«XVII Еуразия медиафорумына қатысушылар мен қонақтарды қарсы алғаныма қуаныштымын. Осы жылдар ішінде форум пікір алмасудың танымал медиа алаңына айналды. Белгілі саясаткерлер, сарапшылар мен жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мұнда әлемдік қоғамдастық үшін ең өзекті мәселелерді қарастырып, оларды шешудің жаңа тәсілдерін әзірлейді», деп ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуін оқыды.
Нұрсұлтан Назарбаев форум өз тарихында алғаш рет онлайн форматта өтіп жатқанын, бірақ бұл Еуразия мен әлемнің өзекті проблемаларының маңыздылығы мен кеңінен талқылануына еш әсер етпейтінін атап өтті.
«Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Біз ұзақ және қиын жолдан өттік, маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. Бүгінде еліміздің алдында жаңа өршіл міндет тұр - 2050 жылға қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену. Халық бірлігі - әрқашан Қазақстанның алға жылжуының өзегі, бұл стратегиялық мақсатқа да қол жеткіземіз», деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ жаңа жаһандық сын-қатерлер мен пандемияға қарсы күрестің қазіргі жағдайында бұл біртұтастық принципі бүкіл адамзат үшін маңызды екенін атап өтті.
«Барлық форум қатысушысына жемісті талқылау тілеймін. Сіздің жұмысыңыз жаһанға қазіргі әлемнің тек бірлік, диалог пен өзара сыйластық арқылы ғана дами алатынын түсіндіруге қызмет етсін», деді Елбасы форумға қатысушыларға.