Аймақтар • 22 Қыркүйек, 2021

Дәрігерлерге арналған аллея ашылды

329 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында коронавируспен күрескен медицина қызметкерлерінің құрметіне «Аяулы алақан» аллеясы ашылды, деп жазады Egemen.kz.

Дәрігерлерге арналған аллея ашылды

Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай, жаңа аллея ашылды. Оған дәрігерлердің пандемия кезіндегі жанкешті еңбегіне алғыс ретінде «Аяулы алақан» мүсіні қойылды. Мүсіннің биіктігі - 1,2 м, ұзындығы - 3,8 м, ені - 2,8 м. 

«Пандемияның алғашқы күндерінен-ақ Елбасы үндеуімен еліміз бірігіп, індетті жеңуге жұмылды. Қиын жағдайда медицина қызметкерлері алдыңғы қатарда күрескендердің бірі болды. Бүгінгі ашылған «Аяулы алақан» мүсіні аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген медицина саласы қызметкерлерінің құрметіне арналады. Бұл – ел құрметінің белгісі, ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады», деді Алматы облысы әкімі әрі жоба авторы Амандық Баталов. 

Індет кезінде облыстағы 31 медициналық ұйым, амбулаториялық және стационарлық деңгейде 3455 медицина қызметкері жұмылдырылған. 900-ге жуық медицина қызметкері коронавируспен ауырып, 14-і көз жұмған.