Өнер • 15 Қыркүйек, 2021

Әлемдегі ең алғашқы кітапханалар

9435 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Әлемдегі ең алғашқы кітапханалар

Ашурбанипал кітапханасы

Әлемдегі ең көне кітапханалар көшін бастап тұрған бұл жәдігер біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда іргетасын қалаған. Ассирия билеушісі Ашурбанипалдың идеясымен жүзеге асырылған. Қазіргі Ирактың Ниневе қаласында орналасқан бұл кітапханада 30 000-ға жуық материал сақталған екен. Ең маңыздысы, бұл жерде 4000 жылдық тарихы бар «Гилгамеш дастаны» және бірнеше әдеби шығарманың түпнұсқасы сақталыпты. Кітапқұмар Ашурбанипал Вавилониядан және басқа жаулап алған аймақтардан құнды шығармаларды бұлап-талау арқылы өзінің кітапханасының көп бөлігін жасақтаған. Археологтер кейінірек ХІХ ғасырдың ортасында оның қирандыларын тапқанын ресми деректер дәлелдейді. Ал олардың көпшілігі қазір Лондондағы Британ музейінде сақтаулы. Бір қызығы, билеуші Ашурбанипал кезінде көптеген кітапты зорлықпен жинап алғанымен, осы әрекеті үшін кейінгі кездері қатты уайымдағаны да тарихи деректерде кездеседі.

 

Александрия кітапханасы

323 жылы Александр Македонский қайтыс болғаннан кейін, Египетті оның бұрынғы генералы Птоломей I Сотер басқарады. Ол Александрия қаласында оқу орталығын ашуды көздейді. Оның осы ынтасының нәтижесінде Александрия кітапханасы пайда болды, ол ақырында ежелгі әлемнің интеллектуалды жауһарына айналды. Аталған кітапхананың физикалық орналасуы туралы мәліметтер өте аз, бірақ оның қорында әдебиет туындылары мен тарих, құқық қорғау, математика және жаратылыстану туралы 500 000-нан астам папирус орамалары бар болуы мүмкін. Осы кітапхана мен онымен тығыз байланыстағы ғылыми-зерттеу институты сол кездің өзінде Жерорта теңізінің ғалымдарын өзіне шақырып, зерттеу жасауға ынталандырды. Олардың көпшілігі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның мазмұнын көшіру кезінде мемлекеттік стипендия алып отырды. Тіпті Страбон, Евклид және Архимед сынды ғалымдар осы мекемедегі академиктердің қатарында жұмыс істеді. Осы үлкен кітапхананың күйреуін ғалымдар б.з.д. 48 жылмен байланыс­тырады. Ол тұстағы Юлий Цезарь Египет билеушісі Птолемей XIII-ке қарсы шайқаста кездейсоқ Александрия портына от қойғаннан кейін өртеніп кеткен деген дерек тарих бетінде жазылып қалды. Александрия кітапханасының кейінгі тағдыры туралы бұдан басқа да баяндар бар.

 

Пергам кітапханасы

Бұл кітапхана б.з.б. III ғасырда салынған. Қазіргі Түркияның аумағында орналасқан Пергам кітапханасы бір кездері 200 000 шиыршықтан тұратын қазына қорына ие болған. Жазба деректерде бұл тарихи орын гректердің даналық құдайы Афинаға арналған ғибадатхана кешенінде орналасқан және төрт бөлмеден тұрады деп есептеледі. Үшеуі кітапхананың қажеті үшін, ал біреуі банкеттер мен академиялық конференциялар үшін кездесу орны болған. Ежелгі шежіреші Плинийдің айтуынша, Пергам кітапханасы өз дәуірінде жұрт арасында соншалықты танымал болған, тіпті ол Александрия кітапханасымен терезесін теңестірген. Египеттегі Птолемей әулеті осы кітапхананың дамуын бәсеңдету үшін Пергамға папирус жеткізуді тоқтатты деген аңыз да бар.

 

Папири вилласы

«Папири вилласы» деп аталатын коллекция бүгінге дейін сақталған жалғыз кітапхана. Оның шамамен 1800 орамасы Римнің Геркуланей қаласында Юлий Цезардың қайын атасы Луций Кальпурниус Писо Цезонинус салған виллада сақталған. Біздің заманымыздың 79 жылы Везувий тауы магмаларын атқылай бастағанда, кітапхана 90 футтық жанартау шоғының астында қалған.

 

Траян кітапханалары форумы

 Біздің заманымыздың 112 жылдары Император Траян Рим қаласының қақ ортасында көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтады. Бұл құрылыста плазалар, базарлар және діни ғибадатханалар еңсесін көтерді, сонымен қатар оған Рим империясының ең әйгілі кітапханаларының бірі қосылды. Кітапхана техникалық жағынан екі бөлек құрылымда жұмыс істеді, біреуі латын тілінде, екіншісі грек тілінде. Екі бөлім де бетоннан, мәрмәрдан және граниттен қаланған, үлкен орталық саналатын оқу камералары мен шамамен 20 000 шиыршығы бар кітап сөресімен қапталған торкөздер бар. Тарихшылар бұл кітапхананың қашан жабылғанын білмейді, бірақ оның жұмысы туралы біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдың аяғында жазбаша материалдарда көптеп кездеседі. Бұл оның кемінде 300 жыл өмір сүргенін айғақтайды.

 

 Цельс кітапханасы

Императорлық дәуірде Рим қаласында жиырмадан астам ірі кітапханалар болған, бірақ ел астанасында құнды әдеби кітаптарды сақталған маңызды орын болған жоқ. Біздің заманымыздың 120 жылы шамасында Рим консулы Тиберийдің ұлы Юлий Цельс Полемеанус Эфес қаласында (қазіргі Түркия) әкесіне арналған мемориалдық кітапхананы ашты. Ғимараттың әшекейленген келбеті бүгінгі күнге дейін сақталған және мәрмәр баспалдақтар мен бағандар даналықты, ізгілікті, интеллект пен білімді бейнелейтін төрт мүсіннен жасақталған. Кітапханада шамамен 12 000-ға жуық кітаптар сақталған.