30 Қаңтар, 2014

Курскіден келген медаль

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Төрт жылға жуық уақытқа созылған Ұлы Отан соғысының тағдырын түбегейлі айқындаған, отандастарымыздың бойында ең алғаш рет Ұлы Жеңіске деген сенімді орнықтырған кезең – Курск иініндегі сөзбен айтып жеткізгісіз қиян-кескі шайқас болып табылады. Биылғы қаңтар айында екінші дүниежүзілік соғыс барысына күрт бетбұрыс әкелген осы тарихи шайқасқа жетпіс жыл толып отыр. Аталған қастерлі датаға орай Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің бас­тамасы бойынша Курск шайқасына қатысқан майдангерлердің кездесуі өткізілді.

Осы кездесуде Курскідегі сұрапыл ұрыстарға қатысып ерлік көрсеткен 21 батысқазақстандық майдангер «Курск иініндегі жеңіске – 70 жыл» ескерткіш медалімен марапатталғаны жөніндегі дерек алға тартылды. Соның ішінде Лидия Губанова, Павел Букаткин және Николай Котельников секілді Курск шайқасының қаһарман сарбаздарына аталған награда кездесу кезінде табыс етілді. Осы орайда, ескерткіш медаль Курск облысының губернаторы Александр Михайловтың атынан келгенін айта кеткен жөн.

Осындай мерейлі сәттен кейін жүзі ризашылық пен қуаныштан нұрланып тұрған соғыс ардагері Николай Котельников өз ықыласы мен сезімін былайша жеткізді:

– Соғыс басталыпты деген төбеден жай түсіргендей хабарды естігенде біз мектепті аяқтап, бал кешін өткізіп жатыр едік. Ол кезде он жетіде ғанамыз. Кәмелетке келмеген кезіміз. Бал кешін күрт тоқтаттық та, сыныптағы 32 түлек түгелдей әскери комиссариаттан бір-ақ шығып, майданға алу жөнінде өтініш жаздық. Тілегіміз қабылданды. Көп кешікпей екі айлық барлау мектебіне оқуға кірдік. Оны аяқтаған соң бізді Запорожьедегі Орехово қаласына жіберді. Одан әрі 226-шы дивизия құрамында ұрысқа кірдік. Соғыстың аты – соғыс. Ол ешкімді маңдайынан сипамайды. Қиян-кескі жорықтар барысында көптеген қаруластарымызды жоғалттық. Курск иінінде де солай болды. Біз бүгінде олардың өшпес рухына бас иеміз.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

ОРАЛ.

Соңғы жаңалықтар