04 Ақпан, 2014

Жастарға жағдай жасалады

320 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
0-a21Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы тәуелсіз Қазақстанның тұрақ­ты дамуын қамтитын және мем­лекетіміздің барлық саласына тың серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін нақты іс-жоспарға құрылған шын мәніндегі тарихи құжат екені даусыз. Бұл Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – Мәңгілік Ел құруды көздейтіні. Өйткені, бұл біздің отандық ор­тақ тарихымызда мүлде жаңа ұғым. Нақтырақ айтқанда – Мәң­гілік Ел құруға бағытталған ұзақмерзімді Стратегияны жү­зе­ге асыру жөнінде нақты бағ­дар­лама ұсынылып отыр. Бұлардан бөлек Қазақстанның қазіргі за­манғы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді көздейтін дамыған мемлекет құру ұлт­тық идеясы да жан-жақты маз­мұн­далған. Ал бұл тарихи мін­детті іске асыру Нұрсұлтан Назар­баевтай Президенті бар қазақ­стандықтардың қолынан келе­тініне титтей де күмәнім жоқ. Мемлекет басшысы алдағы 35 жылды 7 «бесжылдыққа» бө­ле­ді. Бұл бесжылдықтардың әр- қай­сының жеке-жеке мақсат-мүдделері болады. Елбасы осы­нау әр кезеңді қамтитын маңыз­ды міндеттерді де нақты атап көрсетті. Әр кезең сайын эконо­миканың жаңа белестерін бағындыру әрбір бес­жылдықтың нақты нәтижесі болып табылады. Сондай-ақ, Елба­сының ғы­лымға негізделген эко­номика қа­лыптастыру туралы тапсырмасы да ғылым мен инно­вациялық технологияларға баса назар аудару қажеттігін білдіреді. Елбасының биылғы Жол­дау­ында маған қатты ұнаған тағы бір қуанышты жағдай – білім бе­ру саласы қызметкерлерінің әлеу­меттік пакетін қайта қарас­тыратыны. Атап айтқанда, сала қыз­меткерлерінің еңбекақылары 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 29 пайызға дейін арттырылмақ. Ал бұл біздер үшін үлкен кө­мек. Ынталандырудың мұн­дай жолдары білім беру саласы қызметкерлерін жаңа мін­дет­терді, яғни Жолдауда айтыл­ған, жан-жақты сараланған «Қа­зақстан-2050» Стратегия­сын жүзеге асыруға тікелей жұмыл­дырмақ. Бұл еліміздің әрбір азама­тының ілгері ұмтылуына үлкен қам­қорлық. Жалпы, Мем­лекет бас­шысы өзінің жыл сай­ынғы жол­дауларында ғылым мен бі­лім саласына айрықша көңіл бөліп отырады. Бұл жолғы Жол­дауында да сол дағдысынан айны­мапты. Әсіресе, Елбасы жас­тар­дың қамын ойлайтындығын тағы да танытты. Соның ішінде, мә­селен, 2016 жылдан бастап сту­дент­тердің шәкіртақысы өсетін­дігін мәлімдеді. Бұл мәселе Жол­дауда былайша көрініс тапқан: «Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасау қажет деп санаймын. Үкіметке 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап стипендиялар мөлшерінің 25 пайызға өсірілуін қамтамасыз етуді тапсырамын». Әрине, мұндай үстемеден білім алушылардың қай-қайсысы да дәмелі екені даусыз. Ендеше, олар енді жақсы үлгерімге қол жеткізу үшін тырыса түспек. Осы жолғы Жолдауда Елбасы идеология мәселелеріне ерекше тоқталып, екпін берді. Атап айтқанда, алда қазақстандық патриотизмді арттыру бағытында нақты шаралар қабылдануы керек. Өйткені, осыған үлкен мән беріліп отырғаны аңғарылады. Әсіресе, Мәңгілік Ел идеясы бойынша жастармен жұмыс күшейтілетін болады. Бұл ретте, әрине, біздің педагогтарымыздың атқаратын рөлі мен міндеттері зор. «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр», – деді Президент. Осы Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру біздерге де мол жауапкершіліктер жүктейді. Сондықтан да Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті ұжымы да өз мүм­кін­діктерін, жинақталған мол тә­жірибелерін Жолдауда айтылған міндеттер мен берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға жұмылдыратыны сөзсіз. Бұл Жолдауда біздің университет үшін тағы бір жаңалық – басқарудың автономиялық түріне көшу екені. Елбасы былай деп атап көрсетті: «Жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет». Мұндай үрдіс бүгінде Астанадағы Назарбаев Университетінде ғана бар. Енді оған еліміздегі ұлттық мәртебеге ие университеттер бірте-бірте көшуге тиіс. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де осы бағытта біраз уақыттан бері дайындық жұмыстарын атқаруда. Бір сөзбен айтқанда, біз бұл іске кірісуге толық әзірміз деуге негіз бар. Егерде біз академиялық және басқарушылық автономияға көшетін болсақ, мұның тиімділігі мен пайдасы университет үшін айтарлықтай болмақшы. Атап айтқанда, ғалымдарымыз бен ізден­гіш студенттеріміздің өмір­шең ғылыми жобаларынан алынған табыс көзін тиімді пайдалана ал­сақ, жоба авторларын ынталандыра түсері даусыз. Басқарудың мұндай жолы білім ордасына тың серпін беретініне бек сенімдімін. Өйткені, Елбасы бар үмітін ертең елге елтұтқа болатын жастарға артып отыр. «Әсіресе, жастарымызға мынаны айтамын. Бұл Стратегия сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздерсіздер», – деп атап көрсетті. Ендеше, Президент Н.Ә.На­зарбаев үміт артып отырған сол жастарды тәрбиелеу, оларға терең білім беру біздердің, педагогтардың тікелей міндеті болып табылады. Сонымен бірге, Елбасының осынау айтқаны біздерге де тікелей қатысы бар деп ойлаймыз. Демек, бұл біздер үшін де жауапты міндет. Сондықтан, Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді орындауға бәріміз де бір кісідей атсалысамыз. Өйткені, Мәңгілік Ел болу үшін бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ – ортақ арнада тоғысуы қажет. Ал Мәңгілік Ел болуды біздің ата-бабаларымыз сан мың жылдар бойы аңсап келді. Енді сол асыл арманға жету әрқайсымыздың өз қолымызда. Ендеше, бар күш-жігерімізді соған жұмылдырайық, дегім келеді. Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор.
Соңғы жаңалықтар