Президент • 21 Қыркүйек, 2021

Халық пен билік арасы жақындай түсуге тиіс

1133 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын министрлер мен әкімдерге, басқа да лауазым иелеріне әлеуметтік желі арқылы халықпен бірге болып, жұрттың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріңдер деген еді.

Халық пен билік арасы жақындай түсуге тиіс

Алғашқыда өңір әкімдері жаппай әлеуметтік желілер арқылы көрініп, елдің ұсыныстарына назар аударып, көп алдына шығып, жұртшылықтың үніне құлақ аса бастағандай болды. Сонда бір байқағанымыз, кей басшылар тіпті компьютерді қалай пайдалануды да білмейтін, онымен жұмыс істеп көрмеген болып шықты. Көпшілігі жалма-жан жанталасып, компьютерде жазуды білетін көмекшілер тарта бастады. Соларға айтып бірдеңе жаздырып, әйтеуір әлеуметтік желіден көрінуге тырысты.

Мемлекет басшысы өз Жол­дауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл бірінші кезекте жергілікті билікке қарата айтылып отыр.

Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешумен дәл осы әкімдіктер айналысады. Бірақ әрдайым осылай болып жатқан жоқ. Жоғары басшылықтың өңір­лер­де қабылданған шешім­дерді түзетуіне, тіпті кейде солардың орнына шешім қабылдауына тура келеді.

Түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасау­ға қабілеті жетпей жатады. Олар ор­талыққа жалтақтап жұ­мы­с іс­тейді. Бұл, негізінен, әкім­дер­дің халық алдындағы қазір­гі жауап­тылық деңгейі жеткілік­сіз­дігіне байланысты екенін мойындаған жөн. Олардың қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескеріле бермейді. Сондықтан барлық деңгейдегі әкімдердің жұ­­мысын бағалау тәсілін оңтай­лан­дыру керек», деп қадап айтты.

Ал қазіргі жағдай қалай? Көп әкім басқа әлемде жүргендей. Кей­бірі тіпті ауыл-аймақпен, ха­лықпен мүлде араласпайды. Әр тұста ашуланған, ашынған жұрт­шылық көшеге шығып, «белшеден батпаққа батып отырмыз, оқушыларымыз мектепке бара алмайды, сабақ басталып кеткенде ғана мектепте жөндеу жұмыстары жаңа басталады, жолдың сиқы болса мынау, апталап, айлап, жа­рық­сыз күнелтудеміз, құ­быр тар­тылғанымен, су жоқ, балаларымыз мына індет өршіген заманда компьютерсіз, интернетсіз қалай оқиды?» деп наразылықтарын біл­діріп жатады. Міне, күз кел­ді. Бірқатар өңірде егістік ал­қап­тарына су жетпей, бәрі құрғап, қурап кетті. Батыс өңірлерде құр­ғақ­шылықтан жемшөп болмай, мал өлімі көбейгені мәлім. Ағын су­ды саудаға салғандар біл­­ген­де­рін істеуде. Мысалы, Сары­ағаш ауданында жүздеген шаруа қо­­жалығының көкөніс­тері, бау-бақ­ша өнімдері су болмай күйіп кет­кен. Қолдағы мал жа­йы­лым жоқ­тық­тан ыңыршағы шы­ғып, қорада қа­маулы тұр. Жамбыл об­лы­сында бір пысықай 80 гектар жер­ді ай­нал­дыра қоршап, терең арық қаз­дырып тастаған. Оған елдің малы құлап өліп жатыр. Ал кәсіп­­кер­сы­мақтар суды, жерді әлде­­қашан жеке­шелендіріп алған. Еш­кімді жолатпайды. Ауыл жұрты жер үшін жаға жыртысуда. Енді бір жерде – Алматының ірге­сінде тағы бір пысықай ауыл хал­­қы­на тиесілі электр трансфор­ма­торын заңсыз иеленіп, жеке­ше­лен­діріп алған. Тұрғындар жиі жа­рық­сыз қалады. Маңайдағы су мұ­нарасы да соның иелігінде. Со­ның кесірінен жұрт суға жарымай, қымбат бағаға сатып алуға мәж­бүр. Сол маңайда алдымен көзге тү­сетіндер – бұқаралық ақ­парат құ­рал­дарының өкілдері. Ал ауыл­дың, ауданның басшылары, тиіс­ті саланың мамандары мүл­дем кө­рінбейді. Жергілікті би­­лік өкіл­дері болса, шарасыз. Нарық заңы бойынша, жекешенің мүл­кі­не құзыреті жүрмейді. Осы­лай­­ша, билік пен халық арасы ал­­шақ­­тай түскен. Осының бәрі түп­­теп келгенде, «жабайы жеке­ше­лен­­ді­ру­дің» теріс салдары. Әй­теуір, соң­ы жақсы болсын. Жол­дау­да бер­іл­ген Президент тап­сыр­­ма­сынан соң осындай өзекті мәселелер түйіні оң шеші­лер деп үміттенеміз.

Жалпы, кез келген билік өкі­ліне халықпен кері байланыс жа­сау өте қажет. Әрбір мемле­ке­т­тік қызметші әлеуметтік же­лі арқылы жағдайды біліп, жұрт­пен тығыз қарым-қатынас орнатуға тиіс. Түйткілді мәселені күнбе-күн анықтап, дер кезінде шара қолданып, жағдайды асқын­дыр­май шешіп отырса, қанеки. Жұрт­шылық арасында биліктен түңілген, сеніміне селкеу түскен адам­дар баршылық. Қоғам пікі­ріне әкімдер құлақ аспайды деген сөз желдей еседі. Міне, осыған орай Мемлекет басшысы: «Үкімет пен әкімдер Өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңартуы қажет», деп қадай айтты өз Жолдауында.

Қазір – интернет заманы, демек жұртшылықпен онлайн арқылы да байланысып, «Әкім сағатын» өткізуге мүмкіндік бар. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі үлгі бола білді. Әлеуметтік желі­де белсенділік танытып, тіп­ті қат-қабат шаруадан босай қал­ған түннің бір уағында кейбір мәселеге өз пікірін білдіріп, ойын жазып, тапсырма беріп жатады.

Өңірлердегі жолдар сапасыз, өндіріс тұралап қалған, ауыл ша­руашылығында мәселе көп. Тоқыма өндірісі отыз жылға арт­­та қалды, соның салдарынан киім қым­бат­тады. Өнімнің көбі – шетел­дің бұйымдары. Озық, жаңа технологиялар қайда? Соған ла­йық жаңа өндіріс салалары неге енгізілмейді? Неге осыған талап пен бақылау жоқ? Жолдаудан кейін серпілетін, тапсырманы орындайтын кез туды.

Мемлекеттік тапсырыспен әр жерде салынып жатқан көп­қа­бат­­ты үйлердің сапасы сын көтермейді. Тендерді «жеңіп ал­ған­дар» сапасыз, тым арзан құ­ры­­лыс материалдарынан үй тұрғы­зып, ол көп кешікпей қақырап, ша­тыры ұшып, қабырғасы сөгіліп жат­қаны. Жылдар бойы тұрғын үй зардабын шеккендердің өзі қазір ондай үйлерді алуға аса құштар емес.

Өндіріс дамымаған соң өнім шы­ғаратын, халықты азық-түлік­пен қамтамасыз ететін кәсіп­орындар жоқтың қасы. Соның сал­дарынан балалар жаппай шет­ел­ден жеткізілген, неден жасал­ғаны белгісіз, күмәнді ас-су ішіп, кейбірінің шаштары ағарып, сәби күнінен бастап шаштары түсіп жатқан жағдайларды телеарналардан көріп жүрміз.

Ендігі жерде ірі қалаларға халықты тоғыта бермей, ауылды дамыту, өркендету – аса өзекті мәселе. Өйткені ірі қалаларда кептеліс жиілеп, тұрғындарға пәтер, балабақша, мектеп, су, газ, қоғамдық көлік жетіспейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшылығына келгелі ел басынан ауыр сынақтар өтті: Арыс оқиғасы, Қордайдағы қақ­тығыс, көрші елдің Сардоба су қой­масындағы апат, пандемия. Күні кеше ғана болған Жамбылдағы жарылыс қаншама адамның өмірін қиып, елді дүрліктірді. Бір көңіл жұбатарлығы – Президентіміз ба­тыл бастамаларды қолға ал­ған­­дығы. Халықаралық аренада бе­делді, білімді де білікті бас­шының соны шешімдері көп­шіліктің қолдауына ие болып отыр. Мықты билік, беделді Пар­ламент қалыптастыру, халықпен санасып, тығыз байланыс орната отырып, елді дамыту – Мемлекет басшысының алға қойған басты мақсаты.

Біз Президентіміздің Жол­дауы­на үңіліп, алдағы уақытта елдегі барлық өзгерістің басында саясат тұрғанын түсіндік. Са­яси өзгерістердің негізінде эко­­но­микалық реформалар жасалатынын ұғындық. Тек сая­си белсенділігі жоғары қоғам, көзі ашық, өз құқығын ешкімге таптатпайтын азаматтар еліміздің эко­номикалық, әлеуметтік тұрақты дамуына кепілдік береді.

Өкінішке қарай, халықтың ішінде де бәріне мемлекет кінәлі деп, қол қусырып отыра беретін­дер көп. Жұрттың өз тарапынан белсенділік төмен.

Экономикалық өзгерістер саяси жаңарумен қатар жүруге тиіс. Мемлекет басшысының сая­си бас­тамаларына қолдау көр­сетіп, елі­мізде саяси жаңару үрдіс­тері­не күмәнданбауымыз керек. Жол­дауда Президент осыған баса назар аударды.

Елдің әлеуметтік жағдайын жақ­сарту, ауылды дамыту, жұ­мыс­пен қамту, тұралап қалған өндіріске жан бітіру, жалақыны өсіру – міне, осылар халықтың көкейінен шығуға тиіс. Мемлекет басшысы білім, ғылым саласы қызметкерлерінің еңбекақысын өсіруді қадап айтты. Алдағы уа­қыт­та ғылымға бюджеттің 1 па­йызын бөлуді тапсырды. Бұл осы сала қызметкерлерінің көңілінен шықты, әрине.

Елімізде енді халық пен билік арасы алшақтамай, керісінше, барынша жақындай түсуі керек. Биліктің негізгі міндеті халық­қа қызмет ету екені белгілі. Жұрт­шы­лықтың ұсыныс-тілегі­не жо­ғары жақ құлақ түріп, көңіл бөлуге тиіс. Қарапайым адам­дар­дың проблемасына баса назар аударылғанда ғана жұрт тарапынан наразылық болмайды. Соңғы кезде кейбіреулер адамдарды жаппай шеруге шығуға шақырып, әртүрлі ұран айтып, жұрт­шылықты адастырып, аран­дату­ға тырысып жүр. Алайда мұн­дай қадамдардан пайда көрген еш­бір ел жоқ. Соның кесірінен жүз­деген мың адам қырылып, алапат қан­төгіс болғанын тарихтан да білеміз.

Қазір қоғам өте тез даму үс­тін­де. Мәселе көтерген әрбір ақ­па­ратқа жедел де нақты, са­уатты, ұғы­нықты дәлелмен жұрт­шы­лықты сендіре отырып, жауап қайтару қажет. Ел ішін­де түсіндіру жұмыстарын жүр­гізіп, кез келген түйінді мәсе­лені оң шешу жолдарын қарас­тыру керек. Сонда ғана ха­лық пен биліктің арасында алшақ­тық болмайды. Президент Жол­дауында алға қойылған нақ­ты мін­деттер бұлжытпай орын­да­лып, егемендігінің отыз жыл­ды­ғы­на қадам басқан тәуелсіз Қаза­қ­­станымыз өркендей берсін!

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім жетекшісі