Спорт • 22 Қыркүйек, 2021

«Адамды бағалаңдар тірісінде!»

621 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ спорты әбден ішінен бүлініп, тоқырауға ұшыраған көрінеді. Жылдар бойы қордаланған сыздауық-проблеманың жарылатын сәті биылғы Олимпиада жылымен тұспа-тұс келді. Токиода елдің Гимні шырқалған жоқ. Күміс медаль да қоржынға түспеді. Сөйтсе, спорттың айналасында ұлт мүддесінен гөрі жеке бастың қамын көбірек ойлайтындар қаптап жүр екен...

«Адамды бағалаңдар тірісінде!»

Спорт саласына жауапты Мәдениет және спорт вице-министрі алаяқтық үшін сотталып, амбициясы асқақ жоба ретінде басталған «Астана» Президенттік спорт клубы мақсатсыз жұмсалған қыруар қаржының кесірінен ақыры жабылып тынды. Қазіргі спорт функционерлеріне халықаралық додаларда ұлт ұпайын түгендегеннен гөрі жеке қалтасына түсетін қаржыны санаған әлдеқайда пайдалы сияқты. Әйтпесе, қазынадан қомақты қаржы бөлініп отырған ел спорты осыншама деңгейге шейін құлдырамас еді...

Елдің спорт саласындағы жетістіктері туралы сөз бола қалса, Кәркен Ахметов, Октябрь Жарылғапов, Қабден Байдосов, Қазыбек Байболов, Эдуард Айрих, Бекет Махмұтов, Вадим Псарев, Керей Қойшыбек, Саян Шаймерденов, Мұстафа Өзтүрік, Бексейіт Түлкиев сияқты талай таланттың томағасын сыпырған тұлғалар еске түседі. Спорт арқылы елдің рухын асқақтатуға өлшеусіз үлес қосқандардың қатарында Нұрлан Балғымбаевтың есімі айрықша аталады. Қазақ елі үшін олжалы болған Сидней Олимпиадасының алдында астанада әлемдік бокстың марқасқалары бас қосқан-ды. Бокс мәселелерін талқылауға қатысты кезекті жиын еді. Сол алқалы отырыста Қазақстан бокс федерациясының президенті ретінде Нұрлан Балғымбаев: «Сіздерден қазақ боксшыларының ойынын асыра бағалаңыздар деп сұрамаймыз, ең бастысы, біздің жігіттердің боксын әділетті бағаласаңдар болды», деген. Жаһандық бокстың жілігін шағып, майын ішкендер ірі­лік танытқан Балғымбаевтың сөзін зердеге мық­тап түйсе керек, Алаш оғландарының бағын бай­лаған жоқ Олимпиадада. Сидней рингінде қа­зақстандық боксшылар 2 алтын мен 2 күміс медаль иеленді. Ал Серік Қонақбаев Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) вице-президенті мен Азия конфедерациясының президенті болған тұста қазақ боксының бағындыратын биігі аласарып кеткен сияқты... Гәп қызметте емес, елдік мүддеде, азаматтық ұс­танымда екенін осыдан кейін айқын тү­сі­не­сің...

Жемқорлық жайлаған жерде адамгершілік, ізгілік туралы әңгіме айтуға бола ма? Ниет таза болмаған жерде көрсеткіш жоғары болмайтыны тағы түсінікті. Кейбір жаттықтырушылардың халықаралық жарыстарға, Олимпиадаға елдің абыройы үшін жанын салатындарды емес, ортаңқол спортшыларды қосатыны да сол. Жас кезінде халықаралық додаларда атой салған өрендердің ересектер құрамасындағы ахуалды аңғарған соң, кәсіби боксқа ауысатын себебі де сондықтан. Әйтпесе,олардың Олимпиада төрінде елдің Гимнін шырқағысы келмейді дейсің бе?!

Адамгершілік демекші, қолымызға қалам алғызған ауыр атлет Альберт Линдердің өлімі-тұғын. Спортшының жігіт жасында өмір­ден баз кешуіне не себеп? Неге күйзе­ліс­к­е ұшырады? Қолы сынғаннан кейін неге керексіз болып қалды? Азия чемпионы, Жазғы Универсиаданың жеңімпазы атанған спортшының алар асуы, бағындырар биігі алда емес пе еді? Сонда Қазақстанның байрағын желбіретіп, Гимнін шырқатқан саңлақтардың да құны көк тиын болғаны ма? Сұрақ көп.

24 жасында Олимпиада чемпионы атанған Шәміл Серіковтің 32 жасында өмірден өтуіне кеңестік жүйенің кесірі тиді деп, өзімізді жұбатқанбыз. Ал ендігімізге не жорық? Кеңес Одағы кезіндегідей қазақ спортшыларының бағын Мәскеу байлап отырған жоқ, тәуелсіз елміз. Спортшылардың жаттығуына, жат­тық­тырушылардың баптауына да жағдай жа­сал­ған. Қаржы да жеткілікті бөлініп отыр. Халықаралық жарыстардан жүлделі оралған сайын спортшыға да, бапкеріне де сыйақы беріледі. Бірақ қаржы мол жерде ашкөздік белең ала түсетін секілді ме қалай? Жарақат алған спортшыны сауықтырып, емдетудің орнына келесі спортшымен ауыс­ты­ра салу тиімді болғаны ғой... Өркениетті қоғамда елдің абыройын асқақтатып, әлемге танытқан саңлақ түгіл, қарапайым адамның тағдырына да бейжай қарауға болмайтыны түсінікті емес пе?

Ұлттың табиғи болмыс-бітімін жырмен өрнектеген Қадыр Мырза Әлидің төмендегідей жыр жолдары бар: «Қалдырмай ескерусіз бір ісін де, Талантты бағалаңдар тірісінде! Кейде біз ондайлардың жасы түгіл; Келеміз қадірлемей ірісін де!» Ақынның айтқанын сәл өзгертіп айтсақ, «адамды тірісінде бағалаған»  абзал. Линдер тағдыры – ел ертеңінің тағдыры!..

 

Соңғы жаңалықтар