция азаматы, бизнесмен Эрик Кокини ұсталды. Оған Өзбекстан аумағында тұрған кезінде экономикалық қылмыстар жасады деген күдік келтіріліп отыр.

Ресейлік полицейлердің ақпараттары бойынша, Э.Кокиниге Өзбекстан тарабы мемлекетаралық іздеу жариялаған. «Ферғана» агенттігінің хабарлауынша, Кокини бірқатар жылдар бойы Өзбекстанда кәсіпкерлікпен белсенді араласқан көрінеді. Сонымен бірге, ол Ташкентке Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримованың бизнесін құру үшін парфюмерия бұйымдарын жеткізуді ұйымдастырған деген деректер бар. Айта кетейік, соңғы кездері Өзбекстанда Гүлнара Каримоваға жақын бірнеше адам қамауға алынған болатын.

 

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:

Республикашылар партиясынан сайланған америкалық конгрессмен Майкл Гримм Нью-Йорктің NV1 телеарнасының тілшісі Майкл Скоттан оның атына қауіп төндіретін сөз айтқаны үшін ке­шірім сұрады. Конгрессмен телеарна тілшісіне «сені бір саусағы­м­­­мен жаншып тастаймын» деген көрінеді.

Ресейдің федерация кеңесі елдің жоғарғы және жоғары арбитраждық соттарын біріктіру туралы заң жобасын бекітті. Заңға сәйкес Ресейде енді жоғарғы сот қана қызмет етеді.

Литва президенті Даля Грибаускайте Киевтегі қақтығыс­­­­­тар­да жараланып, Вильнюс қаласына емделуге жеткізілген украи­на­лықтар арасында болды. Ол «адамдарға қарсы жабайы күш қол­дануды ешқашан ақтауға болмайды» десе керек.

Жапонияда екі әскери оқу-жаттығу ұшағы жаттығу кезінде соқтығысып қалды. Ұшақтағы ұшқыштар зардап шеккен жоқ.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.

Соңғы жаңалықтар