Дәстүр бойынша Тараз қаласындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Жомарт жүрек» сыйлығының облыстық кезеңдегі лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында облыс басшысы қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысып келе жатқан азаматтарға алғыс білдірді. «Қайырымдылық – біздің қасиетті құндылығымыз. Біз қашаннан бір-бірімізді қолдап, көмек көрсетіп, мейірімділік танытамыз. Сонау ашаршылық, соғыс кезінде де ата-бабаларымыз ұлтына, тіліне қарамай көпке көмек көрсетіп, қолұшын бергені белгілі. Сол игі дәстүр әлі де жалғасын тауып келеді. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қолға алынған «Жомарт жүрек» жобасы біздің өңірімізде де табысты жүзеге асуда. Қамқорлықты қажет ететін отбасыларға біздің демеушілеріміз, кәсіпкерлеріміз үнемі қайырымдылық танытады. Бұдан бөлек облыста «Жомарт түлек» жобасын жүзеге асырудамыз. Ондағы мақсат – табысты түлектерді өзінің мектебінің, туған ауылының әлеуметтік мәселелерін шешуге, өркендетуге тарту, сондай-ақ олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде ұсыну. Сонымен қатар халқымызды бірлікке үндейтін «Асарлатып үй салу жобасын» қолға алған болатынбыз. Ежелден келе жатқан игі дәстүр – асар әдісін қайта жаңғыртқан бұл бастама аясында кәсіпкерлер мен қайырымды жандар атсалысып, көптеген мұқтаж отбасына үй салып беруде. Біз бірлігіміз бен ұйымшылдығымыздың, табандылығымыздың арқасында барлық қиыншылықты еңсере аламыз», деді облыс әкімі. Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев облыстық іскер әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Лештаеваны «Жылдың үздік ұйымы» аталымымен марапаттады. Аталған қоғамдық бірлестік тарапынан Байзақ ауданындағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін 500 мың теңгеден астам қаражат жинап, оған Қайнар ауылындағы 19 отбасына азық-түлік сатып әперген. Ал балаларды қорғау мерекесіне қаланың қоғамдық бірлестіктерінен 110 балаға жалпы көлемі 1,2 миллион теңгеге сыйлық алып берген. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар мен оларды тәрбиелеп отырған ата-аналар да қамтылған.
Сонымен қатар «Туған өлке» аталымы Еркінбек Куатбековке тапсырылды. Ол Талас ауданы Майтөбе ауылына жалпы құны 18 миллион теңге болатын кіші футбол алаңын және 1,2 миллион теңгеге Street workout салып берген. Ал «Жылдың үздік қамқоршысы» аталымын осы жылы М.Мәметова атындағы №13 жалпы орта білім беретін мектепке құны 12 миллион теңгені құрайтын STEM лабораториясын сыйға тартқан Әбутәліп Мүтәлі иеленсе, «Жыл тұлғасы» аталымымен Ғалия Әбітаева марапатталды. Ол биыл 30 жылға жуық баспанасыз жүрген, төрт ұлынан айырылған қос қарияға және оның екі жетім немересіне үй алып беру мақсатында қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, аталған тұрғындардың баспаналы болуына атсалысқан. Сондай-ақ коронавирус індетіне байланысты карантин талаптары мен тәртіптерін орындауға шақырған және көпшіліктің вакцина салуы үшін ел ішінде насихат, үгіт жұмыстарын жүргізген. Медициналық және шаруашылық заттар алу үшін тұрғындарға үндеу тастап, 60 миллион теңгеден астам қаржы жинауға ықпал еткен. Сөйтіп Шу ауданындағы емхана және ауруханаларды жабдықтауға мол үлесін қосқан. Ал «Жыл меценаты» аталымын Талғат Тұрғымбаев иеленді. Ол Жуалы аудандық орталық ауруханасына жалпы құны 109 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алып берген. Оның ішінде заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған реанимобиль, 30 оттегі баллоны, 3000 дана жеке қорғаныш киімдері, медици-
налық қызметкерлер жұмыс барысында күнделікті пайдаланатын 5000 дана «КН-95» маркалы респиратор, 5000 дана бір рет және көп рет қолданылатын арнайы қорғаныс костюмдері, бір рет қолданылатын медициналық қолғаптар сияқты қорғаныш құралдарын және 10 дана оттегі концентраторларын алып берген. Жомарт жандарға бұл аталымдарды облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Талғат Ешенқұлов тапсырды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдармен қатар, қаржылай сыйлықтар да табыс етілді.
Жамбыл облысы