30 Қаңтар, 2014

Байлық – жерде, бақыт – еңбекте

900 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

IMG 4153 Аграрлық саланы үлкен өзгерістер күтеді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Ауыл шаруа­шы­лығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұ­раныс жағдайында ауқымды жаң­ғырту қажет. Әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін бізге мыналар қажет.Егістік алаңын ұлғайту. Мұндай мүмкіндік барлық елдерде бірдей жоқ екенін атап өтемін. Егістік түсімін, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажет. Біз әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы жем-шөп базасын құру үшін үлкен әлеуетке иеміз. Біз экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын», деп ерекше атап, ел алдына бола­шаққа бағыт боларлық ұзақмерзімді міндет жүктеді.

 

Аграрлық саланы үлкен өзгерістер күтеді

IMG 4153Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Ауыл шаруа­шы­лығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұ­раныс жағдайында ауқымды жаң­ғырту қажет. Әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін бізге мыналар қажет.Егістік алаңын ұлғайту. Мұндай мүмкіндік барлық елдерде бірдей жоқ екенін атап өтемін. Егістік түсімін, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажет. Біз әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы жем-шөп базасын құру үшін үлкен әлеуетке иеміз. Біз экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын», деп ерекше атап, ел алдына бола­шаққа бағыт боларлық ұзақмерзімді міндет жүктеді.

Ал 2014 жылдың 17 қаңтары күні жария еткен «Қазақстан жо­лы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаев аграр­лық ғылымның, оның ішінде гендік жаңғыртылған дақылдар әзірлеудің арқасында Қазақстан өңірлік ірі ауыл шаруашылығы өнім­дерін экспорттаушылардың біріне айналатындығын айтты. «Қазақ­станның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәс­түр­лі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланыс­ты кездейсоқ жетістіктерге малданып қалмай, өндірістің өсімі жө­нінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек. Бірінші кезекте, әсіресе, ба­ға қалыптастырудың ашық меха­­низмдері арқылы тиімді жер нарығын құру маңызды. Ауыл­ша­руа­шылық жерлерін инвестиция тарту және озық технологиялар енгі­зуді ескеріп, жалға бергенде ғана бәсеке күшейеді. Ауыл шаруа­шылығында бизнестің дамуына, фермерлер кооперациясы үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жойған жөн», деді Мемлекет басшысы.

Бұл міндеттерді ой елегінен өткізіп, тереңірек түсінетін болсақ, еліміздің аграрлық саласында ауқымды да сапалы жаңғыртулар жүр­гізілуі тиіс. Оның негізгі мақса­ты – ел тұрғындарының сұранысын қам­тамасыз етіп, әлемдік нарық­қа лайықты кіріге алатын тиім­ді агроөнеркәсіптік жүйе қалыптас­тыру болуы керек. Қазір осыған орай азық-түлік қауіпсіздігі сияқты еліміздің тұрақты даму тұрғысынан өте өзекті міндетті нәтижелі шешу үшін мемлекет тарапынан азық-түлік тәуелсіздігін, ауылдық аумақ­тардың орнықты дамуын қамта­масыз етуге бағытталған кешенді шаралар жүргізілуде. Елбасы жүк­теген міндеттерді мүлтіксіз атқа­рып, Қазақстан әлемдік азық-түлік на­ры­ғының көшбасшысына айналу үшін біз ауылшаруашылық өнді­рісін еселеп арттыруымыз керек.

Жалпы, еліміздің агроөнер­кә­сіптік кешені үшін мал шаруа­шылығы маңызды салаға айналып келеді. Қазіргі кезде Қазақстан құс етінен басқа мал шаруашылығы өнімдерімен өзін-өзі толықтай дерлік қамтамасыз ететін жағдайда. Сонымен бірге, соңғы жылдары егін­шілікпен салыстырғанда мал шаруа­шылығында өндірілетін өнім көлемі өсіп, бұл саланың үлесі үнемі арту үстінде. «Мал – баққанға бітеді» демекші, мемлекет тарапынан мал шаруашылығын дамытуға жасалып жатқан жан-жақты қамқорлық пен қолдаудың арқасында, тәуелсіздік жылдарында ауылшаруашылық өнімдерін өндірудегі мұндай ара­қа­тынасқа тұңғыш рет қол жетті. Бұл үрдіс аграрлық саланы кешенді және теңгерімді дамыту бойынша бағыттың орнықтылығын көрсетеді. Жайлауларды суландыру – мал шаруашылығын дамытуға ұнамды әсер еткен басты факторлардың бірі. Соның арқасында төрт түліктің басы 2000 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Әсіресе, дана халқымыздың ұрпағына «мал өсірсең – қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп өсиет еткеніндей, соңғы жылдары қой өсіруге, жалпы төрт түлікті төлдетіп, мал өсіруге, оның бас санын көбейтуге, тіпті, олардан дайын азық-түлік өнімдерін өндіруге бет бұрған кәсіпкерлердің қатары көбейіп келеді. Ол заңды да. Өйткені, Президентіміз айтқандай, бұл – біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы айналысқан ең етене жақын, дәстүрлі саламыз.

Бүгінгі күні Елбасымыз да бо­лашақ аграрлық секторда екенін ерекше ескертіп отыр. Егер біз төрт түлікті тек еті мен сүті үшін ғана өсірмей, олардан алынатын миллиондаған дана тері мен мың­даған тонна жүнді де өңдейтін шағын және орта бизнес түріндегі өңдеу кәсіпорындары желісін құрып, оларды сапалы дайындалған дайын өнім ретінде өндіретін жеңіл өнеркәсіпті дамытатын болсақ, бұл ел көлемінде қаншама жұмыс орындары ашылып, халқымыздың әлеуметтік-тұрмыс жағдайларының жақсаруына жол ашатыны анық. Ол үшін әрине, біз бизнесті, әсіресе ауылдық жерлердегі шағын және орта кәсіпкерлікті жеңілдетілген несие, салықпен қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз, өздері тікелей шығатындай жағдай жасауымыз, қажетті кадрлармен толық қамтамасыз етуіміз керек. Бұл азық-түлік өнімдері мен басқа да тұтыну тауарларының молайып, бағаның тұрақтануы мен арзандау­ына, өндіруші ретінде диқандар мен шаруалардың, өңдеу ісімен айналысатын кәсіпкерлердің ынтасы мен еңбекке деген құштарлығын, қуаттылығын арттыруға, оларда жұмыс істейтін азаматтардың тұрмыс жағдайларының жақ­саруы­на бастайтын ең тура жол. Бұл Мемлекет басшысының жал­пыға ортақ еңбек қоғамы бағдар­ламасының да түп қазығы.

Мен ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы мәселелерімен айналысып келе жатқан ғалым ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы түйткілді жайттарды шешуге жан-жақты ойластырылған және білікті көзқараспен қарап, дер кезінде тиімді шешімдер қабылдап келе жатқанын атап өткім келеді. Айталық, «Агробизнес-2020» сала­лық бағдарламасы қабылданды. Оған соңғы жылдары бірінші рет жайлауларды суландыру мәсе­ле­сі енгізіліп, осыған қатысты түйт­кіл­дерді шешу республикалық деңгейге шығарылды. Бұл бүкіл ел кө­ле­міндегі жайлаулар мен ауыл­ша­руашылық жерлерінен алына­тын жем-шөпті молайтудың бас­ты негіздерінің бірі. Әйтпесе, Өңірлік даму министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметтеріне сәйкес, республика­мызда ауылшаруашылық мақсат­тағы жерлердің 15 пайыздайы әлі күнге тиімді пайдаланылмайды. Шабындықтар мен жайлау­лар­ды пайдалануға жеткілікті қар­жы бөлінбегендіктен, олардың өнім­ділігі жылдан жылға азайып, тозып бара жатыр. Сонымен бірге, бү­гінгі күні 125 миллион гек­тардай жайылым жер суландырыл­ма­ғандықтан, толық пайдаланылмайды. Ал ауылдық жерлерге жа­қын орналасқан 20 миллион гектар­дай жайылым жер тиімді пайдала­ныл­мағандықтан, азып-тозып бара жатыр деген баға беріліп отыр. Мұның бәрі қанша әлеует, қаншама мүмкіндік?! Сондықтан да Елбасы жайлаулар мен шабындықтарды тиімді пайдалану үшін бұрынғы құ­дық­тардың бәрін қалпына келтіріп, оларды суландыру жөнінде тапсырма берді.

Енді алыс жайлауларда ин­фра­құрылымдар салу бойынша жұ­мыстарды жеделдету қажет. Жалпы, 2013-2020 жылдар аралығында 4 мыңдай шахталық және құбырлы құдықтарды салу және қалпына келтіру арқылы 32 миллион гектардан астам жайылымдық жерде ауылшаруашылық суландыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Жем-шөп өндіруді ынталан­ды­рудың тағы бір тетігі – егіс алқап­тарын әртараптандыру. Бұл бағыт­та да алға ілгерілеу бар. 2013 жылы жем-шөптік дақылдар 3,1 миллион гектар жерге орналас­тырылды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Келешекте жем-шөптік дақылдар өсірілетін аумақты 8,8 миллион гектарға жеткізу көзделіп отыр. Жалпы, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін 20 миллион АҚШ долларынан аса қаржы бөлу көзделсе, соның 75 пайызы ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдауға бағыт­талмақ. Нәтижеде ел тұрғын­дары­ның негізгі азық-түлік тауарларына деген сұранысы 80 пайызға қам­тылып, еліміздің азық-түлік қауіп­сіздігі қамтамасыз етілетін болады.

Бүгінгі күні Үкімет еліміздің ауыл шаруашылығы алдына ауыл­ша­руа­шылық дақылдарының егіс­тік көлемін ұлғайту; жаңа техно­ло­гиялар енгізу есебінен өнімді­лікті арттыруды қамтамасыз ету; мал шаруашылығын дамыту үшін берік жем-шөп базасын құру; эколо­гиялылыққа басымдық бере отырып, бәсекеге қабілетті ұлттық брен­дер шығару сияқты төрт негіз­гі міндет қойып отыр. Осылай, елі­міздің агроөнеркәсіптік кешені таза экологиялық өнім шығару саласында жаһандық ойыншыға айналып, Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуы тиіс. Ол үшін, Президентіміз шегелеп айтқандай, егін шаруашылығында суды көп қажет ететін, тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет. Біздің алдымызда өндірілген өнімнің қосымша құн салығын 16 пайызға дейін көбейту, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнім­ділігін 2 есе арттыру, еліміздің жал­пы экспорттық көлемінде ауылша­руашылық өнімдерінің экспорттық әлеуетін 8 пайызға дейін ұлғайтудай орасан міндеттер тұр. Оларды шешуге толық мүмкіндік бар. Өйт­кені, еліміздің агроөндірістік кеше­ні алуан түрлі. Ол 65 сектор және оның кіші түрлерінен тұра­ды. Сарапшылардың бағалауын­ша, соның 15-і барынша бәсе­ке­ге қабілетті. Олар – майлы дақыл­дарды, жеміс-көкөніс өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін, қант, жүн және олардан өңделетін өнімдерді қайта өңдеу, балық өнімдері, түйе, марал, бал арасы шаруашылығы және тағы басқалар. Жыл сайын Қазақстанда ылғал сақтау технологиясын қолдану көлемі ұлғайып келеді. 2013 жылы оның көлемі 12 миллион гектарға жетті. Жүгері мен бидай өнімділігін жақсарту халықаралық орталығы сарапшыларының бағалауынша, Қазақстан өткен жылы нөлдік технологияны қолдану көлемі бойынша әлемде 9-орынға шықса, ылғал сақтау технологиясын өрістету бойынша Қытайдан кейін 2-орынды иеленген. Солардың есебінен бидай өнімділігі 720 мың тоннаға немесе 220 миллион АҚШ долларына артып отыр. Осы өсімнің өзі бүкіл ауылшаруашылық зерттеулер жүйесіне 10 жыл бойы жұмсалған шығынды толық жабады.

Республикамызда орасан зор жайылымдық жер қоры бар, ол бүкіл ауылшаруашылық жер көлемінің 84 пайызын құрайды. Бірақ, жоғарыда атап кеткенімдей, қазіргі жем-шөп қоры малдарды 17-25 түрлі нормалық көрсеткіштерден тұратын жұғымды жем-шөппен толыққанды және теңгерімді азықтандыруға мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан біз мал басының генетикалық әлеуетін тек 40-60 пайыз төңірегінде ғана пайдаланып отырмыз. Десек те, Қазақстанның ауыл шаруашылығы дамуының серпінін саралау негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсуінің ұнамды беталысын көр­се­теді. Қойылған міндеттердің табысты орындалуына білім, ғылым және тәжірибені тығыз интеграция­лай отырып, мейлінше тезірек қол жеткізуге болады.

Ал биылғы Жолдаудың ерек­шелігі, Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алынған ұлы мұрат – Мәңгілік Ел болуды ұлттық идея ретінде ұсынды. Мен ұстаз, ғалым ретінде оның негізгі ту ұстаушылары да, құрушылары да бойында ұлттық намысы, күш-жігері және туған жер мен елге деген сүйіспеншілік сезімі шексіз жастар деп білемін. «Байлық – жерде, бақыт – еңбекте» дейді халқымыз. Осынау асқақ та мәңгілік мұратқа жетіп, бай да бақытты ғұмыр кешу үшін, әсіресе, сол жастар, еліміздің әрбір азаматы саналы түрде еселі де тиімді еңбек етуі керек.

Рахымжан ЕЛЕШЕВ,

ҚР ҰҒА академигі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Соңғы жаңалықтар