04 Ақпан, 2014

Жанкүйерлердің алғашқы тобы 6 ақпанда жолға шығады

300 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан жанкүйерлерінің алғашқы тобы Сочиде өтетін XXII Қысқы Олимпиадаға 6 қаңтарда аттанады, деп хабарлады Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің туризм индустриясы комитеті. Басқарма дерегі бойынша, Сочидегі Қысқы Олимпия ойындары кезінде қауіпсіздік сақтау мақсатында тұңғыш рет жанкүйерлерге паспорт беріледі. Онсыз жанкүйерлер қалаға кіре алмайтын көрінеді. «Қазақстан делегациясының бірінші тобы 6 ақпан күні Алматыдан ұшатын болады. Ал екінші топ 15 ақпанда аттанады, – делінген хабарламада. – Жалпы, Қазақстанның ресми делегациясы мен жанкүйерлері қатарына 400-ге жуық адам кіреді. Олардың ішінде спорт ардагерлері, еңбек сіңірген жаттықтырушылар, жас спортшылар мен журналистер, сондай-ақ жанкүйерлер мен саяхатшылар бар». Сочиде Алматы қаласын ЭКСПО-2017 мен XXIV Қысқы Олимпия ойындарын өткізуге үміткер ретінде ұсыну жөнінде бірқатар шара ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында ондағы саяхатшылар мен жанкүйерлерге арнайы материалдар таратылады. Сочидегі Қысқы Олимпия ойындары 2014 жылғы 7-23 ақпан аралығында өтеді. Онда Қазақстанның мүддесін 10 спорт түрінен бақ сынайтын 50 спортшы қорғамақ. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан». 
Соңғы жаңалықтар

Атырауда үшем дүниеге келді

Аймақтар • Бүгін, 16:42