«Екпе алған тұрғындар санының көбеюі мен КВИ-ге қарсы ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы қалыпты өмірге біртіндеп оралуға мүмкіндік береді. Санитарлық нормаларды сақтай отырып, 28 қазан мен 1 қараша аралығында Nur-Sultan theatre week халықаралық театр фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Елордамыздың барлық театры қатысады, сондай-ақ шетелдік театр ұжымдары шақырылады», деді қала әкімі.
Фестивальді өткізуге алғаш рет қаланың барлық инфрақұрылымы, оның ішінде шағын және орта бизнес атсалыспақ. Театр апталығы кезінде көрме, театр сахнасының жетекші театрлары мен мэтрлерінің түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, қала тұрғындары арасында премьераларға билеттер ойнатылады.
«Былтыр қазақ драма театрына жаңа ғимарат берілді, енді саябағын абаттандырамыз. Бұған дейін «Астана Опера» театрының қасында емен бағы, «Астана балет» театры жанында бақ жасалды. М.Горький атындағы академиялық орыс драма театрына реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізілді», деді әкім.
Сондай-ақ қала басшысы биыл Жастар сарайы мен Жас көрермендер музыкалық театры арасын жалғайтын «Театр бульвары» мен елордадағы алғашқы Demalys Promenade жаяу жүргіншілер көшесі ашылғанын айтты.