Сондықтан егер тіркелген әрі санақтан өткен респондент санақ парағына өзгеріс енгізуді қаласа, байланыс орталығына немесе аймақтардағы жауапты тұлғалардың телефондарына хабарласуы қажет (тізім sanaq.gov.kz сайтында көрсетілген). Байланыс орталығына хабарласқаннан кейін респонденттерде үй шаруашылығы (отбасы) мүшелерін қосу, уақытша тұрғанын көрсеткен азаматтар үшін тұрақты тұратынын белгілеп, 3-И санақ парағын өзі және қосылған отбасы мүшелері үшін толықтыру мүмкіндігі беріледі. Бұдан бөлек анкетаны қазанның 1-30 аралығында үйлерді аралайтын интервьюерлердің көмегімен де толтыруға болады.
17 қыркүйек сағат 16:00-дегі жағдай бойынша 3 883 145 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 3 352 748-і sanaq.gov.kz сайтында, 379 629 адам Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 150 768 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.
Онлайн санақтан өткендер саны бойынша Алматы облысы алда келеді. Мұнда 407 552 тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 393 942 адам Түркістан облысында тіркелген. Үздік үштікті Алматы қаласы түйіндеді. Мұнда 356 180 адам санақ сауалдарына жауап берді.
Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 111 968 және 101 136 адам санақтан өтіпті.
Ал жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қызылорда облысы алда тұр. Мұнда азаматтардың 34,8%-ы сауалдарға жауап берген (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823 052 адам тіркелген). Бұл көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 30,5%-ы бүгінге дейін санақтан онлайн режімде өткен (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 749 754 адам тіркелген).
Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.