31 Қаңтар, 2014

Өңірлердің өзекті мәселелері

306 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Үкімет басшысы Серік Ахметовтің төрағалығымен Өңірлік даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Оның жұмысына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен облыстар және Астана, Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

 

Кеше Үкімет басшысы Серік Ахметовтің төрағалығымен Өңірлік даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Оның жұмысына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен облыстар және Астана, Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Алқа мәжілісінде ведомство­ның 2013 жылғы жұмыс қоры­тын­дылары, сонымен қатар, ағымдағы жылға қойылған міндеттері туралы осы министрлік басшысы Болат Жәмішев жасаған баяндамада өңірлерді дамыту, қала құрылысы және жер кадастрын құру жайы, сонымен қатар, «Қолжетімді тұрғын үй», «Моноқалаларды дамыту», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту», «Ақ бұлақ», «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының іске асы­рылу барысы туралы сөз бол­ды. Б.Жәмішев ел аумағын ұйымдастырудың бас схемасын іске асыру аясында жақындағы үш жыл ішінде Аумақтық даму­дың өңіраралық схемасы әзірленетіндігін айтып өтті.

Қазіргі күні «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға екпін берілуде. Олардың коммуналдық саласындағы пайда болған проблемаларды шешу үшін 2013 жылы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайтылды (6 млрд.-тан 14,8 млрд. теңгеге дейін). Бұл моноқалалардың инженерлік инфрақұрылымдарын дамыту және абаттандыру бойынша 195 жобаны іске асыруға ықпал етті.

2100-ден астам ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын коммуналдық ретке келтіру және жөндеу бойын­ша 2500 жоба іске асырылды. Бұл ретте, «нені жөндеу қа­жет және қандай жобаларға қа­ражат жұмсаған жөн» деген мә­се­лелер ауыл тұрғындарының қатысуымен шешілді.

Министрлік қадағалауында тұрған «Бизнестің жол карта­сы-2020» бағдарламасы – кәсіп­кер­лерді қолдаудың ең тиімді тетіктерінің бірі. Бүгінгі күні 36 мыңнан астам кәсіпкер бағдарлама бойынша қолдау шараларымен қамтылып, экономикадағы әрбір 5-ші жаңа жұмыс орны осы істің аясында құрылды.

Тұрғын үй құрылысы мәселе­лері бойынша министрліктің 2013 жылғы қызметі халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін одан әрі арттыруға және үлескерлердің қаражатын қорғау тетіктерін әзірлеуге бағытталды. Тұрғын үйге деген өсіп келе жатқан қа­­жеттілік ескеріле отырып, жер­гілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған адамдар үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы салынып жатқан тұрғын үйлерді сату мәселелері қосымша пысықталу үстінде. Өткен жылы барлық қаржыландыру көздері бойынша тұрғын үй құрылысына 477,8 млрд. теңге инвестиция жұмсалып, салынған қаржы кө­лемі 2012 жылға қарағанда 7 пайызға артты. Еліміз бойынша 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салынса, оның 3,6 млн. шаршы метрін немесе 52 пайызын жеке тұрғын үй құрылысы құрады.

Барлық әкімдіктер жалға берілетін тұрғын үйді іске қосу бойынша жылдық жоспарды орындады. Кезекте тұрғандар және жас отбасылар үшін алаңы 389,1 мың шаршы метр болатын 6680 пәтер салынды.

Несие қаражаты есебінен тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй салу­ға және сатуға 2013 жылы респуб­ли­калық бюджеттен өңірлерге 29,4 млрд. теңге бөлініп, бұл қаржы 95 пайызға игерілді (несие қаражатын игеру мерзімі – 2 жыл). Оған алаңы 314,6 мың шар­шы метр болатын 4 793 пәтер салынып, жылдық жоспар 121 пайызға орындалды.

Алқа мәжілісін қорытын­ды­лаған Премьер-Министр Серік Ахметов «Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес құрылған дербес Өңірлік даму министрлігі өңірлік саясатты жүйелендіруді мүмкін етті», дей келе, осыған орай 2013 жылдың аймақтардың ырғақты дамуын қамтамасыз етуде көп жағдайда айқындаушы кезең болғандығын атап көрсетті.

Премьер-Министр өз сөзінде өңірлік дамудың ауқымды мә­селелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, өңірлік саясатта басымдылық беріліп отырған экономикалық өсім орталықтарын қалыптастыру мәселесіне кеңінен тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында осы қалалардың болашақ дамуын негіздейтін агломерациялар құрылуда. Президент біздің алдымызға Астана мен Алматы агломерацияларын дамы­тудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын дайындау міндетін қойды. Бұл маңызды құжат биылғы жылдың соңына дейін әзір болуы керек. Сондықтан, бірлесіп атқаратын бұл жұмыс сіздердің басты назарларыңызда болуы тиіс», деді С.Ахметов.

Осыған орай Премьер-Ми­нистр Өңірлік даму министрлі­гіне әкімдермен бірлесе отырып, даму бағдарламалары шеңберінде барлық қалалар мен аудандарды мемлекеттік қолдау шараларымен толық қамту бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

«Тұтастай алғанда, министрлік өзіне жүктелген міндетке сәйкес өңірлік дамуға бағытталған бар­лық бағдарламаларды үйлестіру ісіне ерекше мән беріп, осы іс­тегі мониторингтік шараларды күшейте түсуі керек», деді С.Ахметов.

Үкімет басшысы, сондай-ақ, Президенттің тұрғындардың «Қол­жетімді тұрғын үй» бағ­дар­ла­ма­сына қатысуы жағдайын оңай­лату жөніндегі тапсырмасын бұл­жытпай орындау қажеттігін ескертті.

«Бұл үшін бағдарламаның барлық бағыттары бойынша үй кезегінде тұрғандардың пәтер алуын ерекше назарда ұс­тау керек, бағдарламаға қаты­сушылардың барлығына бірың­ғай талап қою мәселесін ретке келтіріп, осыған орай бағ­дар­ла­маға тиісті түзетулер енгізуді же­делдету қажет», деп атап көрсетті С.Ахметов.

Сөзін қорытындылай келе, Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін министрлікке ұзақ-мерзімді экономикалық өсім орталықтарын құру бойынша жұмысты ширата түсуді, осы істегі мемлекеттік қолдау шараларын барынша реттеуді тапсырды.

«Министрлік өңірлерді дамытуға бағытталған бюджет қаржысын тиімді пайдалануға ерекше назар аударып, осы істі үйлестіруді қамтамасыз ететін болсын. Бұл істе министрлік арқылы көрініс табатын «бір терезе» қағидаты облыстар үшін бюджеттік инвестициялық жобаларды бекіту кезінде маңызды буын болуы тиіс», деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».