ЭКСПО шежіресі: Брюссель, 1897 жыл
Кезекті Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі Бельгияның астанасы Брюссель қаласында 1897 жылдың 10 мамыры мен 8 қарашасы аралығында өтті. Оған әлемнің 27 мемлекеті қатысты. Алты айға созылған халықаралық көрмені 7,8 миллион адам тамашалады.
ЭКСПО шежіресі: Брюссель, 1897 жыл
Кезекті Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі Бельгияның астанасы Брюссель қаласында 1897 жылдың 10 мамыры мен 8 қарашасы аралығында өтті. Оған әлемнің 27 мемлекеті қатысты. Алты айға созылған халықаралық көрмені 7,8 миллион адам тамашалады.

1884 жылы Берлин конференциясы Бельгияның отары болып келген африкалық Конго елін Азат Конго мемлекеті деп жариялады. Бельгия Королі ІІ Леопольд осы оқиғаға байланысты елінің әлеуетін дүниежүзіне паш ету мақсатында Бүкіләлемдік көрме өткізу туралы шешім шығарды. Негізгі көрме Брюссель қаласында өткізілетін болса, астанаға жақын орналасқан Тервюрен қаласында «отаршылдық көрмесін» өткізу шарасы қолға алынды. Осы мақсатпен «Отар елдер сарайы» салынды (Бельгияның бір ғана отар елі болатын). Тервюрен қаласында сәулетші А. Альдофтың жобасы бойынша салынған «Отар елдер сарайына» бір ғана Конго елінің жәдігерлері қойылды. Халықаралық көрмені өткізу орны ретінде Елужылдық атындағы саябақ пен Тервюрен ауданы бөлінді.
Көрмеге Конго елінің этнографиялық жәдігерлері, Африка құрлығында мекендейтін аңдардың тұлыбы, Конго мемлекеті халықтарының тайпалық тұрмысын көрсететін бұйымдар, дәстүрлік заттары, Конго орналасқан экваторлық Африканың негізгі экспорттық өнімдері: кофе, какао және темекінің сан түрі қойылды. Сол кезеңде еуропалықтардың ерекше қызығушылығын туғызатын «тірі жәдігерлерді» көрсету мақсатында саябаққа Конгодан тұтас бір деревня көшіріліп әкелінді. Бүкіләлемдік көрме өткен алты ай мерзімде осы деревняда 60 конголық отбасылары тұрақты өмір сүрді. Бельгия үшін «отаршылдық көрмесінің» табысты өткендігі соншалық, 1898 жылы бұл көрме жәдігерлері Орталық Африканың Корольдік мұражайы болып қайта құрылды.
Көрмеге арнап салынған «Отар елдер сарайы» Конго мұражайына айналды. Сөйтіп, бұл көрме тұрақты мұражай дәрежесін иеленді. Сол жылдардан бастап көрмеге қойылған жәдігерлерді ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары белең алды. Бүкіләлемдік көрме шеңберінде, «отаршылдық көрмесіне» жәдігер жинауға бельгиялықтардың белсене кіріскені соншалық, жиналған жәдігерлер арнайы салынған «Отар елдер сарайына» сыймай кетті. Сөйтіп, мұражайды кеңейту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Жаңа мұражай ғимаратының құрылысы француздың атақты архитекторы Шарль Жироның жобасы бойынша, 1904 жылы басталды. 1910 жылы Бельгия Королі І Альберт жаңа мұражай ғимаратын салтанатты жағдайда ашты. Дүниежүзінде баламасы жоқ бұл мұражай бельгиялық Конго мұражайы деген атқа ие болды. 1960 жылы мұражайдың атауы Орталық Африканың Корольдік мұражайы деген атауға ие болып, күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр.
1897 жылғы Брюссельде өткен Бүкіләлемдік көрме шеңберінде ашылған бельгиялық Конго мұражайына жиналған жәдігерлер шындығында да адамзатты таңғалдырады. Мұнда Африка құрлығында мекендейтін 10 миллион жан-жануарлардың үлгісі қойылған. 250 мыңнан астам тау үлгілері, 180 мың этнографиялық нысандардың, 56 мың деревнялардың үлгілері орналастырылған. Мұражайдың музыкалық аспаптар бөлімшесінде 8 мыңнан астам әртүрлі музыкалық аспаптар жинақталған. Міне, осы миллиондаған жәдігерлер 4 бөлімшеге топтастырылған. Мәдени антропология бөлімшесінде этнография, археология жәдігерлері топтастырылса, геология және минералогия бөлімшесінде геологиялық, минералогиялық, картографиялық үлгілер жинақталған. Зоология бөлімшесінде омыртқалы және омыртқасыз жануарлардың және жәндіктердің небір үлгілері орын алған. Тарих және жалпы ғылыми қызмет бөлімшесіне отаршылдық кезеңінің тарихы, өңірдің ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы экономикасының негізгі сипаттамалары жан-жақты көрсетілген.
Көрме шеңберінде ашылған мұражайға қойылған жәдігерлер шындығында да келушілерді керемет әсерге бөледі. Бұл мұражайдың жәдігерлері күні бүгінге дейін миллиондаған туристердің қызығушылығын туғызуда. Бельгиялық Конго мұражайында Африка құрлығын мекендейтін халықтардың салт-дәстүрлерін көрсететін көптеген жәдігерлер бар. Келушілерді ерекше тәсілмен сақталған адамның бас сүйегі ерекше әсерге бөлейді. Кептірілген бас сүйекте адамның түр-әлпеті толық сақталған. Мұражайдың астыңғы қабатындағы арнайы бөлмеде сақталған жираф тұлыбы да келушілерді таңдандырмай қоймайды. Жоғарыдағы Африка құрлығын мекендейтін жануарлар тұлыбы жинақталған бөлімшедегі мүйізтұмсық тұлыбында оның мүйізі жоқ. Оның өзіндік себебі бар екен. Жылдар бойы Африка құрлығына келген еуропалықтар мүйізтұмсықтың мүйізі еркектердің жыныстық қабілетін күшейтеді деген қауесетпен бұл жануарларды жаппай қырып-жойған. Кейіннен мұражайға қойылған мүйізтұмсықтың мүйізін ұрлап әкету оқиғалары да орын алған. Осыған байланысты мұражайға қойылған мүйізтұмсық тұлыбының мүйізі арнайы күзет қойылған жеке орындарда сақталады екен. Мұражайға қойылған Африка құрлығында ғана кездесетін сансыз жәндік түрлері де келушілерді ерекше әсерге бөлейді.
Африка құрлығы қазба байлықтарына да бай екендігін отарлаушылар естен шығармаған. Соның дәлелі ретінде осы мұражайға Африкада табылған қазба байлықтарының неше түрі қойылған. Әсіресе, мұражайға келушілерді салмағы бірнеше килограмнан асатын малахит минералы қызықтырады. Табиғат қойнауында тұтас күйінде сақталған бұл қымбат минералдың күн нұрына шағылысқан сәулесі мұражай бөлмесін сан түске бөлейді.
1897 жылғы Бүкіләлемдік көрменің нәтижесінде Тервюрен қаласының аты әлемге мәлім болды. Негізінде Тервюрен қаласы Брюссельдің батыс аймағында орналасқан 20 мың тұрғыны бар шағын елді мекен болатын. ХІХ ғасырдың соңында Тервюрен қаласын дүниежүзіне танытқан екі елеулі оқиға болды. Біріншісі 1891 жылы осы елді мекенде бельгиялық овчарка итінің тұқымы алынды. Бүгінде бұл ит тұқымы «бельгиялық тервюрен» деген атпен әлемге мәлім. Екіншіден, 1897 жылы өткен Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі шеңберінде Орталық Африканың Корольдік мұражайы ашылды. Алты айға созылған Бүкіләлемдік көрмені 8 миллионға жуық адам тамашалап, Бельгияның беделін әлемге паш етті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».