Өнер • 19 Қыркүйек, 2021

Тәуелсіздікке тарту

1012 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеңес идеологиясынан босап шыққан қазақ өнерінің қылқаламы егемендікке қол жеткізгелі еркін көсілді. Ұлттық бейнелеу өнерінің өрісі кеңіп, бояуы түрленді. Жаңашылдыққа жаны құштар қылқалам шеберлері азаттықтың аспанын қалаған түсімен бояды. Міне, сондай дарынды суретшілердің бірі – Дария Калимова-Қастеева.

Тәуелсіздікке тарту

Жақында көркемөнер­ден қуаныш тапқан өнер иесінің «Уақыттың шынайы сабақ­тас­тығы» атты көрмесі өткен болатын. Елордадағы салтанатты іс-шараның біз де куәсі болған едік.

Әуелі беташар сөз мемлекет және қоғам қайраткері, танымал түркітанушы, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековке берілді.

«Бүгінгі ашылып отырған көрменің мен үшін маңызы зор. Себебі Дарияның ата-ана­сы Мұхит Калимов пен Лиза Калимованы бұ­рын­нан танимын. Мұхит – қа­зақтың бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі. Отбасындағы әрбір жан шы­­ғармашылық пен өнерге тұнып тұрған азамат­тар», деген ол, осынау игі іс-ша­раға мұрындық бол­ған  ұйым­­дастырушыларға алғысын білдірді.

Өз кезегінде Ұлттық музей директорының орын­ба­сары Назгүл Кадрим­бе­това сурет­шінің шығар­машы­лы­ғына тоқталып өтті.

 «Гобелен – үлкен еңбекті, сабырлықты қажет ететін, ою-өрнек композициясы бар, сәндік өнердің бір түрі. Дария ханым жасаған бүгінгі туындылардан біз ана бейнесін, әйел адамның образын ай­рықша көре аламыз. Бұл көр­ме музей қонақтарының жү­регінен ерекше орын алады деп сенемін», деді Н.Кадримбетова.

1

Одан кейін кеш иесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық музей директо­рының атынан арнайы сертификатпен марапатталды.

Арнайы көрсетілген сый-сияпаттан соң Дария Кали­мова-Қастееваның анасы, бел­гілі суретші-кестеші Лиза Ка­лимова өзінің жылы лебізін білдірді.

Көрмеге Дария Калимова-Қастееваның өз туындыларымен қоса, әкесі, атақты қа­зақ­стандық суретші Мұхит Кали­мовтің жұмыстары да қойылған екен.

Айта кетейік, Мұхит Ка­лимов – портреттің сөзсіз шебері. Қазақтың атақты тұл­ғаларының портреттерін бей­нелейтін тарихи тақырыптарға үлкен мән бере білген шебер.

Осындай өнерлі отбасында дүниеге келген Дария Калимова-Қастеева сәндік-қол­данбалы өнерді, яғни го­беленді таңдады. Оның гобелендері тегістікпен, сы­­зықтардың бел­гілі бір өтім­ділігімен және ашық, қа­нық түстермен ерек­ше­ленеді.

2

Көптеген шығармасынан қазақ әйелінің бейнесі көрінеді. Әйел тағдырының фило­со­фиялық образы «Беташар» және «Ана» сияқты керемет туындыларында ашылады. Ал жастық пен сымбат бейнелері «Көк­тем» және «Арфалы қыз» шы­ғармаларында кез­деседі. Батик пен гобеленге тән де­коративтілік дәстүрлі кес­кін­деме мен классикалық ұлт­тық мәнерде салынған суреттер де көрінеді. Оның шығар­ма­лары тегістік гүл контрасстарымен үйлесіп, гүл, тауыс және Алматы апор­­­тын көрсетеді. Туын­ды­­лары жағымды түс­термен ай­шықталған. Әйел энергиясымен үндесетін ме­йірім мен махаббат, үміт пен сұлулық біріктірілген.

Аталған көрмені қала тұр­­ғындары мен қонақтары 10 қа­­­занға дейін Ұлттық музейге келіп, тамашалай алады.