Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2021

Жаңарған жолдар – Тәуелсіздік тартуы

431 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан Кеңес Одағынан қалған көне жолдарды қалпына келтіруде қыруар жұмыс тындырды. Бұған қала мен қаланы жалғап жатқан тақтайдай түзу жолдар, жанға жайлылық сыйлар автобандар дәлел. Әсіресе автожол саласындағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының игілігіне ел куә.

Жаңарған жолдар – Тәуелсіздік тартуы

Жергілікті желілер жаңаруда

Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігінің рес­­ми мәліметінше, Қазақстан­да­ғы автомобиль жолдарының же­­лісі 157 мың шақырымды құ­­­райды. Оның 25 мың шақы­ры­­мы – республикалық, 132 мың ша­­қы­­рымы – облыстық һәм аудан­­­дық маңызы бар жолдар. 2020 жыл­ға дейін республикалық жол­дар­дың 13 мың шақырымы қайта жа­ңар­тылған. Бұл респуб­лика­лық желінің 89 пайызын және жер­гілікті желінің 75 па­йы­зын нор­­мативтік талаптарға сәй­кес­тен­­дірген. Алдағы уақытта рес­пуб­­ликалық жолдардың 12 мың ша­қы­­рымын қайта жаңарту көз­д­е­ліп отыр. Сондай-ақ 11 мың ша­­қы­р­ым жол жөнделмек. Бұдан бөлек, жер­гілікті желілердің 27 мың ша­қы­­рымын жөндеу жоспарланған.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің айтуынша, биыл 8,4 мың шақырым жол жөндеу жұ­мыс­тарымен қамтыл­ған. Оның 5 мың шақырымы – республикалық желі. 3,6 мың шақырымды қайта жаңарту, 1,4 мың шақырымды жөндеу жос­пар­ланған. Жергілікті желінің 3,4 мың шақырымында жол-құрылыс жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Жыл қоры­тындысы бойынша республикалық автомобиль жолдарының 90 пайызын және облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың 80 пайызын нормативтік деңгейге жеткізу көзделген. Ал қайта жаңарту жұмыстары аясында 15 жоба жүзеге асырылуда. Президенттің тапсырмасына сәйкес «Орталық – Оңтүс­тік» дәлізін дамыту қарқын алды.

«Бүгін­де ұзындығы 955 шақырым болатын Қара­ғанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қапшағай учаскесінде қайта жаңар­ту жұмыстары жүріп жатыр. Елі­міз­дің шығысында Талдықорған – Өскемен (768 шақырым) және Қалбатау – Май­қапшағай (415 шақырым) автомобиль жолдары қайта жаңартылуда. Бұдан бөлек, Үшарал – Достық (184 шақырым), Мерке – Бурылбайтал (262 шақырым), сондай-ақ ұзындығы 96 шақырым болатын Ұзынағаш – Отар автомобиль жол­дарындағы жұмыс қызу. Батыста Ақтөбе – Атырау – Астрахань (740 шақырым) дәлізін жаңарту қарқын алды. Сонымен қатар Шамалған стансасының теміржол өткелінде жол айрығының құрылысы жалғасуда. Жыл қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 2,2 мың шақырымындағы жұмыстарды аяқтау жоспарланған», деді Б.Камалиев.

Мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. Бұл 2024 жылы аяқталады. Сонымен қатар Алматы қаласынан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін жалпы ұзындығы 70 шақырым болатын 6 шығыс жолын салу және қайта жаңарту қолға алынды. Бұл жұмыстар да 2024 жылы тәмамдалмақ.

Десе де, жергілікті жолдарға қатысты көптеген шағым бар. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та ескерткен болатын. Атап айтқанда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті базалық жолдарды, яғни облысішілік және аудандық жолдарды ұмытпау керектігін еске салған-ды. Қазіргі таңда облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 75 пайызы нормативтік талаптарға сай. 2025 жылға дейін оның үлесін 95 пайызға жеткізу көзделген. Биыл жергілікті желінің 3,4 мың шақырымын қамтитын 337 жоба іске асырылуда.

Автобан құрылысы тоқтамайды

Елорда мен өңірлерді байланыстыратын төрт жолақты автомагистральдардың құрылысы жалғаса бермек. Бүгінде Көкшетау, Павлодар және Қарағанды бағытындағы жұмыстар аяқталды. Қазір Қарағандыдан Қапшағайға дейінгі учас­кеде құрылыс жүріп жатыр.

Биыл ұзындығы 363 шақырым болатын Қарағанды – Балқаш учаскесіндегі негізгі жұмыстарды аяқтау көзделген. Өкінішке қарай, Балқаш – Бурылбайтал (288 шақырым) учаскесін қайта жаңарту барысында коронавирус пандемиясына байланысты «Азериншаат», «СПИК Аккорд», «Шанхайконстракшен» секіл­ді жекелеген шетелдік компаниялар жұмысын жалғастыра алмады. Қазір олар­дың орнына басқа мердігерлер жұмыс істеуде. Бұл жобаны Халықаралық қайта құру және даму банкі қаржыландыруда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды – Балқаш – Алматы дәлізін 2023 жылы толық аяқтауды тапсырды. 

«Қайта жаңарғаннан кейін қозғалыс­тың есептік жылдамдығы шамамен 120 км/сағатты құрайды. Тиісінше Нұр-Сұл­таннан Балқаш көліне дейін 6-7 сағат­та жетуге болады. Алматыдан жету үшін де дәл осындай уақыт қажет. Бүгінде Түркістан, Жамбыл облыстарынан және көршілес республикалардан орталық бағытына қатынайтын көліктер мәжбүрлі түрде Алматы арқылы 250 шақырым артық жүріс жасап жүр. Меркі – Бурылбайтал автомобиль жолы Орталық Азия елдерінен келетін транзитке оң әсер етеді. Биыл негізгі жұмыстарды аяқтап, қозғалысты жандандыруды жоспарлап отырмыз», дейді вице-министр.

Жыл соңына дейін Орталық Азия рес­публикаларын Ресей Федерациясының Шығыс Сібірімен, сондай-ақ Қазақстан­ның оңтүстік және шығыс өңірлерін байланыстыратын халықаралық транзиттік дәліз – Талдықорған – Өскемен (768 шақырым) учаскесінің қайта жаңарту жұмыстары аяқталмақ. Сонымен қатар Үшарал – Достық (180 шақырым) автожолы қайта жаңартылуда. Биыл қозғалыс жанданып, келесі жылы жұмыстар толық аяқталады деп күтілуде. Аталған автожолдар Алакөлдегі туристік кластерді дамытуда үлкен маңызға ие.

«Ақтөбе – Атырау – Астрахань бағыты қайта жаңарту жұмыстарына дейін нашар күйде болған еді. Сондықтан Ақтөбе мен Атырау, Ақтау қалалары арасындағы көлік қатынасы мәжбүрлі түрде Орал шаһары арқылы жүзеге асырылды. Артық жүріс 500 шақырымды құрады. Қазір құрылыс жұмыстары автожолдың барлық учаскесінде жүріп жатыр. Биыл Қандыағаш – Мақат (327 шақырым) учаскесін аяқтап, дәліздің қоз­ға­лысын қамтамасыз етеміз. Кейін 2022-2023 жылдары толықтай пай­далануға беріледі», дейді Индустрия және инф­ра­құрылымдық даму вице-министрі.

Алматы қаласындағы «Алтын Орда» базары ауданындағы автожол учаскесі қазан айының соңында ашылмақ. Бүгін­де негізгі жұмыстар аяқталған. Атал­ған учаскеде транзиттік көліктің өтуі үшін эстакаданың құрылысы жедел жүр­гізілуде. Бұл автожолдың аталған учас­ке­сіндегі қозғалыстың қауіпсіздігін айтар­лықтай жақсартады.

Ақылы жол һәм ақылды жүйе

Ал енді осы жолдардың құрылысына қанша қаржы жұмсалады? «Өзге елдер­мен салыстырғанда Қазақстандағы авто­жол құрылысының құны жоғары» де­ген пікір арагідік айтылып жүр. Вице-ми­нистр Берік Камалиев мұнымен келіс­пей­ді. Айтуынша, әлемде 1 шақырым жол үшін орташа есеппен 5-15 млн доллар жұм­­са­лады. Ал Қазақстанда бұл көрсет­кіш 1 млн долларға тең. Яғни бірнеше есе арзан.

Осы орайда, Қазақстанның ақылы жолдар жүйесін қарқынды түрде енгізіп жатқанын атап өткен жөн. Бірақ бұған қатысты да жолаушылар тарапынан шағым барын жақсы білеміз. Әсіресе, ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері тарапынан наразылық оқиғалары орын алды. Негізінен шағымдар жүк көліктеріне арналған тарифтің жоғарылығына байланысты.

«Ақылы жолмен жүру тарифтері 2013 жылы алғашқы ақылы учаске енгізілген кездегі деңгейде сақталып қалғанын атап өткен жөн. Жеңіл автокөліктер 1 шақырымға 1 теңге төлейді. Ал жүк көліктері үшін жүк көтерімділігіне байланысты 1 шақырымға 5-25 теңге белгіленген. Салыстырар болсақ, іргелес жатқан Ресейде жеңіл автокөліктер 1 шақырымға 7 теңге, жүк көліктері 7-55 теңге төлейді. Еуропа елдеріндегі тариф тіпті жоғары. Біздің елмен салыстырғанда, жүк көліктерінің тарифі 5 есе, жеңіл автокөліктердің төлемі 20 есе жоғары», дейді вице-министр.

Бұл ретте осы жылдың соңына дейін бірінші санаттағы 1,8 мың шақырым учаскеге ақылы жүйені кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал тариф 2013 жылы бекітілген деңгейде сақталмақ. Бұдан түскен қаржы жүйенің шығындарын жабуға, республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Ақылы жолмен жүргісі келмейтіндерге баламалы бағыттар ұсынылғанын атап өткен жөн. 2025 жылға дейін ақылы жүйені республикалық автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына енгізу көзделген.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компания­сы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Мұрат­ұлының айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында осы жылдың нау­рыз айының соңында 5,8 мың шақырым автожолға төлем алу жүйесінің 94 аркасы орнатылған. Сәуір-мамыр айларында төлемақы алу жүйесі тестілік режімде пайдалануға берілді. Маусым айында біржола енгізу жоспарланған еді. Алайда тасымалдаушылар тарапынан туында­ған наразылықтарға байланысты ақы­лы жүйені енгізу күзге ауыстырылды. Бұл ретте тасымалдаушылар жолдардың сапасын жақсартуды, тарифтерді төмендетуді талап еткен.

«Бірінші санаттағы жолдардың тарифі 1 шақырым үшін 5-25 теңге мөл­шерінде өзгеріссіз қалады. Ал екінші және үшінші санаттағы жолдар бойын­ша төлем жайлылық деңгейіне байланыс­ты төмендету коэффициентін қолдана отырып, жүк көліктерінен ғана алынады. Қазақстанның жол ғылыми-зерттеу институты екінші және үшінші санаттар үшін тарифті анықтаудың тиісті әдістемесін әзірледі. Қазіргі таңда әдіс­теме қоғамдық ұйымдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қа­рауында», дейді Асқар Мұратұлы.

Жоғарыда атап өткеніміздей, биыл 5,8 мың шақырым жол кезең-кезеңімен ақылы жүйеге қосылады. Тарқата айтсақ, бірінші кезеңде 1 қазаннан қарашаға дейін бірінші санаттағы 1,8 мың шақырым жолға жаңа жүйе енгізіледі. Сондай-ақ 7 учаске қосылуға дайын тұр. Бұлар – Нұр-Сұлтан – Павлодар, Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар, Қапшағай – Талдықорған, Нұр-Сұлтан – Көкшетау – Петропавл. Екінші кезеңде жыл соңына дейін екінші және үшінші санаттағы 4 мың шақырымдық жол дайын болады деп күтілуде.

Халық тарапынан жиі сынға ұшырай­тын саланың бірі – жол бойындағы сервис. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін барлық жолдарды Ұлттық стандарт талаптарына сай келетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандарымен қамтамасыз ету міндеті жүктелген.

Жол активтері ұлттық сапа орта­лығының бас директоры Замир Сағынов­тың айтуынша, орталық жол құрылы­сында пайдаланатын материал­дар­дың сапасын тексеру мен сараптау бағытындағы жұмыс көлемін жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Биыл осы бағыттағы жұмыс­тар рес­­пуб­­ликалық жолдың 100 пайызын, жер­гілікті жолдардың 88 пайызын қамтыған.

«Жөндеу жұмыстарының сапасызды­ғына көптеген фактор әсер етуде. Соның негізгісі – техникалық қадағалау қызметі­нің салғырттығы.  Осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына техникалық қадағалау қызметіне қатысты 59 хат жолданды. 12 техникалық қадағалау аттестатының қолданысы тоқтатылып, 12,2 млн теңгеге айыппұл салынды», дейді Замир Сағынов.

Түйіндей келе айтарымыз, жыл өткен сайын жол құрылысы да, жол сапасы да жақсарып келеді. Дегенмен, кемшіліктер әлі де бар. Жетілдіретін тұстар да жетерлік. Мұның бәрі кезең-кезеңімен реттеле берері даусыз.