Сұхбат • 21 Қыркүйек, 2021

Қолымнан тек бокс бапкері болу келеді - Сайын Аратаев

932 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бүгінгі қазақ боксында Сайын Аратаевтай бапкерлер некен-саяқ... Неге дейсіз ғой. Олай болса тыңдаңыз. Біріншіден, бұл кісі бір жерде – Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта табан аудармай 42 жыл қызмет етті. Екіншіден, Сәкең – Афина Олимпиадасының қола жүлдегері Серік Елеуов пен Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевті балаң кездерінде жаттықтырған жампоз бапкер. Әлбетте, былайғы жұрт мұны біле де бермейді. Бір есептен, Сайын Аратаевтың өзінен де бар. Басқалар болса баяғыда-ақ жер-дүниеге жар салып, кеуде соғып жүрер еді-ау. Ал Сайын ағамыз болса өйтпеді. «Шәкірттерім мені көрген жерінде жандары қалмай, асты-үстіме түсіп жатады. Соның өзі жетеді маған», деп күрек тісін ақситып күледі де тұрады...

Қолымнан тек бокс бапкері болу келеді - Сайын Аратаев

– Өзінің бар саналы ғұмырын бокс­қа арнаған жан спорттың осы тү­рін қалайша, не себептен таңдады екен?

– Өзім Қарағанды қаласында тудым. Әкем сауда саласының қызметкері болды. Негізі, ол кісі Қарқаралының қазағы-тұғын. Қарағандыға келгенінде басында жер астына түсіп, кенші болып жұмыс істепті. Ал анам бес баладан кейін үй шаруасына біржолата көшкен екен.

Қарағандыда №26 қазақ орта мекте­бінде оқыдым. Бала күнімнен спортты жақ­сы көрдім. Дене шынықтыру пәні мен үшін бірінші кезекте тұратын. Қыс­та шаң­­ғы тебеміз, жаз болса доптың соңын­дамыз.

Әкемнің інісінің баласы Сағынтай деген өзімнен төрт-бес жас үлкен ағам бокс үйірмесіне қатысатын. Қашан көрсең сөмкесінің ішінде бокс қолғабы жүруші еді. Жетінші сыныпта жүргенімде мен де әлгі қолғапты киіп алып, боксшы бола­мын деп іштей бекіндім. Содан аға­ма ілесіп, «Шахтер» стадионының жанын­дағы «Динамо» спорт қоғамының бокс үйірмесіне келіп жазылдым. Басында бокс деген төбелеске керек болады деп ойлаған едім. Келе-келе бұл көзқарасым да өзгере бастады. Өйткені мен жаттыққан жерде небір мықты боксшылар бар екен. Солардан бокстың мәдениетін үйрендім, тәртіпке де бой үйреттім.

– Әскерде жүргеніңізде де бокс қолғабын тастамапсыз...

– Ол рас. Мен әскер қатарына 1962 жылы шақырылдым. Бокспен шұғыл­данғаным анықталған соң мені спорт ротасына жіберді. Осында мен нағыз бокстың қазанында қайнап, шынықтым. Забайкалье, Сібір, Қиыр Шығыс әскери округтерінде сынға түсіп, өз бөлімшемнің намысын қорғадым.

Жалпы, үш жылғы әскери өмір мені керемет есейткен еді. Мен уақытымның бір минутын да бос өткізбеуге тырысып, ізденумен болдым. Бокс туралы әдебиет­терді тауып алып, өздігімнен жаттыға бердім. Соның арқасында бокстың қыр-сырын бір кісідей білетін дап-дайын маман ретінде оралған едім әскерден...

Әскерден келген соң жоғары білім алу керек деген мақсатпен Қарағанды педа­гогикалық институтына құжат тапсырдым. Барлық емтиханнан өтіп тұрып, конкурсқа келгенде сүріндім. Менің бағыма орай, дәл сол жылы қалада дене тәрбиесі және спорт техникумы ашылып жатты. Оның алғашқы директоры Ғалым Жарылғапов деген жап-жас жігіт болды. Институтқа түсе алмаған бір топ бала жұртпен бірге осы техникумға құжат тапсырдық.

– Шаршы алаңда боксшы ретіндегі мәнеріңіз қандай болды?

– 54 кило салмақта өнер көрсеткен­дік­тен, рингте жылдам қимылдап, шапшаң болуға тырыстым. Соққымның да зілді бо­луына күш салдым. Мысалы, Ақтөбеде болған Қазақстан чемпионатында бес жекпе-жек өткізіп, соның бәрін де айқын басымдықпен ұтқан болатынмын. Яғни шаршы алаңда шапшаң қимылдап қана қоймай, қатты соққы жасауға да баса мән бердім.

– Ал енді бапкерлік өнерге сізді бастаған қандай күш?

– 1971 жылы баяғыда өзім түсе алма­ған Қарағанды пединститутының сту­денті атандым. Бір қызығы, сол жылдары жұрттың көбі жоғары оқу орнына кейін жақ­сы қызметте болсам деген оймен түссе, біз білікті бапкер болсақ қой деген арман­мен бардық.

Бокста жүріп жасымыздың біршамаға барып қалғанын да аңдамаппыз. Содан, был­ғары қолғапты шегеге ілдік те, бір күн­нің ішінде бапкер болып шыға келдік. Әрине, айтуға ғана жеңіл. Бірақ мұндай сын­дарлы шақты да бастан өткеру керек бола­тын. Мен үшін бұл үдеріс бірсы­дыр­­ғы өтті. Өйткені мен бапкерлік өне­рге өзімді іштей дайындап жүрген-тұғынмын.

Бапкерлік еңбек жолымды «Еңбек резервтері» спорттық қоғамында бастап, одан кейін аз ғана уақыт Жоғары спорт ше­берлігі мектебінде жұмыс істеп, 1971 жылы жаңадан ашылған спорттық бағыт­тағы мектеп-интернатқа ауыстым. Сол жерде Ярослав Фетисов, Есіркеп Жақ­сыбаев, Александр Дмитриев және мен бапкерлік жұмысты бастап кеттік. Ол кезде мектептің директоры Бақдәулет Өрбісінов деген ағамыз болды. Шынын айтқанда, Әлия Молдағұлова атындағы спорттық мектеп-интернат сол кісінің күшімен ашылған еді. Өзі соғысқа қа­тысқан майдангер әрі ғалым адам болды, мектептің аяғынан нық тұрып кетуіне де ерекше еңбек сіңірген жан еді, марқұм.

– Афина Олимпиадасының қола жүлдегері Серік Елеуов пен Лондон Олим­­пиадасының чемпионы Серік Сәпиевті мектеп-интернатта оқыған кездерінде сіз жаттықтырыпсыз. Осы­ны тарқата айтсаңыз.

– Егіздер – Серік және Берік Елеуов­тер мек­теп-интернатқа спорт шеберлігінен үміткер дәрежесінде келді. Екеуін де өзім қабылдап алдым. Ал мектепті бітірер жылы Серік Елеуов «Халықаралық дәре­жедегі спорт шебері» атағын алып шық­ты. Берік болса, Қазақстан чемпионы атанып, «Спорт шебері» нормативін орындады.

Ал Серік Сәпиев біздің мектепке 2-ші разрядпен келді. Оны да өзім қабылдап алдым. Жіп-жіңішке, көп баланың ішінде көзге түсе де қоймайтын қағылез бала еді. Бір қызығы, сол Серік сабағын жақ­сы оқыды. Өте тәртіпті болатын. Қоғам­дық жұмыстардан қалмай, мектеп-интер­нат­тағы түрлі іс-шараларға белсене қаты­сып жүретін. Ал жаттығуға келгенде жан аямай еңбек ететін. Елгезектігі керемет еді: айтқаныңды екі еткізбей орындайды. Намысшыл болатын, жеңіліп қалса, ызадан жарылып кетердей болып, ширығып жүретін.

Мен үшін бір өкініштісі, Серік мек­теп-интернатты бітіргеннен кейін Қара­ғандыда жататын жері болмай, үйіне – Абай қаласына қайтып кетті. Енді мына қызықты қараңыз, біздің мектептен кеткеннен кейін араға алты ай салып, Серігіміз Қазақстан чемпионатына барып, жеңімпаз атанды. «Қап!», деп санымызды соғып қалдық...

Кейін, кезінде еліміздің жастар құра­ма­сының бас бапкері болып қызмет еткен Ғалымбек Кенжебаев: «Сәке, Серікті сары майдай сақтаған сіз ғой», деген еді. Әрине, кейде көңілге өкініш ұялайтыны рас. Бірақ та өзімді Серік Сәпиевтей саңлақ боксшының бапкері болғанымды тағдырдың маған берген үлкен сыйы деп қабылдаймын. Оның үстіне, Серіктің өзі де мені ұмытпай, кездескен сайын сый-құрметін көрсетіп жатады.

– Серік Сәпиевтің шаршы алаң­дағы қайталанбас мәнеріне сіздің қол­таңбаңыз деп қарауға бола ма?

– Шынын айтқанда, Серік Сәпиев жас кезінде немере ағасы, талантты бокс­­шы Бақтай Сәпеевтің бокс мәнерін өзіне үлгі етті. Ал Бақтай болса, менің көз алдымда өсті. Кезінде оны талай жа­рыс­тарға апарғанмын. Сондықтан да мен бала Серіктің бойына Бақтай ағасы­ның бокс мәнерін сіңіруге тырыс­тым. Серік өсе келе ерен еңбектің арқасында жылдамдық жағынан Бақтай ағасынан асып түсті. Яғни Сәпиевтің шаршы алаң­дағы шапшаң қимылы, ойнақы мәнері, көз ілеспес соққылары біздің мектеп-интернатта жүрген кезінде қалыптасқан деп сеніммен айта аламын. Кейін, әрине, ол осы мәнерін ұштай түсті, шеберліктің ұшар шыңына жетті. Бұл жерде бапкері Александр Стрельниковтің де еңбегін жоққа шығаруға болмайды.

– Кезінде кейбір мамандар «Серік­тің соққысы жоқ», деп сын айтып жүр­ді. Бұған не дер едіңіз?

– Мұндай сын пікірлерді мен де естіп жүрдім. Мүмкін, расында, оның соққы­лары соншалықты жойқын бол­маған да шығар. Бірақ өзіңіз ойлап қараңызшы: әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, Олимпиада чемпионы болған боксшының соққысы нашар дегенге қалай сенуге болады?!

– Сіз бір жерде табан аудармай 42 жыл­дан астам уақыт еңбек еттіңіз. Мұны ма­ман­дығыңызға деген адал­дық дей­міз бе, әлде басқа бір себебі бар ма?

– Мамандыққа адалдық деп айтқан жөн шығар. Әрине, кезінде талантты деген бокс­шыларды көріп тұрып, солардың соңынан кетіп, атақ-даңққа да жетуге болушы еді. Бірақ мен өйтпедім. Неге десеңіз, өзім әбден бауыр басқан мектеп-интернатты, ондағы өзімнің бірге еңбек етіп жүрген әріптестерімді қиып кете алмадым. Менің өмірімдегі барлық қызық-қуаныш осы алтын ұя мектебімізбен байланысты. Қазір де өзімнің өмірімді осы мектеп-интернатсыз көз алдыма елестете алмаймын.

Кезінде менімен бірге еңбек еткен бапкерлердің бәрі де бұл күнде елімізге есімдері белгілі мамандарға айналды. Мысалы, Қанат Жақсыбаев бірнеше мәрте облыстың аға жаттықтырушысы болып, Қарағанды боксының абырой-беделінің артуына қомақты үлес қосты. Ғалымбек Кенжебаев Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері болып жемісті қызмет етті. Бейбіт Есжанов болса, жартылай кәсіпқой «Астана-Арланс» командасының аға бапкері болды. Бұлардың бәрі де Қазақстан Рес­пуб­ликасының еңбек сіңірген жаттық­тырушылары.

– Бұл өмірде бокс болмаса, басқа немен шұғылданар едіңіз?

– Бұл туралы ойланып та көрген жоқ­пын. Қолымнан тек қана бокс бапкері болу келеді. Жасымнан солай деп ойладым, әлі күнге дейін осыдан айныған емеспін...

Біреулер менің бәлендей-түгендей хоббиім бар деп жатады. Ал менің хоб­биім – жалғыз бокс. Шынын айтқанда, қо­лымнан басқа ештеңе келмейді...

– Сіздің кәсібіңіз – бокс. Ал отбасы­ның осыған қандай да бір қатысы бар ма?

– Зайыбым Мараш екеуміз Жанна есім­ді қызымызды тәрбиелеп өсірдік. Сол қызы­мыз тұрмысқа шығып, Бекзат есімді жиен сый­лады бізге. Әлі есімде, жиен-неме­реміз 2000 жылғы желтоқсанның 16-сы күні дүниеге келді. Сүйінші хабарды әріптес жат­тықтырушылармен бірге жұмыс үстінде естідім. Есімін Бекзат Саттархановтың құ­р­метіне Бекзат деп өзім қойдым.

 

Әңгімелескен

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»