Экономика • 21 Қыркүйек, 2021

Дағдарыс пен дәрменсіздік

548 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік банк дерегі бойынша былтыр жаһандық экономика көрсеткіштері 3,5 пайызға, ал Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметінше 3,2 пайызға құлдырап кеткен. Бұл жерде қай цифр шындыққа жақын деп бас ауыртудың қажеті шамалы. Қайткенде де бұрын-соңды кездеспеген құлдырауды бастан кешірдік. Қазақстан да соңғы жиырма жылда тұңғыш рет ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көрсеткішін теріс мәнге түсіріп алды (-2,6 пайыз). Содан әлі оңала алар емеспіз.

Дағдарыс пен дәрменсіздік

Коллажды жасаған: Амангелді Қияс

Еңбек ресурстарын дамыту орта­лығы таяуда ғана жария еткен баяндама­сын­да жаһандық және отандық экономи­каның өзгеру қарқынын бағалап, алдағы жағ­дайларға болжам жариялаған. Пан­демия салдарынан Жер шарындағы бар­лық жұмыс істейтін адамның шама­мен 94 пайызы қандай да бір жолмен шек­теу шараларына тап болған. Əлем­дегі жұмыссыздық деңгейі 2018-2019 жыл­дар­дағы 5,4 пайызбен салыстырғанда 2020 жылы 6,5 пайызға дейін өсті. Бұл көрсет­кіш біздің елде 4,9 пайызға дейін көтерілді.

Дүниежүзілік банк сарапшылары əлем­дік экономиканың 2021 жылы 5,6 жəне 2022 жылы 4,3 пайызға өсуін күтуде. Банк сарапшыларының айтуынша, пан­де­мия əлемдегі экономикалық белсен­ді­лік­ке ұзақ уақыт теріс əсер етеді, осы­­лай­ша экономикасы дамып келе жат­қан жəне дамушы елдердегі өсу мүмкін­дік­терін те­жейді. «Болжамдар бойын­ша АҚШ эко­­но­микасы 2021 жылы 5,4, Еуро­ай­мақ­та – 4,2, Жапонияда 2,5 пайызға өседі. Қытайда жиынтық сұраныс пен қарыз қара­жатының қысқаруы есебінен ІЖӨ-нің айт­ар­лықтай өсуі (8,5 пайыз) байқалады.

Қазақстанға келетін болсақ, 2021 жылы экономиканың өсу қарқыны 3,2 пайызды құрайды, ал 2022 жылы 3,7 пайыз деңгейінде болады. Шикізат тауарлары бағасының баяу өсуі, ОПЕК+ келісімі шеңберінде мұнай өндіруге шектеулердің əлсіреуі, сондай-ақ тікелей шетелдік инвестициялар ағынының ұлғаюы экономикалық өсімге қолдау көр­сетеді деп күтілуде» деп жазады ор­т­алық.

ХВҚ болса Қазақстан экономикасы 2021 жылы 3,2, ал 2022 жылы 4 пайызға өседі деген жорамал айтады. Бұл ретте Азияның ірі экономикасы саналатын Қытайдың ІЖӨ өсімі 2021 жылы 8,1 жəне 2022 жылы 5,5 па­йыз деңгейінде болжануда. Қытайдан басқа, аймақтың экономикасын қалпына кел­ті­ретін қозғаушы күш – Үндістан, Бан­­г­ла­деш жəне Вьетнам болмақ. Ал Ор­та­лық Азиядағы өсім шикізатқа әлем­дік бағаның өсуіне тәуелді.

Үкімет экономиканың оң қарқыны байқалады деп айтудан танбайды. Бірақ сөз бен істің қабысар тұсы әлі де алда екені анық. Коронадағдарыс денсаулыққа ғана емес, азаматтардың жұмыспен қамтылуына жəне сəйкесінше олардың жалғыз табыс көзіне де қауіп төндірді. Алғашқы лекте қиындыққа ұшырағандар – шағын кəсіпорындар, əйелдер, жастар, еңбек мигранттары, білікті емес жəне бейресми жұмысшылар. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, дағдарыс өршу кезінде жұмысынан айырылған əрбір үшінші адам бейресми жұмысшы болған. Осыған орай вирустың таралуын шектеу, халықтың осал топтарына көмек көрсету, экономиканың құрылымдық сипаттамаларын реттеу жəне вакциналармен байланысты проблемаларды еңсеру таяу уақыттағы елдер саясатының негізгі басымдықтары болып қала бермек.

Өз кезегінде халықаралық ұйымдар мемлекеттерге келесі бағыттарға назар аударуды ұсынады. Оның біріншісі – өмірді құтқаруға күш салу. Яғни вакци­на­лау қарқынын ұлғайту. Екіншісі –
мем­­лекеттің экономиканы сақтап қа­лу­ға шындап кірісуі. Бұл орайда мемле­кет жұмыс орындарын қорғауды қам­тамасыз ету үшін кəсіпорындар мен ха­лықтың кірістерін қолдауды қам­­ти­тын қазыналық (салықтық-бюд­жет­­­тік) ынталандыру бастамаларын жал­­ғастыруы қажет. Үшіншісі – жалпы қолдау кезінде қамтылмай қалуы ықтимал топтар –
жастар, əйелдер, сондай-ақ «жұмыс іс­тейтін кедейлерді» қол­дау қайта бағ­дар­ланғаны жөн. Төр­тін­шісі – Үкімет экономиканың ең көп зардап шеккен салаларына назар аударуы керек. Бұл салалар үшін олардың ерекшелігін ескере отырып, қалпына кел­тіру жəне одан əрі дамыту, сондай-ақ жұмыс орындарын құру жəне тез дамып келе жатқан секторлармен ұштасу мүм­­кіндіктері бойынша жекелеген стра­­­тегиялар, бағ­дар­ламалар мен жос­пар­­лар əзірлеу талап етіледі.

«Коронадағдарыс тəуелсіз Қазақстан та­рихындағы екінші ең ауқымды дағ­да­рыс болды. Ішкі өндірістің құлды­ра­уынан басқа, Қазақстан елдің басты экспорттық тауары, демек, басты табыс көздерінің бірі – мұнайдың əлем нарығындағы дағдарысқа тап болды. Қызмет көрсету саласының өсу қарқыны бір жылда рекордты көрсеткіш 5,4 па­йыз­ға төмендеді. Ең көп қысқару тұру жəне тамақтану қызметтеріне (-19,7 па­йыз), көлік (-17,2 пайыз) жəне сауда саласына (-7,3 пайыз), сондай-ақ өзге де қызмет түрлерін ұсыну саласына (-8,4 пайыз) келді» деген дерек айтылады баяндамада.

Дүкен, дәмхана, мейрамханалар өз­де­рінің онлайн қызметтерін іске қосу ар­қылы қыспақ арасынан қиналмай шықса, туризм секторы үшін мұндай мүмкіндік те болмады. Өйткені турис­тер ағыны шектелді. Әрине, туристерсіз туризмді дамыту мүмкін емес. «Арман-тур» жəне Экскурсовод-гид мектебінің ди­ректоры Салтанат Абжанова кеңсе­лер­ді тапсыруға жəне жабуға тура кел­ге­нін айтады.

«Көп компания өз қызметкерлерін жұмыстан шығарып жатты. Олар – орта, ірі деңгейдегі компаниялар. Бірі өз қызметкерлерін мерзімсіз демалысқа жіберді, жалпы, барлық турфирма зардап шекті, бірі 100 пайызға, бірі 50 пайызға. Біреулер кем дегенде менеджерлеріне жалақы беру үшін тендерлерге барды. Көптеген шағын фирмалар да шыдай алмады, жабылды жəне əртүрлі салаға кетті. Кейбірі білім беру саласына, кейбірі саудаға дегендей. Бұл өте өкінішті, өйткені көптеген кəсіби кадрларды жоғалтып алдық. Шетелге туристерді апарумен жұмыс істеген кейбір фирмалар ішкі нарықты қайта бағдарлауға жəне зерттеуге, түрлі ақ­па­рат турлары бойынша жүруге, өз қыз­меткерлерін, менеджерлерін қазақ на­рығына қайта даярлауға мəжбүр бол­ды. Менің компаниямды өз экс­курсовод-гид мектебіміздің болуы ғана құтқарды. Бағдарламаны онлайн жасап, туристік экскурсиялық саланың түрлі модулі бо­йын­ша білім алғысы келгендердің бар­лы­ғын оқыттым» дейді Салтанат.

Қатты зардап шеккен салалар қа­та­рын­да көлік секторы да бар. Дағдарыс қиындығын қатты сезінгені сонша, карантин шаралары əлсірегеннен кейін де қалпына келмеді. Коронадағдарыс көлік тасымалының барлық түріне – қалаларда жеке жəне қоғамдық көлікті пайдаланудан бастап, ел ішінде де, басқа елдермен де жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыруға дейін əсер етті.

«Автомобиль көлігінде кəсіпорын­дар­дың тоқтауына жəне карантин ша­ра­ларының енгізілуіне байланысты авто­бус бағыттарындағы жолаушылар ағыны күрт төмендеді, жолаушылар кəсіпорындары күрделі қаржылық жағ­дайға тап болды. Мысалы, Алматы қала­сында 2020 жылғы 31 наурызда жо­лаушылар саны 2020 жылғы 25 ақпанмен салыстырғанда 15 есе (күніне 2,25 млн-нан 150 мың транзакцияға дейін) азайды. Су көлігі бойынша Кас­пий маңы порттары арасында кеме қаты­насына уақытша тыйым салынған жағ­дайда кеме иелері флоттың толық жүк­телмеу проблемасына тап болады. Оның ішінде Қазақстанның авиациялық əкім­­шілігінің мəліметтері бойынша аза­­маттық авиацияға келтірілген залал ғана 326 млрд теңгені құрады», дейді Kazlogistics Қазақстан көлік қыз­мет­кер­лері одағының бас директоры Ерлан Абсатов.

Өнеркəсіпте сəл өзгеше жағдай қа­лып­тасуда. Мұнай өндіруге арналған шектеулерге жəне мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) келісімі шеңберінде газ конденсаты көлемінің қысқаруына байланысты өндірістің жалпы көлемінің қысқаруы аясында тау-кен өндіру өнеркəсібінің өсу қарқыны 3,8 пайызға, ал жұмыспен қамту 2020 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 пайызға қысқарған.

Жақсыбек Күлекеевтің айтуынша, əсіресе бұрғылау, геология, жер асты жəне жер үсті жабдықтарын дайындаумен, құры­лыс­тар­мен айналысушы компаниялар зардап шеккен.

«Мысалы, ТШО «Болашақ кеңейту жобасы» объектісінің құрылысын тоқ­та­туға мəжбүр болды, онда 20 мың­нан астам адам жұмыс істеді жəне олар­дың барлығы мəжбүрлі жұмыс­сыз­­дық­­қа тап болды. Мұнай компания­ла­­ры, мұнай сервистік компаниялары осын­дай қызметкерлерді өздері қол­дау­ға тырысқаны туралы фактілер болды. Əрине, мемлекет бұл мəселеде де көмек­тес­ті, сондықтан жалпы жағдай оңай болмаса да, бұл шаралар жұмыспен қамтуды қолайлы деңгейде қолдауға мүмкіндік берді», деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңес­ші­сі.

Ал IT QCC ЖШС Сертификаттау орта­лығының жетекшісі Жоламан Ува­леев­тің шағын және орта бизнестің құлдырауы салдарынан бухгалтерияға, электрондық поштаға жəне өзге де
қыз­мет көрсететін АҚТ инженерлері табыс көзінен айырылды дегенді айтады.

«Сондай-ақ компьютерлік техниканы жөндеумен, баптаумен айналысатын шағын ІТ кəсіпорындарының саны азайды. Дағдарыс салдарынан ірі кəсіпорындар ұлттық компа­нияларды қоса алғанда, өздерінің инвестициялық бюджеттерін қысқартты. Салдарынан барлық АКТ жобалары тоқтатылды. Бұл АКТ инновациялары мен дамуымен айналысатын көптеген компаниялардың банкротқа ұшырауына немесе оңтай­лан­дырылуына əкелді. Біздің өзара іс-қимыл саламыздағы бірқатар ІТ компаниялары жұмыс форматын қайта құрды, бизнес-процестердің едəуір бө­лі­гі қашықтан орындауға ауыс­ты­рылды. Осы компаниялардың жұ­мыс көлемі мен қызметкерлер саны ай­тар­лық­тай өзге­рістерге ұшыраған жоқ», деген пі­кі­рін жолдайды.