30 Қаңтар, 2014

Ғылым таппай мақтанба

495 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыруды Жолдаудың негізгі стратегиялық арқауы ретінде көрсетті

01-Сарыбеков Елбасының Қазақстан хал­қына арнаған жаңа Жолдауында білім мен ғылымға және жастар тәрбиесіне баса назар аударылды. Осы бағыттар бойынша Үкі­метке, Білім және ғылым ми­нистрлігіне, жергілікті атқа­рушы органдарға нақты тапсырмалар берілді. Елбасы әр жылғы Жол­дау­ында тағдырлы мағынасы бар ұғымды енгізеді. Мысалы, өткен жылы жас­тар­дың сана-сезіміне «жаңа қазақ­стандық патриотизмді» қалып­тастыру мәселесіне маңыз берілді. Биыл­ғы Жолдауында Елбасы «ха­­лық­тың жаңа өмір сапасы» деген ұғымды енгізіп отыр. Өмір сапасы – эко­номикалық ын­ты­мақ­тастық және даму ұйы­мы­ның стандарттары­на сәйкес анық­талады. Осы стан­дарт­­тарға толық сәйкестігін дәлел­деген өткен ға­сырда 3-ақ мемлекет болған. Ол – Жапония, Фин­ляндия, Сингапур, ал жа­қында оған төртінші болып Оңтүстік Корея қосылды. Барлығымызға белгілі, өмір сапасы тікелей білім сапасы­на бай­ланыс­ты. Ал сапалы білім тек қана ғылым арқылы берілуі мүм­кін. Сондықтан да Елбасы Қазақ­стан ғылымының әлеуетін арт­ты­ру­ды Жолдаудың негізгі страте­гиялық тезисі ретінде көр­сет­ті. Экономиканың жоға­ры техно­ло­гия­лық жаңа сала­ларын құру үшін ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3%-нан кем емес деңгейге дейін арттыруды та­лап етеді, деді Президент. Осы­ған байланысты инновациялық зерт­теулерді қолдау, ғылыми әзір­ле­мелерді коммерцияландыру жө­ніндегі заңнаманы тезірек жетіл­дірген жөн деп білемін. Сонымен қатар, ше­тел­дік жаңа технологиялар­ды Қазақстанға пайдалы жұ­мыс істеу мақсатымен транс­ферттеуді де бас­ты назарда ұстау қажет. Осы бағытта ТарМУ ха­лық­ара­лық білім беру кеңістігінде ин­теграцияны тереңдету, оқыту­шылардың ғылыми-зерттеу мүм­кіндіктерін кеңейту және білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту мақсатында Шанхай ынты­мақтастық ұйымы уни­вер­ситеттерінің (ШЫҰУ) желі­сіне ресми түрінде қабыл­данды. Яғни университет сту­денттерді жоғары және жоғары оқу орнынан кейін білім беру бағдарламасы бойынша 3 мамандықтан «Су ресурстары және суды пайдалану», «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау» және «Гидротехникалық құрылыс және ғимараттар» ШЫҰУ шеңберінде оқытуды ұсынады. Сонымен қатар, университет Беларусь-Қазақстан ғылыми-білім консорциумына мүше болды. Консорциум аясында Беларусь жоғары оқу орындарымен бірге 8 жоба әзірленіп, оларды 2014-2016 жылдары қаржыландыруға бюджеттік өтінімдер ресімделді. Ұсы­ныл­ған жобалардың ішінде, әсі­ресе, қазақ диқандары үшін «Дәнді дақылдарды қайта өңдеу негізінде жаңа тұр­паттағы өнімдер алу үшін техникалар мен технологиялар әзірлеу» жобасының маңызы ерекше деп санаймын. Бұл жобада дәнді дақылдарды сұрыптау коэффициентін 93-96 пайызға жеткізетін әмбебап технологиялық нобайы бойынша дәнді дақылдарды өңдеудің ресурс үнемдеу технологиясын және жаңа техникасын енгізу қарастырылған. Жоба елдегі дәнді дақылдарды өңдейтін және ұн өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың қатысуын және қолдауын қажет етеді. Ауқымды ғылыми жоба­лар­­дың тағы бірі – М.Х.Дула­ти атын­дағы ТарМУ және Бела­русь ұлт­тық-техникалық уни­вер­ситеті­нің ғалымдары қатысатын «Ғима­рат­тардың қадалық ірге­тас­­тарын қалау үшін ресурс үнем­ді ұңғымалы темір-бетон қада­лар­ды тәжі­рибелік сараптау жә­не әзір­леу» жобасы. Соққыға шы­дам­ды және экономикалық тұр­ғы­дан тиімді қадалар отан­дық құры­лыс саласының инно­вациялық дамуы­ның жаңа бе­леске көтерілуіне мүм­кін­дік береді деп сенеміз. Бұл жобаға байланысты уни­вер­си­тет «ПетроКазахстан Кум­коль Ресор­сиз» АҚ-пен келісімшартқа тұрды. Жақында өткен Үкіметтің кеңей­тілген мәжілісінде Пре­мьер-Министр Серік Ахметов Өңір­лік даму министріне құрылыс ма­териалдардың сапасын сараптамадан өткізу мақ­сатымен арнайы зертханаларды құруды тапсырды. Осындай сараптамалық жұмыстарды жүргізу үшін университет биылғы жылы қажетті құрал-жаб­дықтарды алып отыр. Егер жергілікті билік қолдап, арнайы лицензия алынып, оған сұраныс болса, университеттің облыста осындай зертхана ашуға толық мүмкіндігі бар. ТарМУ, сонымен бірге, Жамбыл өңіріндегі ірі патент иеленуші болып табылады. Жыл сайын университет ғалымдары жаңа құрылғылар мен жабдықтарға, механизмдерге, құрылыс материалдарына ор­та есеппен еліміздің 30-дан ас­там инновациялық патентін және ав­торлық куәліктерін алады. Өкі­ніш­ке қарай, олардың көбісі қағаз жүзінде қалып, нақты өндіріске енгізілмей келеді. Мысалы, өткен жылдың мамыр айында біздің қалада «Қазақстанның үздік тауары» атты аймақтық конкурс өтті. Ол конкурсқа университет 10 жоба ұсынған болатын. Оның 3-уі жеңімпаз атанды. Олар: газобетон шығару технологиясы; Мойынқұм ауданында өсетін цистанхе (сай сағызы) тамырынан тамақ және косметология өнімдерін дайындау технологиясы және жел электрстансаларына ар­нал­ған жұмыс қалақшаларын жасау технологиясы. Осы жобаларды өндіріске енгізу мақсатында 2013 жылы 13 мамырда №12 хаттамасымен облыс әкімінің шешімі қабылданған. Ол шешімде айтылған жобаларды өндіріске енгізу және оған қажетті қаражатты бөлу туралы тиісті басқармаларға тап­сырма берілген. Өкінішке қарай, бұл тапсырмалар осы күнге дейін шешімін таппай келеді. Сондықтан университет ғалымдарының ғылыми ізденіс нәтижелерін нақты өндіріске енгізу мәселесі бойынша үміт үзбей, қолдау күтеміз. Ұлы философ, ұлы ағартушы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлы өткен ғасырлардың өзінде-ақ: «Ғылым таппай мақтанба» деген ғибратты жыр жазып, онда «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз. Сізге ғылым кім берер, жанбай жатып сөнсеңіз? Дүние де өзі, мал да өзі, ғы­лым­ға көңіл бөлсеңіз» демеп пе еді?!. Әрине, бір мақалада Елба­сының «Қазақстан-2050» Стра­тегиясымен астасып жат­қан биылғы Жолдауына толықтай пікір білдіру қиын. Бірақ бір нәрсені барлығымыз дұрыс қабылдап, дұрыс түсінуіміз қажет. Елбасы үнемі болашақты болжап, болашақтың қамын ойлайды. Өйткені, күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімді жоспарлауымен дараланады. Сондықтан, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдау барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғырудың нақты бағыты мен бағдары болып табылады. Оған қатысты Елбасының пайымдары мен көзқарасы біз үшін аса маңызды. Ал Президент тапсырмаларын орындау – барша бұқара үшін ортақ парыз, абыройлы міндет! Махметғали САРЫБЕКОВ, Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры. Жамбыл облысы.
Соңғы жаңалықтар