31 Қаңтар, 2014

Ана тілінің абыройын ойласақ...

291 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елбасы биылғы Жолдауында қазақ тілін дамыту мен орнықтырудың ең ізгі де парасатты, икемді де ілкімді жолын атап көрсетті. Бұл мемлекеттік тілді оқытатын орталықтар арқылы республиканың байырғы тұрғындарынан өзге барша қазақстандықтардың қазақ тілін оқып-үйренуіне жол ашылғаны. Әрине, мұның өзі бұған дейін тәжірибеде өзін толығымен ақтағаны да, қазақ тілін үйренгісі, білгісі келетін өзге ұлт өкілдерінің саны жылдан-жылға өсіп келе жатқаны да басы ашық ақиқат. Президент атап көрсеткендей, олардың саны былтырғыға қарағанда, биыл 10 пайызға өскен. Бұл қанағат етуге тұрарлықтай жақсы көрсеткіш екені белгілі. Өңірдегі журналистік бақылаулар мен зерттеулер барысы мемлекеттік тілге құрмет пен ілтипат білдіріп отырғандардың дені отыз бес жасқа дейінгі жас адамдар екенін көрсетеді. Өткен аптада Жолдауды талқылауға байланысты өткізілген облыс активінде солардың бірі жарыссөзге шығып, қазақ тілін үйренуге қатысты өз ой-пікірін ортаға салды. Өз сөзін таза қазақ тілінде бастап, еш мүлтіксіз қазақша аяқтаған жігерлі жастың ойы орнықты, пікірі байыпты көрінді. Атап айтқанда, «Яик» фольклорлық-этнографиялық казачество орталығы төрағасының орынбасары, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының жетекшісі Игорь Спиридонов былай деді: – Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдауда соңғы уақытта қазақстандықтардың қазақ тілін үйренуге деген ынта-ықыласы өсіп отырғанын жеткізді. Мен өзімді қазақ тілін үйренуді мақсат етіп қойып, осы ойымды аяғына дейін жеткізген қазақстандықтардың бірімін деп санаймын. Қазақ тілін үйрену – Мәңгілік Ел болудың басты бір шарты. Жолдауда айтылған дәл осы түйінге толықтай қосыламыз. Сондай-ақ, Мәңгілік Ел тағдыры біздің, барша қазақстандықтар мен өзіміз секілді ел жастарының өз қолында. Бүгінгі Елбасы саясатының басты ерекшелігі ешкімді де ұлтына, тіліне, дініне қарай бөлуге жол берілмейтінінде. Осы ұстаным Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында да айқын байқалады. Сөзімнің соңында бірлігі жарасқан еліміздің берекесі арта берсін демекпін. Иә, Президент Қазақстан халқына Жолдауында ана тілін, мемлекеттік тілді дамыту мен орнықтырудың ең ізгі де парасатты жолын атап көрсетті. Соның бірі, жоғарыда айтылғандай, бүгінгі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналған қазақ тілін оқытатын орталықтардың ерікті орамды, оралымды түрде жұмыс істеуі. Сонымен бірге, орталық қызметінің әркімнің өзінің қалауы мен талап-тілектеріне қарай бейімделіп, икемделіп отырғаны. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте, билік басында жүрген азаматтар қазақша сөйлеп қарапайым адамдарға үлгі-өнеге көрсетсе, мұның да оң ықпалы мен әсері мол болары анық. Осындай өнегені Жолдауды талқылауға байланысты өткен аптада өткізілген актив жиналысы үстінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев көрсетті. Ол залда ілеспе-аударма қондырғылары орнатылғанын айтып, сөзін басынан аяғына дейін мемлекеттік тілде сабақтады. Солай дей тұрсақ та, осындай оң үрдісті көп жағдайларда Астанадан өңірлерге іссапармен келген Үкімет мүшелері мен министрлер бұзып-жарып кететіні бар. Біз бұл пікірімізді оларды тек орыс тілінде сөйлейтініне, мемлекеттік тілді әрі ысырып қоятынына қатысты айтып отырмыз. Айталық, өткен аптада Ақжайық өңіріне екі күндік іссапармен келген Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевке қатысты да, өкінішке қарай, осылай деуге тура келеді. Егер ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл, даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы болсын десек, оған осы бастан қамданыс жасағанға, айтылар сөзді ана тілінде сабақтағанға не жетсін. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.