Өнер • 21 Қыркүйек, 2021

Сиқырлы саз

704 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Арқа өңірі қашаннан өнерге бай, саз қонған, сөз дарыған ардақты мекен. Ұлы даланың сан ғасыр тарихын қобыз бен домбыраның қу шанағында сарнатқан небір талант осынау өлкеден өнерге ат қосты. Әрине, сайын Сарыарқадан ескен ұлы сарындар туралы айтқанда біздің құлағымызға ұлтымыздың төл аспаптарынан төгілген қою саз бірінші болып жететіні рас. Алайда біз оркестрлердің ішіндегі ең жоғары дәрежелісі – симфониялық оркестр туралы да ұмытпауымыз керек. Өнердің күрделі бұл саласы да Арқа даласынан асқақ қарайды. Айталық, Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы симфониялық оркестрі өзінің ширек ғасырдан астам тарихында талай белестерді бағындырған іргелі ұжым.

Сиқырлы саз

Осынау шағын жазбамызда аталған оркестрдің қысқаша тарихын тізбелей өтіп, өнер ордасының негізін қалаушылардан бастап, оған талмай қызмет етіп келе жатқан қайраткер тұлғалар туралы толғанғанды жөн көрдік. Себебі бүгінгі саясат өнерді экономиканың көлеңкесінде қалдырып, рухани дәрежеміздің, адами құндылықтарымыздың күннен-күнге құлдырап бара жатқаны ащы да болса шындық.

Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Е.Рахмадиев атындағы симфониялық оркестрі 1983 жылы құрылған болатын. Жалпы, оркестрдің негізін Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының түлектері құраған екен.

Әрине, қарапайым біздер үшін оркестр деп жалпылама айта салуымызға оңай болғанымен, сахнадағы әр дыбыстың өз аспабы, өз орындаушысы бар. Скрипка, виолончель, контрабас, флейта, кларнет, фагот, валторна, труба, тромбон, туба сынды күрделі аспаптардан шығатын әр дыбыс бір-бір әлем. Ал енді соларды бір арнаға тоғыстырып тұтас шығармаға қиюластыру әсте оңай болмаса керек.

Оркестрдің тұңғыш дирижері және жастардың тәлімгер-ұстазы Қазақстанның халық әртісі, профессор Төлепберген Әбдірашев болыпты. Бүгінгі таңда оркестрде кәсіби кәнігі шебер 65 музыкант жұмыс істеп, жылына алпыстан астам концерт береді екен.

Оркестрдің Олег Семченков, Игорь Ан­дрей­ченко, Татьяна Передеро, Ирина Воробьева, Александр Севостьянов, Балғабек Смағұлов, Мүнира Мұхажанова сияқты әртістері Қазақстан Республикасының түрлі наградасымен марапатталыпты. Өнер мен мәдениетке қызмет етіп келе жатқан 38 жылда симфониялық оркестр Батыс Еуропаның көптеген музыкасын, жауһар шығармаларын орындағанын да айта кеткен жөн. Бүгінде бұл өнер ұжымының репертуарында 700-ден астам қазақ халық композиторларының, қазіргі авторлардың, әлем және орыс классикасының үздік шығармалары бар. Сонау Гайдн, Моцарт, Бетховен, Брамс, Шуберт пен Мендельсонның шығармаларынан бастап, орыс классикасы саналатын Глинканың, Мусоргскийдің, Бородиннің, Чайковскийдің шығармаларымен жалғасатын бай репертуар өз тыңдармандарын әр­қашан жалықтырмай келеді.           

Оркестр шығармашылығының айрықша бөлігін Қазақстан композиторларының музыкасы құрайтынын да ұмытпауымыз керек. Айталық, оркестрге бүгінде аты берілген Е.Рахмадиевтен бас­тап, Ш.Қажығалиев, Е.Серкебаев, Ғ.Жұбанова, М.Сағатов, Ә.Бестібаев сияқты кең танылған, белгілі қазақ композиторларының есімдері мен шығар­малары оркестрдің концерттік бағдар­ламаларынан ешқашан түскен емес. Оркестрдің Еркеғали Рахмадиевтің атымен аталуы да – үлкен тарих. Еркеғали Рахмадиев дегенде көз алдыңызға ұлт өнерін заңғар биікке көтерген алып тұлға, симфониялық жанрдың негізін қалаушы қайраткер елестейді. Шығармаларының бәрі бүгінде «Алтын қорда» тұр. Ұлттық музыканы жаңғыртып, 6 опера, ондаған дауысты симфония мен кантата жазып, ЮНЕСКО бойынша мойындалған тұлға бізде бұрын-соңды болмағанын айта кету керек. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік пен осы симфониялық оркестрді сақтап қалуға да еңбегі сіңген өнерпаз.

Әр жылдары оркестрмен бірлесіп бүкіл әлемге танымал музыкант-виртуоздар да жұмыс істеді. Бірқатарын атап кетсек, Л.Власенко, Э.Грач, А.Севидов, В.Пикайзен, Т.Гринденко, В.Се­ли­вохин, Н.Үсенбаева, Ж.Баспақова, З.Сот­килава, М.Бисенғалиев, А.Мұсаходжаева, Ж.Әу­бәкірова, Г.Мырзабекова, Ә.Дінішевтер болса, ди­рижерлерден Ресейдің, Татарстан мен Қа­зақ­­станның халық әртісі Фуат Мансуров, Татар­­стан Республикасының халық әртісі Ренат Сала­ватов, Қазақстан Республикасының халық әртісі Төлепберген Әбдірашев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат Ахметов, Имант Коциньштар бар.

Симфониялық оркестрдің жоғарыда аталған әйгілі дирижерлерімен бірлесе жұмыс істеуінің өзі ұжымның кәсіби деңгейін өсіріп, музыканттардың орындаушылық шеберлігін шыңдай түседі. Ор­кестрдің бас дирижері Бүкілресейлік конкурстың лауреаты Петр Грибановтың үздік іскерлік бас­шылығы мен музыканттардың жоғары кәсіби шеберлігінің арқасында бүгінгі таңда ұжым дү­ниежүзіне кең танылып, мойындалған және Қазақстан бойынша ең үздік оркестрдің бірі болып саналады. Оркестр Франция, Испания, Түркия, Германия, Қытай, Ресей елдерінде гастрольдік сапарлармен болып, әлемнің әйгілі залдарында концерттер қойып, көрермендердің құрметі мен ыстық ықыласына талай мәрте бөленіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, Қарағандының бұл симфониялық оркестрі қазақстандық орындаушылық өнерді шетелдерде лайықты таныта алып келе жатқан, өз шеберліктерін шынайы дәлелдеген және оны көрсетуге әрқашан дайын жоғары кәсіби деңгейлі ұжым деуге болады. Осы орайда біз мына мәселені ескермей келе жатқан сияқтымыз. Осыншама талантты тұлғалар қызмет еткен, әлемге ұялмай таныстыра алар репертуары бай, тарихы бар тамаша оркестрдің осы уақытқа дейін академиялық атақ алмауы біртүрлі ыңғайсыз. Мәдениет және спорт министрлігі бұл ретте еліміздің жақсы атын жаһанға әр қырына танытып келе жатқан ұжым­дарды, жекелеген тұлғаларды әрдайым қолдап отырғаны жөн. Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы симфониялық оркестрін қолдау – ол жаңа Қазақстанның жасампаз келбетін қалыптастырады. Онсыз да жыл сайын түрлі халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары атанып жүрген кәсіби ұжымның алар асулары әлі де алда болуы керек.

Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр аумақ­ты алып жатқан атырабымыздың мол өнерін меңзеп кезінде этнограф ғалым Григорий Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» депті. Сол сияқты кең өлкеміздің кенді шаһарындағы осынау оркестрдің де әр нотасы қазақ даласын симфонияның сиқырлы сазына бөлеп келеді.