Коронавирус • 15 Қыркүйек, 2021

Індеттен аман қалудың жалғыз жолы

211 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысында 1 750 төсектік орын, 23 медициналық ұйым жаман тұмаудың шеңгеліне іліккен науқастарды емдеуде. Бүгінде төсектік орындардың 42 пайызы толық. Жансақтау бөліміне түскендердің саны 1,6 пайызға көбейді.

Індеттен аман қалудың жалғыз жолы

Өңірде індеттің алдын алу бағытында қыруар жұмыс атқарылып жатқанымен, жұқпалы аурудың екпіні әлі бәсеңдемей тұр. Етек алып кетуіне ең алдымен елдің өзі кінәлі. Қауіпсіздік шаралары сақтала бермейді. Алғашқы бетте абыржып, бір-біріне үрке қараған адамдардың еті үйреніп кеткен тәрізді. Мұндай немқұрайдылық жақсылыққа бастамасы белгілі. Әйтсе де сала қызметкерлері салғырт емес. Ел басына төнген нәубетпен хал-қадерінше күресуде. Емделушілерге қашықтан кеңес беру жұмысы жолға қойылған. 105 мобильді топ жұмыс істейді. Өңірде денсаулық сақтау бас­­қармасы ішкі саясат басқармасымен бір­­лесе отырып, келелі мәселелерді тал­қы­лау, әлеуметтік желілерге бақылау жасау және талдауды дұрыс ұйымдастыру үшін «COVID-19» баспасөз орталығын ұйым­дас­тыр­ды.

Облыста бүгінге дейін 38 773 адамға жұқ­палы ауру жұққаны расталды. Соңғы жұ­мада апталық көрсеткіш 5,2 пайызға өсті. 1 қыркүйекке дейін жаман тұмаудың шеңгеліне іліккен 385 адамның өмірден өткені белгілі болып отыр. Алдыңғы аптада ғана ондаған адам дерт салдарынан көз жұмып, бұл орайдағы көрсеткіш 9 пайызға өскен. Қауіпті індет жұқтырған науқастардың 21 677-і емханаға өздері келіп тексерілген кезде ағзаларынан жұқпалы ауру анықталса, 12 035-і науқас адамдармен қарым-қатынаста болғандар. Демек, бұл орайда да сақтану шараларының талапқа сай емес екендігі аңғарылады. 3 339 адамның науқас екені профилактикалық скрининг ке­зінде анықталған.

Бүгінде еш адамды аяуды білмес індеттің алапат зардабынан аман қалудың жалғыз жолы – екпе алу екендігі белгілі. Ақпан айынан бастап облыс тұрғындары 629 190 доза вакцина алған. Оның ішінде 332 595-і
екпенің бірінші компонентін, 296 595-і екінші компонентті алғандар. Осылайша, осы жылдың ақпан айынан бастап екпе жұмыстары екпінді жүргізіліп келеді.

Бүгінгі таңда облыстың кәсіпорындарында жұмыс істейтін 18 168 жұмысшы екпе алып үлгерді. Олардың ішінде мұғалімдер мен студенттер де бар. Тіпті, созылмалы сырқаты бар адамдардың басым көпшілігі екпе алып үлгерген.

Қазір екпе алудың еш қиындығы жоқ. 133 вакцина орталығы мен 135 мобильді топ тұрақты жұмыс істейді. Бұл жұмысқа 564 медицина қызметкері тартылып отыр. Облыс аудандарында 11 жылжымалы медициналық кешен осы бағыттағы жұмысты тыңғылықты атқаруда.

Алдын алу жұмыстарымен бірге адам­дар­дың да өз денсаулығына салғырт қарамай, дә­рігерлер кеңесін ескеріп отырса, жаман тұмаудың қарқыны қайтар еді.

 

Ақмола облысы