Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2021

Алматылықтар қала күнін тойлап жатыр

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарын құттықтады, деп жазады Egemen.kz.

Алматылықтар қала күнін тойлап жатыр

«Алматы туған күнін тойлауда. Бұл әр адам үшін ерекше күн. Пандемияға қарамастан қала дамып келеді», деп жазды қала әкімі.

Биыл Алматыда 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Олардың ішінде 248 мыңнан астам немесе 4926 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына беріледі. 1013 көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар тұрғын үйге ие болады.

Жұмыс істейтін жастар үшін 1050 жалдамалы пәтер қарастырылған. «Алматы жастары қалалық бағдарламасы бойынша — 1000 жеңілдетілген несие көзделген. Бұдан басқа жекелеген санаттар үшін «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаны құюға 1 млн теңгеден 2 мың тұрғын үй сертификаты көзделген.

«Жыл соңына дейін 16 мыңға жуық оқушыны қамтитын 31 білім беру нысанын пайдалануға береміз. 61 мектеп жанындағы спорт алаңдарын жаңартудамыз. 10 жабық спорт кешені салынуда», деп толықтырды әкім.

Қаланы көгалдандыру үшін жыл көктемінде 64 мың түп ағаш егілген. Қазан айынан бастап тағы 350 мың ағаш отырғызылады. 22 саябақ пен сквер жөнделіп, жалпы ауданы 284 га болатын 8 жаңа саябақ аймағының құрылысы басталды.

«Біз бірге Алматыны әдемі, жайлы әрі әсем етіп көркейтеміз. Бүгін ортақ игілік үшін еңбек еткен әрбір жанға алғыс айтқым келеді! Баршаңызды мерекемен құттықтаймын!», деді Сағынтаев.