Туризм • 17 Қыркүйек, 2021

Алматыда 6 кемпинг аймағы ашылады

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкімет басшысының ресми сайты Алматыда туризмді дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда 6 кемпинг аймағы ашылады

«2020 жылы туризм коронавирус пандемиясынан аса зардап шеккен салалардың бірі болды. Алматыда 2020 жылдың 11 айында шетелдік туристер саны 72,5%-ға азайды. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты 2021 жылы Алматыда туристер санын жылына 1 миллионға дейін арттыру жоспарланған», деп жазылған шолуда.

Осы жылдың 7 айында туризм саласына салынған инвестициялар 56,8 млрд теңгені құрады (өсім 2,4 есе). Бұл қала инвестицияларының жалпы көлемінің 10%-ын құрайды. 

2021 жылдың екі тоқсанының қорытындысы бойынша Алматы қаласындағы орналастыру орындары бойынша туристердің жалпы саны 501,4 мыңнан астам адамды құрады, оның ішінде шетелдіктер — 54,2 мың адам, ішкі туристер – 447,2 мыңнан астам адам.

2021 жылдың 8 айында Алматы қаласына 235 мыңнан астам шетелдік жолаушы келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Бүгінде келушілердің бестен бір бөлігі және шетелдік туристердің 45%-ы Алматыға келеді. Бұл елдің әрбір екінші шетелдік туристі.

Осыған байланысты жыл сайын қалада халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер салынады.

«Сондай-ақ биыл экологиялық туризм саласындағы 4 жобаны іске асыруды бастау көзделіп отыр. 2021-2022 жылдар аралығында Medeu Park Hotel қонақ үй кешенін, Qazaq Ayl эко-отелін, Бутаковкада Tau-Tas глэмпингін, Түйік-Су шатқалында глэмпингті, Бутаковкада Tau Hub визит-орталығын, ҮАК-та визит-орталығын салу жоспарланған», деп жазады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Қалалық ортада қонақтарға жайлы болуы үшін қаланың ең танымал туристік орындарында 5 визит-орталық пен 25 санитарлық-гигиеналық торап орнату жоспарланған.

«Таулы жерлерде 3 жыл ішінде 1000 км-ден астам таулы жаяу маршруттар цифрландырылды, олардың 500 км-ге жуығы абаттандырылды. 2021 жылы Үлкен және Кіші Алматы шатқалында 6 кемпинг аймағын құра отырып, жалпы ұзындығы шамамен 172 км болатын тау бағыттарын абаттандыру көзделген», деп жазылған шолуда.  

Таудағы туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2021 жылы төмендегі нысандардың құрылысы аяқталады:

- Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында тауда құтқарушылардың 16 адамнан тұратын қосымша штатының тәулік бойы кезекшілік етуімен 2 бақылау-құтқару пункті;

- «Түйік-су» шатқалындағы тікұшақ алаңы;

- 15 радиорелелік діңгек орнатумен (құтқару отрядтарына дабыл беру батырмалары бар) және «Tau Go» смарт-навигатор қосымшасын әзірлеумен тау маршруттарының шалғай тораптық учаскелерінде 15 тау үйшігі;

- таулы жерлерде туристік навигацияның бірыңғай жүйесін құру.

Сондай-ақ «Қазақтелекоммен» бірлесіп таудағы «ақ аймақтарды» ұялы байланыспен қамту жобасы пысықталып жатыр.