Кеше Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен ведомствоның кеңейтілген алқа отырысы өтті. Онда негізгі баяндаманы агенттік басшысы Мұрат Оспанов жасады.
«Экономиканың монополиялық секторын мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімді жұмысы, инвестициялық тартымдылық мәселелерін шешу, тұтынушылар құқықтарын қорғау мен «жасыл» экономикаға көшу агенттік қызметінің негізгі стратегиялық бағыты болып табылады. Бүгінде еліміз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге дайындалуда. Ал бұл жаңғыртусыз, жақсы желілерсіз және инфрақұрылымсыз мүмкін емес. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен Қазақстан халқына Жолдауында қойған ел дамуының жаңа міндеттері экономиканың тиімді инфрақұрылымын құру, тұтынушылар құқықтарын қорғау және тарифтік саясат тетігін жетілдіру үшін жағдайлар жасауды талап етеді», деді Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы М.Оспанов.
Қазіргі таңда агенттік инфрақұрылымдық реттеуші ретінде 1186 табиғи монополия субъектісі қызметіне тарифтік және техникалық реттеуді жүзеге асырады.
Тарифтер заңнама талаптарына сәйкес бекітіледі. 2012 жылы монополистер сұраған кірістер 55 млрд. теңгеге төмендетілсе, 2013 жылы олардың сұранысы 175 млрд.-тан астам теңгеге қысқартылған.
Шағын және орта бизнес үшін кедергілер төмендетілген. Бірқатар шағын монополистер тарифтерді өзгертудің хабарлама беру нұсқасына көшіріліп, нормативтік базаға оңтайландыру жүргізілген. Сондай-ақ, озық елдердің тәжірибесі бойынша кезең-кезеңмен ынталандырып реттеу енгізілуде. Электр энергетикасы саласында өткен жылдан бастап өңірлік электр желілік компаниялар үшін бенчмаркинг әдісімен тарифтер белгіленген.
Сумен жабдықтау саласында проблемаларды шешу бойынша жұмыстар жүргізілген. Кең ауқымды жаңғырту мен реконструкциялау үшін суға тариф белгілеудің жаңа тетіктерін енгізудің 2013-2015 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданып, іске асырылуда. Сонымен бірге, агенттік жылу желілерін жаңғырту бойынша кешенді жоспарын да әзірлеуде. Аталған жоспар мақұлданып, іске асырылған жағдайда 2020 жылға дейін тозудың 15 пайызға, ал ысыраптар деңгейінің 4 пайызға төмендеуі жоспарланған.
Инвестициялық тартымдылықты көтеру жөніндегі жұмыстың нәтижесі инвестицияларға оң серпін беріп отыр. 2013 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялар сомасы шамамен 230 млрд. теңгені құраса, бұл өткен кезеңнен 10 пайызға артық. Бүгінгі күні 92 табиғи монополия субъектісі шекті тарифтермен жұмыс істейді. Бұл тұтынушылар үшін тарифтердің тұрақтылығы мен болжалдылығын, сонымен қатар, қызметтер сапасын көтеруді қамтамасыз етпек.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін баламалы тетікті енгізуді, сондай-ақ, үйге ортақ жылуды есептеу аспаптарын бюджет есебінен орнату шараларын қаржыландыруды ескере отырып, жыл соңына дейін тұрғын үйлерді жылу энергиясын есептеу аспаптарымен жүз пайыз жарақтандыру жоспарланған.
Алқа отырысын қорытындылаған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында халықты әлеуметтік қорғау міндетіне баса назар аударылғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол осы тапсырманың аясында агенттік өз қызметін жүзеге асырған кезде, ең алдымен, тұтынушы мен монополист мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ететін монополиялық сектордың мемлекеттік реттеу жүйесін дамытуы тиіс дегенді де назардан тыс қалдырмады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».