Экономика • 15 Қыркүйек, 2021

Базалық мөлшерлеме баспана нарығына қалай әсер етеді?

197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық банк базалық ставканы 9,5 пайызға көтерді. Бұл өз кезегінде несие пайыздарының өсуіне де ықпал етеді. Осы ретте ақша-несие саясатының қатаңдауы тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді деген заңды сауал да туындайды.

Базалық мөлшерлеме баспана нарығына қалай әсер етеді?

Экономист Эльдар Шам­сут­диновтің айтуынша, базалық ставканы ескере отырып Ұлттық банк нарықтан ақша жинай бастайды.

«Базалық ставканың көте­рілуі коммерциялық банк став­каларының да көтерілуіне алып келеді. Сонымен бірге ақша-несие саясатының қатаңдауына бай­ланысты мемлекет басты жеткізуші ретінде құрылыстың алдыңғы шебіне шығады. Екінші деңгейлі банктер нақты секторды қаржыландыруды тоқтатады. Оларға одан да Ұлттық банкке құнды қағаздар салған ыңғайлы. Бұл жалпы алғанда енді бас­талып жатқан коммерциялық құрылыстардың баяулауына әкеліп соғуы мүмкін. Қазір біз байқап отырған карантиннен кейінгі құрылыс қарқыны жақын арада қайтадан әлсірейді. Өйт­кені көптеген компаниялар пәтерлерін сатты, бірақ құры­лысты аяқтамады, себебі қаржы­ларын басқа құрылыстарға жұм­сап қойды. Меніңше, қарашаға қарай кейбір компаниялар мін­деттемелерін орындай алмай қалуы ықтимал», дейді сарапшы.

Өткен айда тұрғын үй сатып алу-сату келісімшартын жасау көрсеткіші де төмендеп кеткен. Тамызда жалпы саны 46 457 келісім жасалған, бұл шілдемен салыстырғанда 0,4 пайызға төмен. 46 мыңнан астам келісімнің 32 мыңы көпқабатты үй пәтерлері бойынша жасалса, 14 мыңға жуығы жеке үйлерге қатысты.

Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросы жаздың соңғы айын­да бірінші нарық үйлерінің 1,1 пайызға қымбаттағанын жария­лады. Қазір Қазақстанда пәтер шаршы метрінің орташа бағасы – 343 815 теңге. Ең қымбат шаршы метр – 436 мың теңге – Нұр-Сұлтан қаласында, бұл көрсеткіш Алматыда 409 мың теңге болса, Шымкентте 357 мың теңге шамасында. Ал ең арзан өңірлер – Тараз (149 мың) бен Қызылорда (165 мың) және Семей (209 мың) қалалары.

Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, елдегі баспана бағасы келер көктемнен бастап күрт өседі.

«Жыл соңына дейін бірінші нарықта баға бойынша айтарлықтай өзгеріс болмайды. Ал жыл соңы сатылым бойынша әр кез белсенді өрбиді, соған сәйкес баға да өседі. Бірақ қатты емес. Әрі кетсе 5 пайызға дейін қымбаттар. Менің ойымша, бағаның тым қымбаттауы келер жылдың көктемінде байқалады. Ол кезде тұрғын үй құны 10-15 пайызға дейін шарықтауы мүмкін. Баға өсіміне әсер ететін бірнеше фактор бар, оның ішінде доллар курсын, құрылыстағы үлесі 60 пайызға дейін жететін импорттық тауарлар бағасын айта аламыз», дейді Т.Ерғалиев.

Еске салсақ, осыдан апта бұрын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы Серік Жұманғарин құрылыс материалдарының бағасына түсініктеме берген.

«Жыл басынан бері отандық құрылыс материалдары бағасының өсуі 25 пайызды құрады. Бұл ретте сыртқы нарықтағы жағдайлар баға өсіміне әсер етуде. Аталған өзгерістер арматура (+45 пайыз), кабель (+20 пайыз), профлист (+70 пайыз), шыны (+35 пайыз) тауарларына әсер етті. Қазіргі кезде бірінші нарықтағы үйлер бағасының арзандауы байқалып отыр. Шамамен 3 пайыздан 0,4 пайызға дейін арзандады. Екінші нарық пәтерлері 5 пайыздан 1,1 пайызға төмендеді», деген еді Үкімет отырысында.

Телеграмдағы Tengenomika каналы базалық ставканың өсуін ақылға сыйымды шешім деп бағалайды. «Бұл біздің нарықтық күтулерімізге сәйкес келеді және қалыпты әрі өз уақытында қабылданған шешім. Енді әрі қарай не болары белгісіз. Ұлттық банк тағы да ставканы көтере ме, әлде үзіліс жасай ма? Біздің көзқарас бойынша, шешімнің қалай болары ел ішіндегі инфляция деңгейіне, Федералды резерв жүйесінің жақын арадағы әрекетіне, сондай-ақ нарық реакциясына тікелей байланысты» деп жазады канал сарапшылары.