Аймақтар • 22 Қыркүйек, 2021

Балқаштан бастау алды

283 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы және мәдени ойын-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдіс­темелік орталығы ұйымдастырған «Сары­арқаның көшпелі мәдениеті» атты өңірлік фестивалі Балқаш қаласында өтті.

Балқаштан бастау алды

Арқа төсінде тұңғыш ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты да айқын. Ол ұлтымыздың бай мәдениетін шы­ғармашылық, музыка, қолөнер, ойын-сауық және спорт арқылы көрсету еді.

Фестиваль аясында «Шеберлер қаласы» деген та­қырыпта халық қолөнершілерінің экспозициясы келу­шілер назарына ұсынылды. Балқаштағы М.Хамзин атындағы мәдениет сарайының іші киіз кілемдерге, текеметтерге, зергерлік бұйымдарға, ұлттық нақыштағы киім-кешектерге толып кетті. Бұдан бөлек, ұлттық тағам­дар көрмесі де келушілердің назарын өзіне аударды. Ал жергілікті спортшылар болса, қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлерінен өз шеберліктерін көрсетті.

Арнайы құрылған қазылар алқасы өнерпаздардың шығармашылық дарынына баға бергеннен кейін, же­ңім­паздар мен жүлдегерлерге сый-сыяпаттар жасал­ды. Сондай-ақ «Сайын далам – Сарыарқа» атты театр­ландырылған қойылымда әншілер мен айтыскерлер жұрт алдында өнер көрсетіп, қазылар мен көпшіліктің ықыласына бөленді.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов Бал­қаштан бастау алған «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалі алдағы уақытта Осакаров, Бұқар жырау, Нұра және Абай аудандарында, сонымен бірге Қарағанды мен Теміртау қалаларында жалғасатынын айтады.

Ал байқау мәреге жеткеннен кейін, үздік шыққан өнерпаздар мен шеберлер желтоқсан айында кеншілер астанасында өтетін гала-концертте өнер көрсететін болады.

 

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы