31 Қаңтар, 2014

Құмның құны қанша?

623 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде құрылыс қарқын алғалы бері айдалада жатқан құмның да иесі табылып, құны арта бастағаны анық. Міне, «Алтын құм» ЖШС еліміз егемендік алған алғашқы жылдары шағын кәсіпорын болып ашылып, құрылысқа қажетті құм өндірумен айналысыпты. Бүгінде еңсесін тіктеп, 70-80 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жылына қазынаға 10-15 миллион теңге салық төлейді екен. Әйтсе де соңғы кездері бұл серіктестік басшыларын бір мәселе қатты мазалап жүрген көрінеді. Жақында «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшілер қосынына бас сұққан «Алтын құм» ЖШС-інің директоры Әбутәліп Ерімбетовтің әңгімесінен түсінгеніміз, бұл кәсіпорын бір кедергілерге кездескен сияқты.

01-алтын кум

 

Елімізде құрылыс қарқын алғалы бері айдалада жатқан құмның да иесі табылып, құны арта бастағаны анық. Міне, «Алтын құм» ЖШС еліміз егемендік алған алғашқы жылдары шағын кәсіпорын болып ашылып, құрылысқа қажетті құм өндірумен айналысыпты. Бүгінде еңсесін тіктеп, 70-80 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жылына қазынаға 10-15 миллион теңге салық төлейді екен. Әйтсе де соңғы кездері бұл серіктестік басшыларын бір мәселе қатты мазалап жүрген көрінеді. Жақында «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшілер қосынына бас сұққан «Алтын құм» ЖШС-інің директоры Әбутәліп Ерімбетовтің әңгімесінен түсінгеніміз, бұл кәсіпорын бір кедергілерге кездескен сияқты.

01-алтын кум

 

«2012 жылы Арыс қалалық салық басқармасы біздің кәсіпорынға жоспарлы тексеру жұмыстарын жүргізді, – дейді Әбутәліп Ерімбетов. –Бірақ басқармада пайдалы қазбаларға салынатын салық түрін білетін маман болмағандықтан болар, облыстық салық департаментінен Н.Намысов деген қызметкер шақырылды. Наурызда басталған тексеру төрт айға созылды. Қазынаға әр тоқсан сайын өнді­рілген құмнан 5,6 пайыз роялти (НДПИ) салығын төлейміз. Бәрі де заң талаптарына сай. Алайда, тексерушілер актіге өндірілген құмның құны туралы жазып келіп, есепке өңделген құмның сатылу бағасын алғаны біз үшін күтпеген жағдай болды. Соның салдарынан салық мөлшері 10 есеге ұлғайды да кетті. Себебі, өндірілген құмның құны 200 теңге болса, өңделген құмның бағасы 1600 теңге тұрады.

Алғашқыда мәселені ушықтырмай облыстық салық департаментінің қызмет­керлерімен шешпекші болдым. Бірақ, ешқайсысы тыңдағысы келмеді. Салық саласынан бұл іске төрелік айтатын адамды таппаған соң Оңтүстік Қазақстан облыс­тық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына арыздандым. Төрағалық етуші судья С.Кәрім мәселені 2 ай мерзімде қарап, құзырлы мекемелерден анықтама алдырды. Мамандарды шақырды. Нәтижесінде салық инспекторы мен «Алтын құм» ЖШС-інің бухгалтері өзара есептесіп, қосымша салынған салықты 83 382 теңгеге қысқартты. Бұл туралы салық инспекторы судья С.Кәрімге хат та жазып берді. Екіншіден, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен «Алтын құм» ЖШС арасындағы 2000 жылғы түзілген № 37 келісімшарты арқылы олармен толық есептескеніміз туралы анықтама бердік. Үшіншіден, соттың роялти салығы пайдалы қазбаларды өндірушілерге арналғанына көзі жетті. Судья С.Кәрім мамандардың пікірлерін тыңдап, талдау жасай отырып, өте дұрыс шешім шығарды.

Салық басқармасының басшылығы бірінші сатыдағы сотта жеңіліс тапқан соң, істі апелляциялық сатыда судья А.Ташева қарады. Біріншіден, алғашқы сот шешіміне шағым беру мерзімі өтіп кетсе де (16-шы күні) ол өндіріске қабылданып алынды. Екіншіден, судья іске мамандарды араластырмады, «қажеттілігі жоқ» дей салды. Содан судья салық түрле­рінің айырмашылығын білмей, шатастырып алды. Сөйте тұра өңделген құмға кө­ңіл бөледі? Өңделген құмға өз алдына төленетін салықтың түрлері бар емес пе? «Жер қойнауын пайдалану туралы» Заңның 45-бабының 1-бөлімінде жазылғандай, «Өңдеу өндіру процесінен кейінгі болатын жұмыс және пайдалы қазбалар операциясына жатпайды». Одан бөлек А.Ташева өзінің анықтамасында «салық комитетімен тексеру барысында құмның бір текше метрі 2000 теңгеден сатылған» деп жазыпты. Біз жуылған құмды 2000 теңгеден ешуақытта сатқан емеспіз, ең жоғарғы баға 1600 теңге болған. А.Ташеваның ойынша, «құм жуылғаннан кейін де құм болып қала береді» екен. Табиғи құм өңделген кезде үш түрлі фракцияға бөлінеді және оның 15 пайызы жоғалады емес пе? Не керек, А. Ташева алғашқы сот шешімінің күшін жойып, салық басқармасының уәжін орынды деп тапты. Мен судьяның бұл әрекетіне шағымданып, облыстық соттың төрағасы Н.Шәріповтің жеке қабылдауында болдым, мән-жайды түсіндірмек болдым. Бірақ ол сұрақтарыма көңіл аударған жоқ.

Сот қаулысына келіспей, кассациялық арыз түсірдім. Төрағалық етуші Н.Шәрі­пов сол баяғы А. Ташеваның іс-әрекетін қайталады. Егер кассациялық қаулы күшінде қалатын болса, құрылыс құмын өңдесең – он есе салық салынады. Сондық­тан өңдеу жұмыстары тоқтатылады. Өңдеу­мен айналысып жатқан жұмысшылар саны қысқартылады. Мекеме банкротқа ұшырайды. Біз ғана емес, негізгі шикізат көзі жуылған құм болып есептелетін кәсіп­орындардың барлығы тоқтайды. Осыны түсінетін, осыған алаңдайтын жан бар ма?».

Міне, кәсіпкердің жанайқайы осы. Әрине, қол астындағы 70-80 адам жұмыс­сыз қалып, кәсіпорын құрдымға кететін болғаннан кейін шырылдап жатқаны анық. Сонда жиырма жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл кәсіпорынның басындағы бұл дау неге бүгін пайда болып отыр? Біз бұл іс бойынша мән-жайды облыстық салық департаменті мен облыстық соттың апелляциялық алқасынан сұрадық.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық департаментінің бұл іс бойынша бізге жолдаған арнайы хатында былай деп жазылыпты: «Алтын құм» ЖШС Арыс қаласы бойынша салық басқармасының тексеру қорытындысымен келіспей, біздің департаментке шағым келтірген. Бірақ, шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Оған келіспеген «Алтын құм» ЖШС Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 11 036 515 теңге пайдалы қазбаларды өндіру салығы, 3 621 340 теңге өсімпұл, 523 051 теңге қосымша құн салығы, 365 588 теңге өсімпұл және 333 245 теңге шығындарды өтеу бойынша төлем, 161 728 теңге өсімпұл дұрыс есептелмегені және жоғарыдағы хабарламаның күшін жою туралы талап-арыз берген. Аталған талап-арыз іші­нара қанағаттандырылды. Бұдан кейін Арыс қаласы бойынша салық басқармасы жоғарыдағы сот шешімімен келіспестен, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істері бойынша апелляциялық сот алқасына шағымын жолдады. Сот шешімді бұзып, Арыс қаласы бойынша салық басқармасының апелляциялық шағымын қанағаттандырды. «Алтын құм» ЖШС ендігі кезекте Оң­түс­тік Қазақстан облыстық сотының кас­сациялық сот алқасына шағым келтірді. Алқа қаулыны өз күшінде қалдырды.           Ә.Ерімбетов ҚР Жоғарғы Сотына жүгінуге құқылы».

Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасының судьясы Әлия Ташева төмендегі уәжді айтады. «Негізінде кәсіпкер әу баста Арыс өзенінің бойынан құм өндіру үшін карьер сатып алған. Жұмысты бастаған алғашқы жылдардағы жоспарында 1 текше метр құмды 300 теңгеден аламыз деп көрсетеді. Салық комитеті тексеру жүргізген кезде іс жүзінде құмның текше метрін 2000 теңгеден сатқан, ал есебінде 200 теңгеден деп көрсетеді. Салық комитеті «осыдан он жыл бұрын 300 теңгеден сатып, қа­зір қалайша 200 теңгеден сатасың?» деген сауал қояды. Барлығы қымбаттап жат­қанда құмның осыншалықты арзандап кетуі мүмкін емес қой. 200 теңгелік құм қазір еш жерде жоқ. Салық комитетінің уәжі дұрыс. Сондай-ақ, «Алтынқұм» ЖШС төрағасы жуылмаған құмды 200 теңге­ден, ал 2000 теңгеден арнайы жуылған құмды саттық деген уәж айтады. Жуылған құмды сату үшін оған арнайы рұқсат, қосымша салық төлеуі керек. Ол жоқ. Салық комитеті осының барлығын есептеп, шыққан айырмашылығына салық салады. Оны өндіреді және мұны дұрыс деп есептеймін. Өйткені, пайда таптыңыз ба, салықтан да қашпау керек».

Әрине, кәсіпкер Ә.Ерімбетовтің бұл жан күйзелісі кәсібіне деген жанашырлықтан туындап отыр. Екі судья екі түрлі шешім шығарғаннан кейін кәсіпкердің әрі-сәрі күйде қалғаны да анық. Қай судьяның шешімі дұрыс? Жақында Әбутәліп Ерімбетов Жоғарғы Сотқа арызданды. Кім­дікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін Жо­ғарғы Сот анықтап береді деген сенім бар.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.