Қоғам • 22 Қыркүйек, 2021

«Кіші Бауыржан Момышұлы» атанған қазақ

608 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әйгілі қаламгер Әбу Сәрсенбаев өз естеліктерінде майдан даласында бірге болған көптеген қаруластарының есімдерін атай келіп, Ратай Сұлтанбековке ерекше тоқталады. Ол жаумен шайқаста ерлікпен қаза тапқан есіл ер ретінде суреттеледі. Жалпы, Ратай Сұлтанбеков небәрі 21 жасында батальон командирі болып, «Кіші Бауыржан Момышұлы» атанғаны туралы жиі айтылады.

«Кіші Бауыржан Момышұлы» атанған қазақ

Ол 1921 жылы Талас ауданы, бұ­рын­ғы «Кеңес» кеңшары, бүгінгі Бөл­тірік шешен ауылында дүниеге келген. Тағдырдың жазуымен әке­сі­нен жастай жетім қалған Ратай Сұл­танбеков Түркістан, Қызылорда қала­ла­рында, Манкент елді мекенінде бі­лім алған, мектепті алтын медальмен бітірген. Кейін Алматы қаласындағы медициналық институтқа оқуға түсіп, үшінші курста оқып жүргенінде әскер қатарына алынады. Ол қысқа мерзімді әскери курсты тәмамдап, майдан даласына лейтенант шенімен аттанады. Ал 1944 жылғы 15 қыркүйек күні гвардия майоры Ратай Сұлтанбеков өзінің туып-өскен Талас топырағына, ауылына келіп қайтады. Өкінішке қарай, ол 1945 жылғы 16 сәуірде «Одер» әскери операциясы кезінде Берлин қаласынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Брандебург қалашығының түбінде ерлікпен қаза табады.

Даңқты гвардия майоры Ратай Сұлтанбековтің туғанына 100 жыл толуы­на орай, Тараз қаласы тұрғын­да­ры­ның арасында жеңіл атлетикадан жарыс ұйымдастырылды. Аталған марафон облыс орталығындағы Нұрсұлтан Назарбаев алаңынан басталып, Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті атындағы саябаққа дейін жал­ғас­ты. Марафоншыларды Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев, еңбек ардагері Кенішбек Сұлтанбеков құттықтап, Ратай батыр туралы, оның майдандағы ерлігі хақында әңгімеледі.

Кезінде «Кіші Бауыржан Мо­мышұлы» атанған Ратай Сұлтанбе­ков­тің ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Егемен еліміздің жастарын патриоттық, отансүйгіштік бағытта тәрбиелеу және даңқты гвардия майорының есімін есте мәңгі сақтау мақсатында Тараз қаласындағы Халықаралық «Қо­наев қоры» облыстық филиалының мә­жі­ліс залында «Ерлік – елге мұра, ұр­паққа ұран» тақырыбында Ратай Сұлтанбековтің туғанына бір ғасыр толуына орай баспасөз конференция­сы өтті. Онда батырдың немере қа­рындасы Седепкүл Қамбарбекова сөз сөйлеп, ардақты ағасы туралы есте­лік­терін ортаға салды.

«Талай шаңырақтың отын сөндірген соғысқа менің әкем Қамбарбек, оның екі інісі Сауқымбек пен Ратай үшеуі де аттанады. Сауқымбек содан хабарсыз кеткен. Ратайдың тағдыры қалай болғанын өмірбаянынан, ол жайлы деректерден біліп отырсыздар. Сол үш бауырдан менің әкем ғана аман оралған. Оған да шүкір. Бір үйден 5-6 бауыр кетіп, біреуі де оралмаған жағдайлар болды ғой. Әкем соғыс туралы әңгіме айтуды ұнатпайтын. Мектеп, ауыл басшылары майдангер ретінде жиынға шақырса, көбінесе бармай қалатын. Соғыста небір боздақтардың жастай ажал құшқаны оның жанын өмір бойы жаралады. Бірақ майдан даласында әкем інісі Ратаймен бір мәрте кездесіп, мауқын басқан екен. Біз де Ратай ағайымыздың ерлігімен мақтанамыз. Бүгінгі жас ұрпақ осындай ерлік істерден үлгі алып өсуі керек», деді ол.

Ал батырдың немере інісі Кенішбек Сұлтанбеков Ратай Сұл­тан­бековтің ерлік жолына тоқ­тал­ды. Кезінде Гер­манияда батыр жатқан қабірден то­пырақ әкелініп, туған жеріне Құран оқылып, қойылған екен. Оның айтуынша, Ратай Сұлтанбеков жайлы ақын Әбу Сәрсенбаев өзінің «Сенің бақытыңды қорғады», «Гвар­дия­шылар биігі» кітаптарында ке­ңі­нен жазған екен. Кенішбек Сұл­тан­беков те Әбу Сәрсенбаевтың үйінде үш рет қонақ болып, батыр ағасы жайлы талай деректерге қанығыпты. Сол деректерге сүйенсек, Ратай Сұл­тан­беков генералдар даяр­лай­тын оқу орнында білім алған тұңғыш қазақ болған екен.

Сондай-ақ жиында журналист Ерман Әбдиев сөз алып, Ратай Сұл­танбеков жайлы кітап әзірлеп жат­қа­нын, батырдың ерлігі ешқашан ұмы­тыл­майтынын, ол жайлы ақын Әбу Сәрсенбаевтан бастап, жергілікті Битама Мырзамбетұлы, Қадірхан Бақ­қараев, Мүтәліп Ережепбайұлы және Әскербек Құйқабайұлы сияқты қа­ламгерлер де әр кездерде қалам тарт­қанын айтып өтті.

Облыстық билер кеңесінің мүшесі Талғат Жұмабекұлы да батырдың ерліктері тұрғысында және ақын Әбу Сәр­сенбаевпен кездескен сәттері жай­лы естеліктер айтты. Жиын со­ңын­да Отан қорғау жолында оқ пен от­тың ортасында жастай сөнген Ратай Сұлтанбековтің рухына Құран ба­ғыш­талды.

Қан майданда көрсеткен ерлігі үшін Ратай Сұлтанбеков «Қызыл Жұл­дыз» орденімен, екі рет бірінші дә­ре­желі «Отан соғысы» және екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Бүгінде батырдың Гер­мания жеріндегі бейітіне тасбелгі ор­натылып, қабірінің топырағы туған жері Бөлтірік шешен ауылындағы ата-бабасы жатқан зиратқа қойылған. Қа­зір­гі кезде Талас ауданының орта­лы­ғы Қаратау қаласында және Бөлтірік шешен ауылында Ратай Сұлтанбеков атындағы көшелер бар.

 

Жамбыл облысы