Үкімет басшысы «Аюсай» және «Ақсай» сел ұстайтын бөгеттерінің, «Қарғалы» су тарту құрылысының салыну барысымен, сондай-ақ Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндеріндегі мореналық көлдердің жай-күйімен танысты.
Сел бөгейтін «Аюсай» және «Ақсай» бөгеттерін салу Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің бір бөлігін, Алматы ГЭС каскадының объектілерін, Алматы қаласының автожолын – «Алма Арасан» санаторийін, Алматы қаласының Наурызбай ауданын сел тасқынынан инженерлік қорғауды қамтамасыз етеді.
А. Мамин бөгеттердің құрылысын белгіленген мерзімде – «Аюсай» бөгетінің құрылысын 2022 жылғы қазан айында, «Ақсай» бөгетінің құрылысын 2023 жылы аяқтауды тапсырды.
Алматыдағы 2-ЖЭО-ны аралау кезінде «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Премьер-Министрге мегаполисте көрсетілген ірі жылу электр станциясын, сондай-ақ Алматы энергия кешенінің басқа да нысандарын жаңғырту жобаларының іске асырылу барысы туралы баяндады.
Аталған жобаларды іске асыру атмосфераға зиянды заттардың шығарындыларын жылына 50,4 мыңнан 6,7 мың тоннаға дейін төмендету арқылы қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға, сондай-ақ станциялардың жиынтық қуатын 472 МВт-қа – 1300 МВт-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Алматы қаласының индустриялық аймағында Премьер-Министр «Бижан ет өңдеу зауыты» ЖШС-да болды. Шұжық өнімдерін толық өндіру циклін қамтыған кәсіпорын тәулігіне 5,5 тонна өнім шығарады.
Үкімет басшысы сондай-ақ «КСМ ТехноВИД» ЖШС энергия тиімді сәулет қасбеттерін шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Кәсіпорынның қуаты жылына 475 мың шаршы метр энергия үнемдейтін ПВХ және алюминий профильді конструкцияларды құрайды. Зауыт үшін заманауи автоматтандырылған жабдық «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингтік қаржыландыру шеңберінде сатып алынды.
Премьер-Министрге «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортын, «Аюсай» және «Горельник» визит-орталықтарын аралау барысында Алматы қаласында туризмді дамыту және тауларда туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндалды.
Осы жылдың 7 айында мегаполистің туризм саласына салынған инвестициялар 56,8 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,4 есе көп. Қаланың туристік инфрақұрылымын дамыту бойынша жобалар – қонақ үйлер, глэмпингтік және кемпингтік аймақтар, тауларда визит-орталықтар салу, тау жолдарын абаттандыру және т. б. іске асырылуда.
Үкімет басшысы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ киностудиясын қайта құру жобасымен, сондай-ақ Алматы қаласындағы 350 төсек-орындық стационары бар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығының, «Жас Қанат» шағын ауданындағы жалпы ауданы 233 мың шаршы метр болатын көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты.
Сапарға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов және т. б. қатысты.