20 Қыркүйек, 2021

Ашыққан ресейліктерге Аралдан көмек

1073 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл РКФСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Владимир Лениннің Еділ бойы мен оған жақын аумақтағы жұттан ашыққан жұртқа көмек көрсету жөнінде Арал балықшыларына хат жолдағанына артық кемі жоқ тура бір ғасыр толады. Аралдықтардың пролетариат көсемінің меселін қайтармай он төрт вагон балық жібергені жайлы кезінде көркем шығарма да, музыкалық туындылар да жазылды.

Ашыққан ресейліктерге Аралдан көмек

Ленин хаты балықшыларға 1921 жыл­дың 7 қазанында жазылыпты. Жеделхат жет­кен күннен бастап ауланған балық Қа­мыс­тыбас бекетінде жинақталып, пойыз арқылы жөнелтіле бастайды.

– Осы күні жүздеген тонна балықты бір күнде жіберді деп түсініп, оның рас­тығына күмән келтіретіндер бар. Мүл­де олай емес, бұл іс сол жылғы 25 жел­тоқ­санға дейін жалғасты. Бас-аяғы 75-80 күн­нің ішінде ашыққан халыққа 14 вагон Арал балығы жөнелтілген, – дейді осы аудандағы Балықшылар музейінің ғы­лыми қызметкері Айбек Есмағамбетов.

Ал 1921 жылдың 25 желтоқсанында Ле­нинге Арал депутаттары кеңесінің төр­­ағасы Төлеген Медетбаев «Арал бас­сей­ні­нің балықшылары 14 вагон балық жө­нелтті. Әсіресе, Бөген балықшылары ерек­ше белсенділік көрсетті» деген мә­тін­де жеделхат жолдапты. Бұл істе Бө­ген­мен қатар Қарашалаң, Қаратерең ба­лық­шылары да тонналап балық аулап, оны ат арба, түйе шанамен Қамбаш станса­сына тасыған. Осыдан 100 жыл бұрын өт­кен оқиға туралы ой өрбіткендердің көп­шілігі большевиктер партиясы көсе­мі­нің хатына байланысты бастамаға тек стан­саға жақын ауылдардың үлес қос­қа­нын айтады. Айналдырған 3-4 ауыл­дың ба­лық­шылары сол тұста кенерін ке­мі­ріп тұр­ған алып айдыннан аз уақытта жүз­деген мың тонна аулап берген екен. Арал­дық­тардың мәрттігіне риза болған Лениннің сыйы сол заманда қат дүние саналатын токарьлық станок болғаны да белгілі.

Бір қызығы, ұлы даладағы көгілдір алқадай Аралдың, жалпы теңізді өлке тұр­ғындарының атағын алысқа аспан­дат­қан осы оқиғаның шын мәнінде бол­ға­нына кейіннен күмән келтіретіндер де кез­деспей қалмапты. Жан-жақтан осы оқиғаның көзі тірі куәгерлері, олар­дың ұрпақтары іздестіріліп естелік­тері жазылып алынады. Өткен ғасыр­дың жетпісінші жылы Арал депутат­та­ры кеңе­сінің төрағасы Төлеген Медет­баев­­­тың Ленинге жіберген жеделхаты Ор­талық Комитет мұрағатынан табылып, құжаттың көшірмесі алдырылыпты. Қар жастанып, мұз төсеніп жү­ріп, ашыққан жұртқа жәрдем жөнелткен қарт балықшылардың бірсыпырасымен көзбе-көз кездесіп, көрген-білгенін бас­па­сөзде жариялағандардың бірі ширек ғасыр облыстық «Ленин жолы» (қа­зір­гі «Сыр бойы») газетінің Арал, Қа­залы аудандарындағы меншікті тілшісі қыз­метін атқарған журналист Шәкірат Дәрма­ғамбетов еді. Бұл күнде тоқсаннан асқан қарт қаламгер сол күндердің әрбір сә­тін жадында жақсы сақтаған.

Ал биыл 100 жылдыққа байла­ныс­ты бас­таманы сол іске үлес қосқан­дар­­­­­­д­ың ұрпақтары көтеріп отыр. Соң­ғы жыл­­­дар бедерінде жергілікті «Арал әле­мі» газетіне осы оқиғаға қатыс­қан ба­­­лық­шылардың суреттері мен олар­­дың ұрпақ­тарынан естеліктері жа­рия­ла­нып, алып айдын­ның несібесін өз­­ге­мен бө­лісіп, қайы­рымдылықтың үлгілі үрдісін та­ныт­қан­дардың есімі қай­та жаң­ғырды. Осын­дай ізгі ниеттің арқа­сын­да Аралдағы Балық­шылар музейі­нің жәдігерлері қата­ры толы­ғып, аулада ұйым­­дастырылған ашық аспан астындағы мұ­ражай ауқымы кеңейе түсіпті.

– Мұражай жерлесіміз, Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрі қызме­тін атқарған белгілі мемлекет және қо­ғам қайраткері Құдайберген Саржанов аға­мыздың идеясы мен табандылығының нәтижесінде 2012 жылдан бері жұмыс іс­теп келеді, – дейді мұражай меңгеру­ші­сі Айбек Медетбаев. – Облыстық та­рихи-өлкетану музейіне қарасты мекеме жаңадан ашылғанда 150-дей экспонат болса, қазір жәдігерлер қатары 2 мыңның үстіне шыққан.

Балығы тайдай тулаған Аралдың ­бая­ғысын еске салатын жәдігер іздеген­дер мұнда көп соғады. Швеция, Польша, АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея мен Жа­пониядан келетіндер көп. Ғимарат ішін­дегі «Балықшылар» және «Кеме­лер» деп аталатын екі бөлігі, ауладағы ат ­шана, түйе шана, қайықтар, жылым тартуға ­ар­налған шығыр, Ленин бергізген станок, түрлі кемелер кешегі күннің бейнеті мен бейнесін көз алдыңызға әкелетін­дей. Мұндағы жәдігерлердің көбін мұра­­жай қызметкерлері жинаған. Бұрынғы­ның бәрін күресінге тастаған кезде көп көзінен таса қала жаздаған мұраның бірі – Ленин сыйға тартқан станок болыпты. Ең алдымен кеме жөндеу зауытының ауласынан орын теуіп, кейіннен «Атамекен» балықшылар зауытына жеткізілген құ­рылғы соңғы жылдары елеусіз қалып, әлдекімдердің темір қабылдайтын орын­ға өткізбек болған жерінен көне жәдігер­дің бағасын білетін жігіттер сатып алып осында жеткізген. Музейдегілер жөн­деу жұмыстары аяқталғаннан кейін көр­ме өткізуді жоспарлап отыр. Айтпақ­шы, балықшылар мұрасын түгендеп, кәсіп­ке қатысты түрлі деректер мен бұйымдар­ды жинақтаған музейдің меңгерушісі осыдан 100 жыл бұрын балықшылар­дың ашыққан жұртқа көмек жібергенін алғаш жариялап, орталыққа жеделхат жолдайтын Арал депутаттары кеңесі­нің төрағасы Төлеген Медетбаевтың шө­бересі Айбек Медетбаев есімді азамат.

Кейде әр дәуірдегі оқиғалар тізбегіне қа­рап отырып, тарихтың шын мәнінде қай­таланатынына сенесің. Тура бір ға­сыр бұ­рын егіні шықпай, шөбі күйіп қуаң­шы­лық қыспағында қалған Еділ бо­йына кө­мек берген аралдықтар биыл осын­дай кепті өздері бастан кешті. Әй­теуір, мем­лекеттің қолдауы мен Қазақ­станның әр аума­ғынан жеткен жәрдем қауіптің бе­тін қайтарды. Кезінде жанын Арал шал­қа­рының шабағы аман алып қал­ғандардың бүгінгі ұрпағы өзіміз түгіл, өзгенің өзегін талдырмаған қайран теңіз­дің қазіргі күйінен, жағалаудағы жұрт­шылықтың бүгінгі жайынан хабардар ма екен?

Қоғам өзгерсе де мәнін жоймайтын құндылықтар болады. Тулаған тол­қынмен арпалысып, елдің байлығын еселеген аталардың еңбегі мен ерлігін қайта тірілтіп отырғандар бүгінгілерге жақ­сылықтың ешқашан ел жадынан өшпейтінін ұғындырғысы келеді. Тар­тылған айдынмен бірге көмескілене бас­таған байырғы балықшылардың тірлігі кейінгіге үлгі болса екен деген тілекте.

Ал осының бәрін бастан өткерген Арал­дың бұрынғы кейпі жоқ қазір. Үлкен теңіздің қайта ораларынан үміт аз, Елбасының бастамасы арқасында Кіші Аралдың айдыны толып, елдің үміті оянды. Сол сенім сөнбесе екен...