Өнер • 15 Қыркүйек, 2021

Қазақ өнері – Норвегияда

417 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ослодағы «Раушангүл сарайы» сахнасында Қазақ мәдениеті күні өтті. Жоба жетекшілерінің шақы­руымен Қазақстан елшілігі Осло тұрғындары мен қонақтарына арнап мәдени қойылым ұйымдастырды. Алмагүл Қалелова бастаған норвег-қазақ мәдени орталығының мүшелері «Қосбасқан» мен «Аққуым­сың» атты қазақ билерін ұсынды.

Қазақ өнері – Норвегияда

Абай Құнанбайұлының «Қарасөздері» мен таңдамалы поэзиясының норвег тіліндегі аудармаларының баспагері Осхилд Күлос сөз сөйлеп, ақын өлеңдерін оқып берді. Кешен қонақтарына Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Норвегия­ның солтүстігін азат етуге қазақстандық жауынгерлердің қатысқаны және лагерлерде тұтқында болғаны туралы айтылды. Әсіресе, взвод командирі Мұқаш Сафарғалиев, сарбаздар Ғани Қышметов, Темірбек Кеңесбаев пен Иманзада Қабақов туралы әңгімелер қызығушылық тудырды.

Елші Еркін Ахинжанов пандемия тез арада аяқталса, Қазақстанның танымал өнер шеберлерінің Норвегияда, сонымен қатар норвегиялық орындаушылардың қойылымдары Қазақстанда ұйымдастырылатынын атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстан елшілігі мен «Раушангүл сарайының» кейінгі жылдары мәдени байланысы артып келеді.

«Қазақстан елшілігін және Норвег-қазақ мәдени орта­лығын «Раушангүл сарайында» қарсы алу – біз үшін үлкен қуаныш. Бұл кешенде «Советтік орыс мұнарасы» инсталляциясы бар. Мүсін – фашистік режім кезінде өмірін қиған және Норвегияда инфрақұрылым салған Кеңес Одағының барлық тұтқындарына арналған ескерткіш. Олар темір жол және басқа да құрылыс нысандарында ауыр жұмыс істеді. Көптеген адамдар сол соғыс жылдары қаза тапты. Араларында қазақтар болған. Тірі қалғандар да болды, тіпті кейбіреуі Норвегияда қалып, отбасын құрды», деді кешеннің музыкалық жетекшісі Мартин Ромберг.