30 Қаңтар, 2014

Оралда полицейлер қылмыс үстінде ұсталды

261 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

30 01- VzyatkaБатыс Қазақстан облысының Орал қаласында ішкі істер органының үш қызметкері пара алды деген күдікпен қаржы полицейлерінің қолына түсті. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады.

Полиция бөлімінің екі кіші жедел өкілетті қызметкері мен учаскелік инспектордың көмекшісі банк менеджерінің заңсыз несие бергенін анықтапты. Олар осы келеңсіздікті тіркемей, банк қызметкерін қылмыстық жауапкершіліктен құтқарып жіберу үшін 1 млн. теңге талап еткен. Ал банк қызметкері олардың бұл әрекетін қаржы полициясына мәлімдеп, бастапқыда ақша бопсалаушыларға 700 мың теңге береді. Кейін белгі салынған 300 мың теңгені тәртіп сақшылары алу сәтінде қаржы полициясы қызметкерлерінің қолына түскен.

«Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 311-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Орал қалалық сотының қаулысымен қылмыстық полиция бөлімінің екі қызметкері 2 айға қамауға алынды. Тағы бір полиция қызметкеріне үй жағдайында қамауда отыруына шешім шықты», - дейді облыстық соттың баспасөз хатшысы Айжан Жұмажанқызы.

Әмірхан Алмағанбетов.

Дереккөз: «Қазақстан» телеарнасы, «24 kz».

Фото: «24 kz».

 
Соңғы жаңалықтар