Президент • 21 Қыркүйек, 2021

Гендерлік теңдік – даму негіздерінің бірі

589 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында адам құқықтарын қорғау мен гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Ол депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге міндетті 30% квота туралы норманы заң жүзінде негіздеуді тапсырды.

Гендерлік теңдік – даму негіздерінің бірі

Гендерлік теңдікке жақын­дау үшін саяси өмірде әртүрлі квоталық жүйелер қолданылады. Олар ерікті және заңмен бекітілуі, қатаң заңна­малық квоталар қарас­тырылып, Конс­титуцияға енгізілуі мүмкін.

Гендерлік теңдік – Біріккен Ұлт­тар Ұйымының 2030 жылға дейін­гі тұрақты даму мақсаттарының бірі. Себебі қазіргі әлемде бұл фактор – кез келген елдің өркендеуі мен табысты экономикалық және саяси дамуының негізі.

2021 жылы Қазақстан Дүниежүзі­лік экономикалық форумның Ген­дерлік айырмашылықтың жаһан­дық индексінде 47-ші орынды иелен­ді. Әрбір мемлекет эко­номикалық қатысу, әйелдердің білім деңгейі мен денсаулығы сияқты көрсет­кіш­терді жақсарту, сонымен қатар саяси қатысу мүмкіндіктеріне кепілдік беруі қажет. Алайда саяси қатысу саласындағы құқықтардың тең үлестірілуіндегі гендерлік ал­шақ­тық төрт көрсеткіштің ішіндегі ең жоғарғысы болып қала береді.  

Аталған индекске кірген 156 елдің саяси келбетін саралайтын болсақ, олардың парламенттерін­дегі 35,5 мың орынның шамамен 26,1%-ын әйелдер иеленген, ал әлемдегі 3400-ден астам министрдің 22,6%-ын ғана әйелдер құрайды. Дүние­жүзілік экономикалық форум­ның мәліметі бойынша, қазіргі даму қарқынын ұстансақ, саясаттағы гендерлік теңдікке жету үшін 145,5 жыл қажет.

Елімізде қолданысқа енгізілген гендерлік принцип бойынша квоталау тәжірибесі шетелде де кеңінен қолданылады. Мысалы, Швеция­ның заңнамасына сәйкес жергілікті, аймақтық және ұлттық деңгейдегі басшылық лауазымға ұсыну кезінде әр жыныс өкілінің пайыздық көрсет­кіші 40%-дан төмен және 60%-дан жоғары болмауға тиіс. Осы ретте назар аударатын жайт: заңнамада әйелдерге арналған квота емес, әр жыныстың төменгі және жоғарғы қатысу көрсеткіші берілген.

Сондықтан гендерлік тең­дік­ті мемлекеттік қолдау әсі­ресе ос­ы қиын кезеңде саяси қа­ты­суға қатысты, келешек ұрпақ­тың ден­саулығы мен әл-ауқа­тын жақ­сар­туға негіз болып табыла­ды. Мем­лекеттер әйелдердің эконо­ми­калық, әлеуметтік және сая­си құқықтарын іске асыру үшін жағ­дай жасаулары керек. Бұл мә­селелер бойынша атқаратын мін­деттер Президент Қ.Тоқаевтың Жол­дауында нақты айқындалған.

 

Индира РЫСТИНА,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы